Иманды адам – ибалы адам

Бүгінгі күннің талабы – адамдық. Адамдықтан кетсең, адалдықтан тайсаң – құрдымға құлайсың. Адалдық, азаматтық – бұл да биікте тұруға тиіс. Азаматтықтан ауытқысаң сенімге селкеу түседі. Осындай ұлы қасиеттерден жаңылсаң оның түбі алжасуға апарады. Біз – тәуелсіз елдің азаматтарымыз. Осы елдің көк Туын биіктете беру – әрқайсымыздың парызымыз. Ол үшін алда айтқан адалдық пен адамдық биік тұруы тиіс. Оның негізі имандылықта жатыр. Жетпіс жыл бойы құдайсыз өмір сүрдік. Әйтсе де, халқымыздың көкейінде бір Алланың ізгілігі жатты. Оны халқымыз Абайдай данышпанның артында қалған өсиетінен ұғып та, танып та, біліп те жүрді. Сол дара данышпанымыз иман жайлы ой қозғағанда «…кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ, деген… Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білімді, ұят – өзі иманның бір мүшесі екен» дейді ол. Ал философ ақын Шәкәрім қажы: «Адам ақиқатты бас-көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді… Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім», – деп тұжырымдайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы «Шейх Құнта қажы» мешітінің бас имамы Яхия қажы ИСМАЙЫЛОВ осы орайдағы ойын былай өрбітті:
– Имандылық, ибалылық қайдан шығады? Бұл алдымен әке-шешенің ақыл парасатынан, кісілігінен көрінеді. Яғни, өмір есігін шыр етіп ашқаннан кейін балаға жақсы ат қою, жақсы білім беру, жақсы тәрбие үйрету – бұл ұрпақтың келешегіне кемел жол болып есептеледі. Осыны бұлжытпай орындау әке-шешеге міндет, – деген қажы. – Менің арқамды аяздай қарыған нәрсе Ақтөбедегі қасіретті оқиға еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы «Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстаушылар тобының террористік шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз. Республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, біз діннің атын жамылып елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатал тойтарыс береміз», деген болатын. Бүкіл әлем мұсылмандары үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталар сәттегі қанды қылмыс бәрімізге оңай соққан жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ер­жан қажы Малғажыұлы ғұламалар кеңе­сін өткізіп, елдің береке-бірлігіне сына қаққысы келгендерді қатаң айыптады.
Жалпы, тәуелсіздік алған жылдан бері Президентіміз киелі дінімізге барлық қамқорлықты жасап келеді. Мәселен, «Сындарлы он жыл» кітабында «Дінде экстремизм жоқ», деген қағиданы тұтас бір бөлімге арқау етіп алған. «Ислам – ең алдымен, бір кездері мүлде ұмыт болуға айналған, біздің бабаларымыздың рухы мен аса бай мұсылман мәдениетіне лайықты бағасын беруге мүмкіндік тудыратын, біздің діни танымымызды анықтап беруші биік идеал мен фактор, былайша айтқанда, символ» дегені де есте. Сонымен қатар, Елбасы ислам адам құқығын мойындау мен оны қорғауды, адам құқын зерттеп білген әрбір мұсылман шариғаттың басты мүддесі – адам өмірін, оның діні, ақыл, мал-мүлкін және отбасын қорғау болып табылатынын да атап айтқан болатын. Шынында, мұсылман халқы басқа діндердегі адамдарға құрметпен қарайды және діни экстремизмге жол беру былай тұрсын, ол туралы сөз етудің өзі мұсылманға жат пиғыл. Ислам діні ізгілік пен жақсылыққа, Алланың ақжолына бастайды. Мұны біздің бас кітабымыз – қасиетті Құранды оқып, хазіреті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сүннетін мүлтіксіз орындап жүрген азаматтар, зиялы жандар біледі.
