«ФАТИХА» МЕН «НАС» СҮРЕЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ҒАЖАП БАЙЛАНЫС
Құран Кәрім ғылым жағынан, моральдық, адамгершілік қасиеттер жағынан да қазынаға толы өзіндік бір ерекшелігі бар Ұлы кітап. Осыған байланысты Құранды арнайы зерттеп білу, Алла тарапынан берілген сүрелер мен аяттардың мағынасын ұғынып санаға құю үлкен ыждахаттылықты талап етеді.
 
Сондықтан, 14 ғасыр бойы Құран Кәрімді қай жағынан қарап зерттесе де өзектілігін жоғалтқан емес. Құранның негізгі мағынасын түсіну үшін ондағы әрбір сүренің, аяттың бір-бірімен байланысын анықтауды басты назарға алған жөн. Себебі, бір сүре екінші сүремен немесе бір аят екінші аятпен байланысын анықтау арқылы олардың арасындағы негізгі мағына айқындала түседі.
 
Осы тұрғыда Құранда ең алғашқы болып саналатын «Фатиха» мен ең соңғы «Нас» сүрелерінің арасындағы тығыз байланысты ашып, Алланың тілдік кереметтілігіне тағы бір куә болсақ дейміз. Ендеше, аталған сүрелердің байланысына тоқталайық.
 
  «Нас» сүресінің алғашқы үш аятында Алланың үш есімі айтылған. Мысалы:
 
«قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ النَّاسِ (1) مَلِكِ النَّاسِ (2) إِلَهِ النَّاسِ» - «Адамдардың Раббысына (1).
 
Адамдардың Иесіне (2) «Адамдардың Тәңіріне».
 
 Бұл есімдер «Фатиха» сүресінде де айтылған бірақ, онда
 
 «الْحَمْدُ لِلَّهِ» - «Барлық мақтау Аллаға тән»,
 
«رَبِّ الْعَالَمِينَ» - «әлемнің Раббысы» және
 
«مَالِكِ يَوْمِ الدِّينِ» - «Қиямет күнінің Иесі» делінген.
 
 Сонымен қатар, «Фатиха» сүресінің соңғы аятында Алла Тағала біздерге екі топтан болған:
 
«غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ» - «Ашуға ұшырағандар» мен «адасқандардың» жолынан сақтану керектігін ескерткен. Осыған байланысты «Нас» сүресінің соңғы аятында да Алла Тағала біздерге екі топтан болған:
 
 «مِنَ الْجِنَّةِ وَالنَّاسِ» - «Жындардан және адамдардан болсын (бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға) сиынамын» жамандықтан сақтану керектігін ескертіп жатыр.
 
 Сондай-ақ, «Фатиха»-дағы «Ашуға ұшырағандар» мен «адасқандар», деген сипат сыртқы көріністен болса,
 
 «مِنَ الْجِنَّةِ وَالنَّاسِ» - «Жындардан және адамдардан болсын (бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға) сиынамын» деген ішкі көріністен сақтану керектігі айтылған. Бұған дәлел алдыңғы аяттың:
 
«الَّذِي يُوَسْوِسُ فِي صُدُورِ النَّاسِ» - «Сондай адамдардың көкейлеріне (іштеріне) салатын азғырулардан» деген мазмұны дәлел бола алады.    Жалпы, әлем жаратылысында жақсылық пен жамандық қатар жаратылғандай кез-келген қоғамда позитив пен негатив көріністері қатар жүретіні заңдылық. Бұл заңдылық Алла Тағаланың Қасиетті Кітабында да тыс қалған емес.
 
 Мәселен, «Фатиха» сүресі «الْحَمْدُ لِلَّهِ» - «Барлық мақтау Аллаға тән», деп позитивті көріністен басталады.
 
 Ал, «Нас» сүресі керісінше «قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ النَّاسِ» - «Бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға сиынамын» деп негатифті көріністен басталған. Сонымен қатар, «Нас» сүресінде Алла біздерге Өзіне сыйынуға байланысты «قُلْ» - «айт» деп бұйырып тұр.
 
Ал, «Фатиха» сүресінде Алланың бұйрығынсыз «إِيَّاكَ نَعْبُدُ وَإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ» - «Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз!» деп біз өзіміз сыйынып жатырмыз. Демек, басымызға қандай да бір жамандық келген болса Алладан одан сыйынуымыз қажет болады.
 
 Ал, басымызға қандай да бір жақсылық келсе біз қашанда Аллаға «الْحَمْدُ لِلَّهِ» - «Барлық мақтау Аллаға тән» деп мадақ айтады екенбіз. Мұндай сүрелердің арасындағы теңдессіз байланыстар адамның күшінен тыс әрі бір Алланың теңдессіз құдіретіне ғана тән екендігін дәлелдейді.
 
Сондай-ақ, екі сүренің арасындағы бұл байланыс Құран Кәрімнің қайталанбас мұғжиза екені тағы бір айғақтайды. Себебі, 23 жыл бойы ауызша түскен Алланың Кітабы мейлі бірінші сүре болсын, мейлі соңғы сүре болсын олардың бүгінге дейін бір-бірімен өте тығыз байланыста болып келуі таң қалдырмай қоймайды. Сондықтан, Құранды неғұрлым зерттеп, оның бізге беймәлім сырларын ашқан сайын соғұрлым магнит тәрізді адамды өзіне баурап алары сөзсіз.
 
 
 
Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы
mazhab.kz