Ислам руға қалай қарайды?
Үйленбекші болып ем. Бірақ мен сүйген қыз өз руласым болып шықты. Ата-анамыз қарсы. Ал намаз оқитын кей бауырлар «исламда бір анадан тумаған болсаңдар, сүт бауыр болмасаңдар үйлене беруге болады» дегенді айтады. Не істеген жөн? Ислам руға қалай қарайды?
Мұсылман құқығында мына адамдардың бір-бірімен үйленуіне тыйым салынады: «Әйелдерден әкелерің үйленгендерге үйленбеңдер. Бірақ өткен өтті. Бұл бір арсыздық және жиренішті жаман жол. Сендерге аналарың (әке-шешелеріңнің аналары), қыздарың, (ұл-қыздарыңның қыздары), қыз туыстарың (әке-шешесі бір немесе бөлек), әкелеріңмен туысқан әйелдер, шешелеріңмен туысқан әйелдер, еркек немесе қыз туыстарыңның қыздары (олардың қыздары), сүт емізген аналарың, жақындасқан әйелдеріңнің (бұрынғы ерінен болған) қолдарындағы өгей қыздарың, егер жақындаспаған болсаңдар, сендерге бір оқасы жоқ. Бел балаларыңның әйелдері және екі қыз туысқа бірге үйленулерің арам қылынды... («Ниса» сүресі, 22-23 аяттар).
Жаббар Хақтың бұл үкімдері сөз жоқ адамзат баласы үшін үлкен жаңалық болатын. Өйткені, исламға дейін арабтар және өзге де кейбір халықтар өгей шешемен және кейбір туыстарымен үйлене беретін. Ал қазақтың экзогамиялық сипаттағы «жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүріне келетін болсақ, бұл салттың дінге қайшылығы жоқ. Рас, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) өзінің қызы Фатима анамызды немере інісі Әлиге (р.а) үйлендірген. Осыған қарап, «жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүрін шариғатқа қайшы дейтіндер бар. Діни үкім мен дәстүрді бұлай бір-біріне қарсы қою әсте дұрыс емес. Себебі, жоғарыдағы «Ниса» сүресінде некелесуге тиымның ең төменгі шегі белгіленген. Ал бұл шектің тысындағы дәстүрге негізделген тиымдарды дінге қарсы деп айта алмаймыз.
Ханафи мәзһабындағы үкім берудің жеті қайнар көзінің бірі «урф» бойынша, әдет-ғұрып қағидалары дін негіздеріне қайшы келмесе, онда қоғамдық қатынасты ғұрып бекіткен құндылықтармен де реттеуге болады. Жалпы, «жеті атаға дейін қыз алыспау» салтын шариғаттағы жақын туыстар арасындағы тиым салынған некелік қатынасты одан әрі бекемдей түсетін қағида деп қарастырғанымыз жөн.
М.Исахан