– Яхия қажы Абдоллаұлы, сіз жоғарыда Елбасының салафизм туралы айтқанын мысалға келтірдіңіз…
– Салафизм – ол не демексіз ғой. Алдымен ислам деген сөзден бастайын. Ол нені білдіреді дегенге тоқталайын. Ислам сөзі – «амандық, есендік, мойынсыну, бағыну, берілу» ұғымын білдіреді. Яғни, ислам – амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан ұлы Жаратушының соңғы пайғамбарын жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберген екен. Құранда бұл турасында: «Біз сені әлемге тек рақым етіп қана жібердік» деуі соған дәлел. Құранда бейбітшілік деген мағына беретін «сәлем» сөзі қандай әдемі естіледі. Исламның қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау жолындағы негізгі қағидаттары қандай? Осыған жауап берейінші. Бірінші, ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, басқаға зия­нын тигізбей адал жүруі керек. Бұл жайында пайғамбарымыз былай дейді: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді». Екінші, әділ болу, адамға жақсылық жасау, ағайынға қарайласу, арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан аулақ жүру; үшінші, жақсы мінезді болу; төртінші, дінде зорлық жоқ, оны танып-білу кезінде ешкімге қысым көрсетпеу керектігі айтылып, бұл жөнінде Пайғамбарымыздың: «Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар», деп бір хадисте қадап айтқаны; бесінші, мейірімді және кешірімді болу керектігін: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол», деп бір аятта да бұйыратыны – осының бәрі ислам дінінің адам үшін ғана қызмет ететінін көрсетеді. Бұл дін осысымен құнды. Тіпті, «Сауданың да сауабы бар» дейді. Бір хадисте: «Шыншыл, сенімді саудагерлер Алла пайғамбарының досы», деп түйіндейді. Осыларға қарап отырып, түйер ойымыз, ислам діні ақиқатты бүкпесіз алға тартады. Оған да мысал келтірейін: «Дін үшін үш қасірет бар. Олар: «Күнәһар – діндар. Әділетсіз – басшы. Надан – діндар», дейді өз хадисінде Пайғамбарымыз. Міне, осыдан-ақ дініміздің әділ екенін, таза екенін, кеудесінде иманы бар адамға бар жақсылықты жасайтынын көру қиын болмаса керек деп ойлаймын.
Енді сұрағыңызға жауап берейін. Салафи деген не мағына береді, қашан пайда болды? Салафи сөзі қасиетті «Құ­ранда алдыңғы өткендер», «бұрын­ғылар» деген мағынада кездеседі. Ислам ғұламаларының алдыңғы үш толқы­ны «салафилер» деп аталған. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары, табиғандар (сахабаларды көргендер) мен табаға табиғандар (табиғиндарды көргендер). Сонда өздерін салафи санаушылар ислам тарихының әуелгі үш ғасырында өмір сүргендер. Демек, жоғарыда айтқан үш әулет салафтар. Яғни, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уақытында оған жақын болғандар. Сонымен қатар, олар исламның дамуына үлес қосушы ретінде де жоғары құрметке ие. Ал қазіргі салафилер бұрынғылардың жолындамыз дегенді айтады. Шындығына келгенде, олай емес. Бұл күнгі салафилер алда айтқан үш толқыннан аулақ жүргендер. Бұлардың ұстанатын жолдарын Араб, Үндістан, Пәкістан ғалымдары «ломазхабия» (қазақша айтқанда мазһабсыз), ал Үнді мен Пәкістан мұжтахидтері «Ғайри Мұқаллид» (төрт мазһабтың біреуіне де келмейтіндер) деп атайды. Иә, бұлар да Құран мен сүннетті айтады. Екі сөз де жақсы естіледі. Бірақ істері оған сай келмейді. Осы күнгі салафилер тобы қайталап айтайын, бұрынғы жақсылардың, нақтылай түссем мазһаб жолын ұстамайды, олар «Ғайри Мұқаллид» деген атпен танылып отыр. Діннің жолы оңай емес. Оны терең білмесең адасасың. Адамға жақсылық жасаймын деп, қасіретке ұрындырасың. Оған әлемдегі түрлі сұмдық оқиғалар дәлел бола алады. Егер Алла жолынан адаспаймын десең, Құранды жетік оқу керек. Ілімдарлар тайға таңба басқандай етіп түсіндірген хадис пен аятты естен шығармауға тиіссің. Егер осы қалай екен деген мәселе көкейіңде туындаса, оны оқымыстылардан, сауаттылардан сұрау керек. Тұспалмен айта салу қате. Өзіңді қойып, кеңес сұрай келгенді адастырасың. Несін жасырамыз, ондай шала сауаттылар жоқ емес, бар. Бұл туралы да Алла тағала құранда айтқан: «Егер білмесеңдер ілім иелерінен сұраңдар… Ғалымдар халықтың ішінде көп емес, олар санаулы, сондықтан білмейтін шариғат үкімдерін ғалымдардан, білімі бар адамдардан сұраңдар. Бұл – Алла тағаланың әмірі, бұйрығы» дейді. Біз осыны әрқашан есте ұстауымыз керек. Есте ұстасақ шатыспаймыз, адаспаймыз. Қазір өздерін салафи санайтын топтар түрлі жат амалдарға барады. Білімді дін иелерінің, ғұлама ғалымдардың шешімдерін, айтқандарын қабыл көрмейді. Құран мен сүннетке тікелей өздері шешім шығаруға ұмтылады. Ең өкініштісі, дін ғұламасы Әбу Ханафи мәзһабқа шек келтіріп, тіл тигізетіні, ата салтымызды, әдет-ғұрпымызды, ұлттық менталитетімізді мойындамай, өздерінше жорамал айтатындары жанға батады. Бұл ислам дініне қайшы қылық.
