Ешкімді өзіңнен төмен санаушы болма.
Мәзһаб имамымыз Әбу Ханифа Йусуф ибн Халид ас-Самти деген шәкіртін Басраға аттандырып тұрғанда, былай деп өсиет айтты:
«Әй, Йусуф, Басраға барғанда көп халық сені күтіп алады. Жаңа қызметіңмен құттықтайды. Зиярат етіп үйіңе келеді. Сол кезде әркімнің қадір-қасиетін тануға тырыс, оларға қолыңнан келгенше жомарт бол. Үлкендерді сыйла. Кішілеріне ізет көрсет. Көпшілікке жақын болуға тырыс, бұзық іспен айналысатындарға жолама. Қашан да ізгі жандармен бірге жүріп тұруға тырыс. Патша жайлы жаман ойың болмасын. Ешкімді өзіңнен төмен санама. Адамшылықта кемшілігің болмасын. Ішкі сырыңды жұртқа жайма. Мінезі нашар, сараңдардан аулақ жүр. Қасыңа келгендерге бір ауыз болса да, біліміңнен үйретіп отыр. Өзгелерден кемшілік іздеме, қашан да жақсылықтарын көруге тырыс.»