Иіс шығару исламға жат па?
Иіс шығару исламға жат па? Жаман түс көріп, қорқып немесе әлденені сүйіншілеп жеті нан тарату, ол дәмнің сауабын өлгендерге бағыштау дәстүрі қаншалықты дұрыс?
Бүгінде әлем мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын, Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мазхабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Құран үкімдерінде, хадистерде, ислам ғұламаларының пәтуасында қарастырылмаған қандай да бір жағдайға қатысты жергілікті халықтың әдет-ғұрпы арқылы шешім берілген болса, сол әдет пәтуа ретінде қабылданған. Сондай-ақ жергілікті халықтың дәстүріне тән қандай да бір әдет-ғұрып ислам шариғатына қайшы келмесе, ел арасында кең таралған болса, оны қолдануға, сол бойынша іс-әрекет етуге ешбір шектеу қойылмайды.
Иіс шығару – түркі халықтарының біразына тән дәстүр. Атамыз қазақта өлілерге арнап ас беру, жиын-той жасап, көпшіліктің басын қосып отыру – сонау сақ-ғұн кезеңінен келе жатқан дәстүр. Исламды қабылдағаннан кейін бейсенбі, жұма күндерін ұлықтап әрі ата дәстүрін исламмен астастыра отырып, иіс шығарып, жеті нан тарату немесе молда шақырып, пісірген нанға Құран оқыту дәстүрге айналды. Ал көршілес өзбек халқында ас (палау) пісіріп, өз отбасында ішіп-жеп, Құран оқуды «иіс шығару» деп атайды, олар да бұл дәстүрді исламмен берік байланыстырған. Әрбір амал ниетіне қарай бағаланады, бұл дәстүрдің негізгі мақсаты – Құран оқытып, сауабын өлілерге бағыштау екені анық.
Ислам шариғатында садақаға баса мән берілетіні белгілі. Садақа тек кембағалға берілетін көмек қана емес. Исі мұсылман баласына, қала берді барша жаратылысқа қатысты әрбір ізгі іс, жақсы сөз, тіпті біреуді жамандықтан қайтарып, жақсылыққа үндеу де садақаға жатады. Ал қазақта садақаның ең көп таралған түрі – дастархан жайып, ас беру немесе жеті нан тарату. Астың алдында да, соңында да Құран оқылады, сол секілді жеті нанды берген адам да, алған адам да марқұмдарға бағыштап, Құран оқитыны белгілі. Сондықтан бұл дәстүр – исламмен біте қайнасып кеткен дәстүр.
Сонымен қатар қазақ үшін дастархан мен ас – қастерлі ұғымдар. Ол бас қосуға, араласуға, бірлік пен берекеге себеп болады. Бұл тұрғыдан да шариғаттан шалыс кетпейтін мұндай ізгі дәстүрді мұсылман баласын бірлік пен сауапты істерге шақыратын ислам дінінің тек қана құптайтыны айқын. «Мұсылмандардың жақсы деп тапқан нәрсесі Алла құзырында да жақсы» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар. Ал ислам ғұламалары ұлттық дәстүрлер жайында: «Әдет-ғұрыптың шариғатта өз орны бар», «әдет-ғұрыппен белгілі болған нәрсе шарт сияқты (міндетті) болады», «әдет-ғұрыппен бекітілген нәрсе насспен (аят-хадиспен) бекітілген нәрсе сияқты» деген тұжырымдар жасаған.
Ал түс көру жайына келсек, Пайғамбарымыздың: «Түс үшке бөлінеді. Бірі – шынайы түс. Ол – Алланың сүйіншісі. Екіншісі – шайтанның салған уайымы. Үшіншісі – пенденің ойына алған нәрселерінен туындаған түс. Кімде-кім жайсыз түс көрсе, дереу тұрып намаз оқысын. Және ондай түсті ешкімге айтпасын» деген хадисі бар. Сонымен қатар Пайғамбарымыз сахабаларына: «Кімде-кім түс көрген болса, маған айтсын. Мен оны жорып берейін» деген. Таң намазынан кейін Пайғамбарымыз жамағаттан: «Араларыңда бүгін түс көргендер бар ма?» деп сұрап отырған. Осының барлығы түстің белгілі бір мағынасының барлығына дәлел. Түс – Алланың бір хикметі. Құрандағы Жүсіп пайғамбардың түс көруі, оның Мысыр патшасының түсін жоруы және жоруының дәл келуі жөніндегі хикаялар кездейсоқ келтірілмеген.
Қазақы ұстанымға келсек, халқымыз: «Түс – балқыған қорғасын, қалай жорыса солай ауады» деп санайды. Көрген түсті іштей жақсылыққа жориды немесе мәнісіне жетпесе, білікті, ниеті түзу адамға арнайы жорытады. Қазақ дүниетанымында түс көрудің орны ерекше маңызды. Халқымыздың көптеген аңыз-әңгімелері мен ертегілерінде, жыр-дастандарында түс көру мотиві негізгі сарындардың бірінен саналады. Ол сол туындының бүкіл мазмұнына, бас кейіпкердің тағдырына арқау болып жатады. Кешегі ел бастаған хандар мен қол бастаған батырлардың, халқымыздың сөз ұстар даналарының көрген түстері мен оның жоруы жөнінде талай аңыздар, шындыққа айналуы жөнінде көптеген ғибратты әңгімелер сақталған.
Әрине, Пайғамбарымыздың хадисінен ұғынылатындай, әрбір түс мағыналы бола бермейді. Қазіргі ғалымдардың түсті «күндізгі ойдың елесі» немесе «аяқталмаған ойдың жалғасы» деп санайтыны да негізсіз емес. Дегенмен жоғарыда айтылғандай, ұлттық дүниетанымымызға тән ерекшелікпен, Алланың әрбір ісінен хикмет іздеп тұратын халқымыз түске қашанда бей-жай қарамаған. Жақсы түс көрсе ырымдап, жаман түс көрсе, сақтанып, жеті нан пісіріп, садақа таратып, Құран оқып жататыны да сондықтан. Сонымен қатар мұндай әрекеттер Пайғамбарымыздың: «Садақамен қиыншылықтың алдын алыңдар», «Садақа жетпіс түрлі пәленің алдын алады», «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді», «Сауабын мұсылман әке-шешесіне бағыштап берілген садақаның сауабы оларға да барады, өз сауабынан да ешнәрсе азаймайды», «Садақа беріп ризықтарыңды көбейтіңдер» деген хадистерімен үндесіп жатқандығына күмән жоқ. Жеті нан пісіріп, садақа таратудың жаман ниетпен жасалмайтыны, шариғатқа қайшы еместігі және ешқандай жағымсыз салдар тудырмайтыны әмбеге аян. Сонымен қатар мұндай мәселелерге баға беруге келгенде исламда шариғатпен айқын тыйым салынбаған нәрселерге, соның ішінде әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге де шектеу қойылмайтынын назарда ұстаған жөн.
А.Әбдірәсілқызы