– Төрт мазһаб туралы ойыңызды ортаға салсаңыз.
– Алдымен мазһаб деген сөз қандай ұғым білдіреді дегенге келсек, ол – жол, мектеп, бағыт, тағы басқа адамды абзалдыққа жетелейтін игі істер. Төрт мазһабтың біріншісі, Ағзам Әбу Ханафи мәзһабы. Бұл біздің жанымызға жақын. Содан болар бабаларымыз осы мазһабты жақын тұтқан. Бар мақсаты – бірлік пен ынтымақты қалаған соның жолымен жүріпті. Бұл біздің дүние танымымызға орайлас. Біз ғана емес, бұл бағытты Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Ресейдегі бауырлар, Кавказ, Орталық Азия жұрты өзіне сүйеніш еткен. Себебі, мұнда жеңілдік бар. Құқығың қорғалады. Өзіміз көп айтатын демократиялығымен де ерекше. Керек десеңіз, осы демократия біздің Әбу Ханафи ұстаздан басталады. Бір мысал келтірсем, ер мен әйелге Ислам діні мүлік иесі болуды осыдан 1300 жыл бұрын беріп қойған. Өркениет үлгісі саналатын Еуропада ондай жеңілдікке ХІХ ғасырда ғана қол жеткізген. Ал енді өзге мазһабтар туралы қысқа ғана айтар болсам, Малики мазһабы Мәдина қаласында негізі қаланған. Бұл мазһаб Араб елдерін, Мысырды, Солтүстік Африкаға дейін қамтиды. Шафиғи мазһабы Мысыр, Малайзия, Индонезия және Кавказдың кейбір аймақтарына тараған. Бұл мазһаб құқық негіздерін алғаш жүйелеуімен ерекшеленеді. Сол секілді, Ханбали мазһабы Бағдад, Мысыр, Сирия және Хижаза өңірлерін қамтиды. Қазір Сауд Арабиясының ресми мазһабы болып есептеледі. Бұл мазһабтардың бір-бірінен айырмашылығы қандай, деген сұраққа берер жауабым «абзал» және «дұрыс» деген сөздерден тұратынында жатыр. Біз өз мазһабымызды абзал санаймыз. Өзге мазһабты дұрыс деп ұғамыз. Қашанда мына бір жайды естен шығармауға тиістіміз. Өз мазһабымыз дұрыс, қалғандары бұрыс демеуіміз керек. Бәрі де сөз басында айтқан адамдық пен адалдықты уағыздайды.
– Шариғатта білім-ғылым үйрену парыз демейтін бе еді?
– Ислам ең әуелі ғылым мен білімді қолдайды. Шариғатта білім-ғылым үйрен, ол әр адамға парыз демейтін бе еді? Сөзім жалаң шықпасын, дәйектер келтірейін. Қасиетті Құранның алғашқы аяты: «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!», дейді. Одан кейін «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп, алады да: «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз… Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары… Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеңдер… Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз», деген ақыл-парасатты алға тартады. Құранның қай аятына, не хадистің тармағына көз жіберсең – бәрінде білімнің нәрі, ғылымның үлгісі менмұндалап тұрады. Тіпті ғылымның көп жетістігі Құранда бар екені дәлелденіп те жатыр. Бұл күмәнсіз ақиқат. Оны ақылмен шешсең, көп жақсылыққа қол жеткізесің. Тек әрбір нәрсенің шегі барын білуге тиістісің. Біз кейде адам құқығы дейміз, оны кім жоққа шығарады. Бірақ одан Алла құқығы жоғары тұр емес пе? Демократия дейміз. Ол да қажет. Дегенмен, әр елдің өз өнегесі бар. Оны ысырып қойып, өзгенің тұтынушысы болу ұлтқа опа бермейді. Осыны естен шығармайық, жамағат. Ұлттық үлгіні бұзсаң – ұрпағың бұзылады. Ұрпағың бұзылса – еліңе қауіп төнеді. Мәселен, Орталық Азияның, Қазақ жұртының өз ғұламалары бұрын да болған, қазір де бар. Исламның дамуына олар аз үлес қоспаған. Діни қайшылыққа ондай абзалдарымыз жол бермеген. Ислам ілімін зерттеудегі ғұламаларымыздың еңбегін әлем, араб жұрты да мойындаған. Имам Бұхари, имам Тирмизи, имам Мусилим, өзіміздің әл-Фараби, Абай, Шәкәрім тағы басқа – жалғасып кете береді. Осылардың көбі хадисті түзіп, жұртқа түсіндіруде білімдарлығымен танылғаны көпшілікке аян. Ал біздің жастар неге екенін қайдам, өзгеге көп еліктейді. Дінге бет бұрғандары арабқа ұқсағысы келеді. Киген киімдері де көңілге қонбайды. Дін жолына түстік дегенмен, сол дінді терең білмегендіктен, әркімнің жетегінде кететіні өкінішті-ақ. Білім-ғылым үйрену үшін мектепке, не жоғары оқу орнына келдік дейік, онда сен Құран хадистерінің, аяттың, бүгінгі заңның талаптарын бұлжытпай орындауың керек. Азан айтылды екен деп, оқып жатқан сабақты, үйреніп жатқан ғылымды тастап, мешітке намаз оқимын деп кетуге тиісті емессің. Намазды бос уақытыңда үйіңде, не мешітте оқуыңа болады. Бұған Ислам діні рұқсат етеді. Ол күнә болып есептелмейді.
Күнәні көбейтесіңдер деп жүргендер – шала сауаттылар. Алда да айттым, Ислам діні қатып қалған догма емес. Жағдаймен есептеседі. Тек соны жүрегіңмен түсініп, адамдықтан, ардан аттамауың керек. Тағы да дәлел келтірейін. Араб елдерінде де мектеп, жоғары оқу орындары бар. Онда білімге талпынып, ғылымға құлаш ұрғандар бұл менің негізгі міндетім деп біледі. Намаз оқуды, мешітке баруды сабақтан соң атқарады. Егер бұлай етпесе, Араб әлемінде ғұламалар болар ма еді? Бәрі де әсте-әсте емес пе? Кейде біздің жастар сабақты тастап, мешітке кетіп қалады дегенді құлағым шалады. Олардың бірінші міндеті – оқу. Әрине, дінді білме демейміз. Әйтсе де, білім-біліктің жөні бөлек. Ғылымның орны ерен. Бүгінгідей жаһандану заманында білім білмей, ғылымды танымай өркениет жолына түсе алмайсың. Елбасының жас­тарды білімді болуға шақыруы содан.
– Араб әлемі діннің шыққан жері екені рас. Бірақ Ислам діні ақ ниетті адамзатқа ортақ емес пе?
– О… не дегеніңіз? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады, ол Құранда да, хадисте де бар. Ислам діні – бүкіл адам баласына тең жіберілген дін. Жоғарыда да мұны ес­ке салдым. Дін – араб, басқа ұлт деп бөлін­бейді. Алла жолын қалай отырып – дамыт, ойың мен бойыңды таза ұста дейді.
– Кейбір киім үлгілері көңілге кірбің ұялатады. Әйелдерге қара киім кию міндетті ме? Ол аз десеңіз, кей жерлерде бастауыш сынып оқушыларына ата-аналары ұзын көйлек кигізіп, басын тұмшалап қояды. Қазақ қалпында қыз бала құтты қонысына барып қонып, беті ашылғанға дейін басына орамал салмаған еді. Ата-бабаларымыз қыз қонақ деп, ұлынан жоғары отырғызып, үкілі бөрік, үкілі тақия кигізген еді…
– Сұрақтың астары тереңде жатыр. Біздің дініміз қайталап айтамын, ұлттық үлгіңді ысырып таста демейді. Қайта өсір, өркендет дейді. Міндетті қара киім кию деген ұғым жоқ. Пайғамбарымызға ақ та, қара да сүннет. Киім үлгісінде қатып қалған қағида болған емес, болмайды да. Біреудің үлгісін өзіміз телімейік. Ата-баба жолынан ауытқып, ұлттық дүние-танымыңнан, бітім мен болмысыңнан ажыра, өзгенің қызылына жығыл демейді. Біздің халқымыз баяғыдан мұсылман дінінде болған. Аталарымыз бен әжелеріміздің, қыз-жігіттердің, келін мен күйеу балалардың өзіндік киім киісі қандай әдемі, қандай жарасымды еді. Оның көбін қазір суреттерден көретін болдық. Шіркін, қайта қалпына келтірсек, қазақ деген халық тағы бір қырынан танылар еді-ау! Әжелерге жарасқан шеттікті кимешек, келіншектердің күміс сәукелесі, келіндердің бүрмелі көйлегі, қайсысы арабтың киімінен кем. Кейде мен ойға қаламын, сол қара киімді сәнге (модаға) айналдырып бара жатқан жоқпыз ба? Бір жағымыз араб жұртына еліктеп, қара жамылып шықсақ, екінші жағымыз Еуропаға бой ұрып кетсек, сонда ұлттық салтымыз, әдет-ғұрпымыз қайда қалады? Шариғатта ұлттық қалыбыңда жүруге рұқсат етілген. Осыны түсінуіміз керек. Жөнсіз еліктеу, арғы жағын ұғынбай, терең бойламай, шала сауаттылықпен өзгенің иіріміне ұмтылу опа бермейді. Қара жамылу арабтың салт-дәстүрі болса, ол бізге келмейді. Қара жамылуды қазақ жақсылыққа санамайды. Өзімізге жарасатын ұлттық менталитетімізді көрсететін киім үлгісін киіп, салт-санамызды кейінгі ұрпақтың қолына саф алтындай таза күйінде тапсыруымыз керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан, киімдеріңді дұрыстап киіңдер, жарасымды, таза болсын деген, салтыңнан без демеген. Айналаңа менің шапаным бар, сәлдем бар – мен мұсылманмын деме, адамдар сенің сәлдеңе, шапаныңа қарап емес, жүріс-тұрысыңа, сөзіңе, іс-әрекетіңе қарап, қандай мұсылман екеніңді білсін деген. Қазір кейбіреулердің киіміне қарап, қай бағытта, қай ағымда жүргенін аңғару қиын болмаса керек. Қайталап айтамын, Пайғамбарымыз киімді дұрыстап киюді әмір еткен. Киімнің келіссіздігін қаламаған. Шаш пен сақалдың жалбырағанын ұнатпаған. Бір жолы сақалы мен шашы өсіп кеткен біреу алдына келгенде, ол мына келіссіз келбетің не дегенді ыммен ұқтырыпты. Әлгі адамның шашы мен сақалы жалбырап тұрғанымен, ой-санасы өрелі көрінеді, Пайғамбарымыздың ымын ұғып, әмірін бұлжытпай орындапты. Сонда оған риза болып: «Осы хал қайсыбірің болсын шашы-басың жалбырап жүргеннен гөрі абзал емес пе?» депті. Бүгін де осы сөзді орындасақ, ұтылмас едік.
– Дін де өркениетке бастайды емес пе?
– Әрине, Ислам – адамды өрке­ниетке бастайтын жалғыз дін десем, қате­леспеймін. Бұл жай сөз емес, ғылымда дәлелденген, білімде орныққан. Ғылым үйрен, білім ал деуі сол өркениетке бас­тау болып есептеледі. Қазір Құран құпиясының 10 пайызы ғана ашылған көрінеді. Бәрі ашылса, өркениеттің көкесі сонда болады. Исламды толық білмегендер ізет, инабаттан алыстап, кейде жат қылық, жабайы тірлікке баруда. Ер мен ер, әйел мен әйел отбасы құрды деген не сұмдық? Жаман әдет жұққыш келеді. Біздің елде де соның белгілері байқалып қалып жүр. Оған қатаң тыйым салу керек. Оны қолдайтындарды жабайылық жолына шыққысы келгендер деп білемін. Бала тәрбиесі дінімізде анық айтылған. Біздің дін қара киім киіп алып, намаз оқып отыра бер демейді. Балаңды оқыт, мектепке апар, жоғары білім бер, сауатты жаса дейді. Исламның ағартушылық бағытына Орталық Азия мен Қазақ елінің ілімдарлары көп үлес қосқанын еске салдым. Абай мен Шәкәрімнің дін туралы ілімі біз үшін ақ айдын емес пе? Бізге бүгін қай жағынан да, әсіресе, дін бойынша бөліну қатер әкеледі. Жұдырықтай жұмылып, ұлылар жолын әлемнің озық жетістігімен ұштастырып, ширек ғасырға таяп отырған тәуелсіздігімізді баянды ету үлкен-кішімізге – бәрімізге парыз. Парыз ғана емес-ау, қарыз да.
– Мешіттердегі, әсіресе, ауылды жер­лердегі имамдардың сауаты әр қи­лы көрінеді. Бұған сіз келісесіз бе?
– Біз иман жолына түскелі де көп болған жоқ. Әрине, имансыздықпен өмір сүрдік дей алмаймын. Қызыл импе­рия қанша жерден қысса да, жүрегі­мізбен бір Алланың бар екенін түйсініп жүрдік. Сауаттылық жайына келсек, ала-құлалық жоқ дей алмаймын. Жат ағымдардың ішімізге кіріп кетуіне шала сауаттылықтың да әсері болмай қалмады. Елдігіміздің алғашқы аласапыранында біраз нәрсені жіберіп алдық. Қазір сауатты имамдар көбейіп келеді. КСРО заманында Бұхара мен Ташкентте ғана діни медресе болған. Оған әр жылы бір республикадан бір адам ғана баратын. Иә, сөзі мен ісі үйлеспейтін ауылдық жерлерде сауаты төмен имамдар бар. Оларды азайту жолында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Арнайы бағдарлама да түзді. Соның ішінде қойған сұрағыңыз жан-жақты қамтылған. Осы арада Абай дананың бір байламы ойыма оралып отыр. Оқып көрелік: «Бұл заманның моллалары хаким атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки бұзық фигыл, әлинсан гәддү ләмә жәһилгә (адамның көңілі жамандыққа ауып тұрады) хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғараб-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарымы болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады. «Һай-һай!» менен, мақтанмен қауымды адастырып бітіреді», деп келеді. Осындайлар әлі де кездеседі. Ол Құранды толық оқымағандықтан, оқыса да түсінбегендіктен, сүрелерді жаттап алушылықтан, хадистер мен аяттардың тәпсіріне терең бойламағандықтан болады. Ондайлар шариғат жолы деп болсын, болмасын ұзақ сөйлеуге әуес келеді. Тіпті, өмірден озған адамның намазын шығаратын кезде мәйітті алдына қойып, ұзақ «түсіндірулерді» тізбектейтіндер де кездесіп қалады. Қадағалауды күшейтіп, мұндайларға жол бермеуге тиістіміз. Сонда ғана, кейінгі жас адаспайды, иманды да ибалы болады. Өзгенің жетегінде кетпейді. Діннің қасиетін барлық жамағат сауаттылардың аузынан түсініп, ұғады.
– Жастарға дін туралы мектепте мәлімет береміз. Оқулық та бар секілді. Таяуда бастауыш сыныптың екі ұл және үш қызы (бастарында орамал, үстерінде ұзын көйлек) мешітке барамыз, сабақ оқимыз дейді. Бұған не уәж айтасыз?
– Өте қиын сұрақ. Дін сабағына оқулық жазу оңай шаруа емес. Ол көркем құрал ғой. Мен кейінгі ұрпаққа басты кітап деп Абай мен Шәкәрім еңбектерін айтар едім. Оқу жүйесін содан туындатсақ ұтылмаймыз. Ал тұспалмен жазылған оқулықтың пайдасынан, зияны көп. Авторы кім, дінге жетік адам ба, әлде кейін шыққан дінді мен де білемін, өзгеден нем кем деп жүргендер ме? Ендеше, оқулық мәселесін ғылымды жетік білетін ғалым, дін иесі, сабақ беретін мұғалім келісе отырып жазып шықса, олқылық кетпес еді. Бесіктен белі толық шыға қоймағандарды мешіттегі медресеге сүйреу артық секілді. Білімді адам бәріне жүйрік келеді. Қарғадай балаларды алдымен білім алуға ұмтылдырсақ, қане. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алдымен білім ал, ғылым үйрен демеді ме? Білім мен ғылымды тең білген адам діннің де қадір-қасиетін, Құранның киесін бір кісідей ойлайды деп ұғамын. Одан олқы қалғандар аз ғұмырда тура жолдан адаса береді. «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім», деп Абай бекер айтқан ба? Меңзеп отырған екі жағы – білім мен ғылым емес пе? Осыған қарап мен бізді қай тығырықтан да Абай үлгісі алып шығады деп нық айта аламын.
– Зекет, пітір, садақа туралы да әр алуан пікірлер бар. Сіздің тұжы­ры­мыңыз қандай?
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: Зекет, пітір, садақаларыңды беріңдер. К­едей мен кем-кетіктер көтеріңкі көңіл­мен айт намазына барсын депті. Тағы бірде: кедейді көрсең бай оның ақысын жеді деп біл, дейді. Бай дегеннен шығады, КСРО тұсында, бай – тонаушы деп түсін­дірілді. Шындығына келгенде бай – жұрт­тың иесі еді. Баяғы бір замандары зекет, садақа беретін адам таппапты. Өйт­кені, адамдар бір-біріне қарайласқан, кө­мек­тескен. Бұл аңыз емес, ақиқат іс, тарих­та бар. Осының өзі сол тұста елдің жағ­дайы біркелкі түзу болғанын көрсет­пей ме?
– Барлық адам бірдей емес, дей­тін­дерді қайда қоямыз?
– Айтатындар табылады. Алланың құдіретімен, не ата-анасының кемші­лі­гінен кем болып туғандар болмаса, адам­дардың бәрі дүние есігін бірдей болып ашады. Ниетің түзу болсын дейік. Ниет түзелсе, бәрі де оңға басады. Алла бұйырғанды, парыз еткенді адам орын­даса, жақсылық салтанат құрмай қой­майды. Анау жылдары жар салып айтқан коммунизміңіз көктен алған идея емес, осы Алла жолының көшірмесі болатын. Біз көбіне-көп қайырымдылық, қамқорлықты атаулы күндері ғана жасаймыз. Ауқаттылар айналасындағыларға әр күні қамқорлық жасаса, қасы емес, досы көбейеді. Бай мен кедей арасын зекет, пітір жақындастырады. Бүгінгі жастар қылмысқа неге барып жатыр? Себебі, жұмыс жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен. Байдың шарапаты шамалы, не жоққа тән. Алла байдың кедейге қарайласуын міндеттеген. Кедейдің ақысын жеме, ақысы болса бер, жұмысқа тарт деген. Осы күні де бай десе, жиіркенетіндер бар. Осыдан құтылудың жолы қайсы, ол екі жағының қауымдасып, күн кешуі. Кедей де адам баласы, оның ұрпағының алдына кім шығып келді деген адал пиғыл, елдік мүдде, ұлттың мәңгілігінің кепілі. Кешегі бабалар өнегесіндегі алтын арқауды үзбей «Сендер бөлінбеңдер», деген Пайғамбар сөзін әр күні еске алып, жарлы мен бай жақын жүрсе, әлемге таныла береді Қазақтың кемел елі.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста