Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: Мұсылмандық тілде емес, ділде болу керек
– Бүгінгі қоғамда діни ахуал төңірегіндегі шиеленістер Құдай жолы мен дін ісін ажырата алмай дағдарысқа түсудің көрінісі іспетті. Бұл Исламның рухани әлеміне «жүрек көзімен» қайта қарауға белгілі бір деңгейде кедергі келтіріп отырғанын аңғартып тұрған жоқ па?
– Өмірде әр нәрсенің өз иесі бар. Ал Исламды қорғап, оны ақыретке дейін сақтап тұратын Иесі, сөз жоқ, Алла тағала. Алла Исламды жоқтайтын жандарға немесе оны насихаттайтын адамдардың амалына мұқтаж емес. Дініміздің тарихын еске алайықшы. «Піл оқиғасын» жақсы білеміз. Кезінде Йемен патшасы Абраһа әскерімен келіп, Меккені, қасиетті Қағбаны қиратпақшы болғанда, Мұхаммед пайғамбарымыздың атасы Әбдімүтәліп Абраһамен кездеседі. Өйткені, патшаның әскерлері оның малын тартып алған еді. Сонда Әбдімүтәліп: «Түйелерімді қайтар», – дейді. Әуелі елдің емес, малдың қамын күйттеп барған ақсақалдың бұл сөзіне патша мен оның шабармандары қарқ-қарқ күледі. Қария оларға былай жауап береді: «Мен сол түйелерімнің иесімін. Малды құтқаруға мен міндеттімін. Ал Қағбаны оның өз Иесі құтқарады», – деп Алла тағаланы меңзейді. Сөйтіп, адамзат баласы бұрын-соңды көрмеген әбәбіл құстары төбеден қатты әрі ыстық тастарды Абраһаның әскеріне қарша боратады. Қағбаны қиратуға келген сарбаздар Иесінен жазасын алып, өздері сол жерде қырылып қалады. Егер Құрандағы «Піл» сүресінің қазақша мағынасын оқып көрсеңіз, осы оқиға баяндалған.
Бұл мысалды не үшін айтып отырмын? Адамзат баласы қанша жерден Исламға қаскөйлік жасаса да, Алла тағала әу баста әлсіз етіп жаратқан, ақыл-есі шектеулі пенделерінің арам пиғылын жүзеге асырмайды. Ешкім, ешқашан құдіреті шексіз Жаратушымыздың соңғы дініне кедергі келтіре алған емес, келтіре алмайды да. Сіздің сауалыңыздың төркінін түсініп отырмын. Әрине, Ислам атын жамылған дінбұзарлардың әрекеті қоғамға теріс әсер етпей қоймайды. Қазіргі ақпараттың аласапыран уақытында адамдар діни қақтығыстар туралы теледидардан көргеніне, діни сауаты жоқ адамдардың сөзіне ереді, соған иланады. Астарына үңіліп, ізденіп, саралап, ой жүгіртіп жатпайды. Исламды саяси құрал ретінде пайдаланып, жеке басының немесе топтың мүддесін ойлап, асыл дініміздің абыройына нұқсан келтіріп жатқандарды Аллаға тапсырамыз. Бізге әбдімүтәліптік көзқарас қажет деп жатқанымыз осы. Алла әркімге өз ниетіне қарай «сыйын» немесе «сыбағасын» береді.
Ағым деген – ағып өте шығатын құбылыс
– Пайғамбарымыздың: «Еш нәрсеге, тіпті, дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен, өкініште қалған», деген хадисін Құранды «теріс оқитын» жастардың санасына қалай құюға болады? «Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық…», деген қасиетті Құран Кәрімнің санамызға сәуле құятын тағы бір аятын түйсігімізбен қаншалықты түсіне алып жүрміз?
– Орта жолды ұстану – Пайғамбар сүннетінен. Біз дінде орта жолды ұстанатын байсалды, зиялы, отансүйгіш елге жанашыр, ең бастысы иманды ортаны қалыптастыруымыз қажет. Бұл – бұл жалпы ұрпақ болашағына алаңдай білген әрбір азаматқа ортақ міндет. Ал ағым деген, аты айтып тұрғандай, ағып өте шығатын құбылыс. Ислам тарихына қарасақ, қанша ағымдар болды. Қадарилер, жәбрилер, жәһмилер, исмайлиттер, баһаилар, муғтазилә ағымдары… Бұл тізімді әрі қарай да жалғастыра беруге болады. Осы ағымдар сол кезеңде қоғамда бүлік шығарып, мұсылмандар арасында талас тудырғанмен, уақыт өте келе, өміршеңдігін жойып, идеологияларында мән қалмады. Қоғамға қажет емес идеология түптің түбінде маңызын жояды.
Енді өзіміздің қоғамға келейік. Дінде шалыс басқан бауырларымыз қайдан пайда болды? Мұның салдары қайсы? Бұл сауалға әркім әртүрлі жауап беретін шығар. Алайда, біз өзгені айыптаудан бұрын, жауапкершілікті өзімізден бастауымыз қажет. Тәуелсіздік алған жылдары діни тәжірибеміз аз болды. Былайша айтқанда, біз діни салада ұстазға мұқтаж болған «шәкірт» сынды болдық. Қазір, Құдайға шүкір, 2011 жылы солқылдақ деп жүрген діни бірлестіктер туралы заң қайта қабылданғаннан кейін, Шал ақын: «Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса, Жоламас ешбір пәле шайтан-пері», – деп жырлағандай, талапты күшейтіп, жат ағымның жоламауына тосқауыл қойдық.
Олар кім үшін, не үшін соғысып жүргендерін білмейді
– Біздің білуімізше, еліміздің дін саласындағы 30 білікті маманнан құралған 6 топ өткен жылы барлық өңірде кездесу өткізіп, 125 817 адамды қамтыған уағыз жұмыстарын жүргізген екен. Жыл соңында Діни басқарманың төралқа мәжілісінде сіз өткен жылы 802 азаматтың жат ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізге қайтып оралғанын мәлімдедіңіз. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 550-ді құраған екен. Халықтың діни сауатын арттыру жолындағы мұндай шаралардың маңызы қандай?
– Алла Елшісі хадис-шарифінде: «Дін – насихат», – деген. Құранның тым болмағанда бір аятын, Пайғамбардың бір сөзін өзгеге жеткізу – мұсылманның міндеті. Сол жат ағымның арбауымен Сирия асып, қару асынып, кім үшін, не үшін оқ атып жүргенін білмейтін жандар соқыр сенімнің, теріс идеологияның, әлемдік саяси мүдделердің құрбанына айналуда. Мұсылмандықты айдаладан емес, айналадан іздеу керек. Махамбетше айтқанда, «мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» немесе Бұхар бабамыз жырлағандай, «діл мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?» деген ой келеді. Сондықтан, мұсылмандық тілімізде емес, ділімізде болу керек. Демек, басты мәселе – білімсіздікте. Дінді біліммен емес, сезіммен түсінген олар, тіпті, Исламның қарапайым қағидаларын білмейді. Алайда, оларды әуелі айыптауға асықпай, қоғамнан шеттетпей, жанына, рухани әлеміне үңілейікші. Ол үшін: «Әр қазақ менің жалғызым» деген қағида керек.
Осыдан шамалы уақыт бұрын еліміздің діни саласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, республикалық ұстаздар қауымы, жалпы жамағат үшін тарихи оқиға болды. 2015 жылдың 24 қарашасында Алматыда «Нұр Мүбәрак» университетінде өткен республикалық конференцияда Діни басқарманың тарихында тұңғыш рет 2020 жылға дейінгі Діни білімді дамыту тұжырымдамасын қабылдадық.
Тұжырымдама – бағдаршам іспетті басты бағдарымыз
– Бұл құжаттың мақсаты не? Ол қандай қажеттіліктен туды?
– Тұжырымдаманы қабылдаудағы мақсатымыз – халқымыздың діни, рухани қажеттілігін қанағаттандырумен қатар, көп деңгейлі, алуан пішінді үздіксіз діни білім берудің үлгісін, тұтас ислами оқу кешенін қалыптастыру. Бұл тұжырымдама – діни білім беру жүйесі бойынша бағыт-бағдарымызды айқындайтын, жолымызды көрсететін бағдаршам іспетті басты стратегиялық құжатымыз. Тарихтан белгілі, Исламды жүрек қалауымен қабылдаған халқымыз діни тәрбие мен діни білім беру жүйесін ғасырлар бойы атадан балаға мирас етіп қалдырып, өнегелі өмір салтын қалыптастырған. Қазақ жерінде пайда болған діни білім беру жүйесі жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тұрмыс-салтына тән өзіндік үлгілері арқылы дамыды. Ірі қалаларда бой көтерген медреселер қызметі, көшпелі жұрт арасында молда ұстап, бала оқыту дәстүрі де кең тарады. Осылайша, қарапайым қазақ балаларынан бастап, аты аңызға айналған тұлғаларымызға дейін хат танып, сауатын көтерді.
Халқымыздың біртуар перзенттерінің, ақын-жазушыларының өмірбаянымен танысқанда: «Әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, хат таныған» деген деректерді кездестіреміз. Сол кездегі діни білім беру жүйесін қараған кезде діндарларымызға шариғат ілімдерімен қатар, жаратылыстану пәндері де оқытылғандығын көруге болады. Бұл көрініс сол кездегі дін қайраткерлерінің қабілеті мен қоғамдағы ықпалын, өзіндік орнын айқын аңғартады. Біз бүгінде имам-молдалардың, жалпы дін қызметкерлерінің осы межеден, осы деңгейден көрінуін талап етеміз.
– Бұл бағытта нақты қандай шараларды қолға алдыңыздар?
– Бүгінгі таңда ҚМДБ-ның құрамында 545 жоғары білімді, 797 орта білімді азамат қызмет етуде. Діни қызметкерлердің білімі мен білігін жетілдіру мақсатында арнайы курстар өткізіліп келеді. Атап айтқанда, өткен жылы Алматы қаласындағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам инстиутындағы 2 айлық курсқа 242 имам қатысты. Сонымен қатар, имамдардың білімін жетілдіру бойынша еліміздегі 5 медреседе (Павлодар, Тараз, Шымкент, Сарыағаш, Ақтөбе) 3 күндік, 7 күндік, 10 күндік оқу курстары ұйымдастырылды. Оған жер-жерден 1214 имам-молдалар қатысты. Аллаға шүкір, ХХІ ғасырдың тәжірибелі, іскер, діни саланың жұмысын даналық жолмен дамытып келе жатқан білікті имамдар корпусы қалыптасты. Мүфтият діни білім беру саласы бойынша Түркия, Мысыр, Ресей, Малайзия елдерімен, Татарстанмен әріптестік байланыс орнатып, ортақ келісімдер жасады.
Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді
– Еліміздегі діни оқу орындарына медресе-колледж деген мәртебе берілгенінен хабардармыз. Діни білім саласына жасалған бұл реформаның артықшылығы неде? Медресе-колледжді бітірген шәкірт зайырлы қоғамда, мемлекеттік мекемелерде қызмет ете ала ма?
– Біз санаулы мерзім ішінде медресе жұмыстарына елеулі реформалар жасадық. Медреселердің оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Міндетті діни пәндерден бөлек, қазіргі заман талабына сай қоғамдық пәндер қосылды. Соның нәтижесінде, медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді. Жаңа қабылданған жарғы бойынша медресе-колледж деп аталады. Демек, медресе-колледжімізді бітірген шәкірт кез келген мемлекеттік мекемеде діни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет ете алады.
– Кейде діни білімі жоқ азаматтар осы саладағы мәселелерге қатысты пікір білдіріп, тіпті, пәтуасын да беріп жатады. Бұл қаншалықты орынды?
– Бұл сөзіңіздің жаны бар. Мұндай үрдіс көрініс беріп қалатыны рас. Дін ғалымы, Ислам ғұламалары айтуы тиіс мәселелер мен пәтуалар бойынша кейбір азаматтарымыз өз ойын алға тартып, ел арасында түсінбеушілік тудырып, діни бүліктерге жол ашып жатқаны жасырын емес. 2013 жылдың 3 желтоқсанында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ғұламалар кеңесі құрылды. Кеңестің құрамында 17 ғалым жұмыс істейді. Кеңестің негізгі мақсаты – Ислам негіздеріне сүйене отырып, қоғам өмірінде мұсылмандық ұстанымға қатысты туындаған көкейкесті мәселелерді талқылап, дер кезінде шешімдер шығару, пәтуалар мен тұжырымдамалы құжаттар қабылдау. Кеңес құрылғаннан бастап пәрменді мекеме (орган), институт болып қалыптасты. Кеңестің бүгінгі күнге дейін өткен 10 отырысында 80 мәселе қаралып, 10 тұжырымдамалы құжат қабылданды, 30 діни термин түзетіліп, 57 мәселе бойынша шешім шығарылды. Жалпы, 28 пәтуа бекітілді. Кеңестің талқылауынан өтіп, бекітілген «шариғи», «әлеуметтік», «медицина», «отбасы мәселелері» бағыттарындағы 20 пәтуа таңдалып, «Пәтуа жинағы» деген кітап шығардық. Сондықтан, пәтуаны арнайы ғалымдар шығарады.
Бір жылда 48 000 адам сауат ашты
– Білім дегеннен шығады, ғылымды білмейтін адамға үйрету – садақа дегенді естіп едік…
– Иә, бұл – әйгілі сахаба Мұғаз ибн Жәбәлдің айтқан сөзі. Ол кісі былай деген екен: «Алла үшін ғылым үйрену – тақуалық, оны талап ету – құлшылық, ғылымды білмейтін адамға үйрету – садақа, оны лайық адамға беру – Аллаға жақындау. Ғылым жалғыз кезде – серігің, демеушің, жат жерде жүргенде – бауырың, жәннат жолындағы шамшырақ». Білім – адамның мінезін көркем ететін ұлы нығмет. Ал Алла Елшісі: «Білім алу – мұсылман ер мен әйелге парыз», – деп айтқан. Ендеше, еліміздің Бас газеті «Егемен Қазақстан» арқылы бауырларымды, барша азаматты ел игілігі жолында жастарға дұрыс діни білім беруге, жалпы иманды қоғам құруда бірлесе қызмет етіп, ізгі істерге атсалысуға шақырамын. Қазір, Құдайға шүкір, мүфтиятқа қарасты 20-дан астам діни-танымдық және ғылыми сайттарымыз қызмет етіп келеді. Бұдан бөлек, газет-журналдарымыз, жүйелі шығып жатқан кітаптарымыз бар. Мешіттерімізде діни сауат ашу курстары тұрақты жұмыс істейді. 2015 жылы осы курстарымызда 48 000 адам сауат ашты.
Дінді ұстану – қол жетпес сағым, яки арман емес
– Сіздің ойыңызша, діннің өмір сүру формасы, яғни пішіні деген не? 2014 жылы «Дін мен дәстүр» деген тың бастама көтерген едіңіз. Діннің өмір сүру пішіні дегенді сіздің осы бастамаңызбен байланыстыруға бола ма?
– Ислам – екі дүние бақытының кілті. Әуелі Алланың қалауымен, Ол нәсіп еткен ақыл-ойдың артықшылығымен адамзат баласы өзіне қажетті нәрселерді игілігіне жаратып келеді. Қарапайым мысал айтайын. Күнделікті мініп жүрген көлігімізге қажетті жанар май орнына су құйып жіберсек не болады? Жол ережесі сақталмаса, соңында қандай оқиғалар орын алатынын онсыз да саналы түрде сезінеміз. Әке әкелік міндетін атқарып, балаға рухани тәрбие бермесе, ана аналық парызын орындап, мейірімін төкпесе, бала ата-ананың қамқорлығын сезінбесе, үлкендерге құрмет көрсетіп, батасын алуды үйренбесе, онда сол отбасының ойраны шықпайды деп кім айта алады? Кейбір қарындастарымыз болмашы тұрмыстық сынаққа сабыр ете алмай, бауыр еті баласын тірідей далаға тастап, болмысымызға жат мінез танытып жатқаны жанымызға батады. Жастарымыз асығыс шешім қабылдауға бейіл тұрады. Мұның себеп-салдарын айтқанда, қайтадан сол тәрбиені, имандылықты, ізгілік пен сенімді тағы сөз етеміз. Шығыс даналығында: «Бос арбаның сылдыры көп», – деген сөз бар. Тамыры терең тартпаған талдың да жел шайқаса құлауға шақ қалатыны секілді, тұла бойы иманға толмаған адамның ғұмыры баянсыз болады.
Біз кейде дін деген ұғымды мешіт, намаз, ораза, садақа, Құран бағыштау, құдайы ас беру деген амалдармен шектеп қоятын секілдіміз. Жоқ, олай емес. Ислам – әрбір пендеге адам деген атқа лайық өмір сүруді үйрететін соңғы дін. Абайдың: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», – дейтіні бар емес пе? Ата-анаңызға қамқорлық жасауыңыз, жолдасыңызға жақсы жар болуыңыз, бала-шағаға үлгілі әке, ана болуыңыз, көршімен, туған-туысқандармен көркем қарым-қатынас орнатуыңыз, адал табыс табуыңыз, мемлекеттің мүлкіне «аманат» деп қарауыңыз, тым болмағанда өзгеге жылы шырай танытуыңыз, міне, осылардың жиынтығы – дін. Дінді ұстану қол жетпес сағым, яки арман немесе біз ойлағандай ауыр іс емес. Әрбір жақсы амалда діннің бір талабы жатыр. Діннің өмір сүру пішіні дегеніміз – осы. Аллаға ұнамды әрбір сөз, амал – садақа, сауап. Өзімізге қалаған нәрсені өзгеге де қаласақ, онда біз Алла Елшісі айтқандай, иманы толық мұсылман болғанымыз.
Өзгенің тағдырымен ойнау – күнә
– Қазіргі қоғамда отбасы құндылығы мен ақ некені ойыншыққа айналдырып жүрген азаматтар да бар. Жалпы, отбасы құндылығы туралы не айтар едіңіз?
– Отбасы құндылығы туралы айтсам, шаңырақтың шайқалмауы – көбінде ер кісіге байланысты. Ер кісі – әйелдің, отбасының қорғаны. Ер бұзылса – отбасының ойраны шығады, әйел бұзылса – ұлт күйрейді. Әйел, бала-шаға – Алланың аманаты. Алла тағала Құранның «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деп бұйырса, Пайғамбар хадисінде: «…Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар», – деген. Балаға жақсы әке болғысы келгендер, әйеліне жақсы жар болуды қалайтындар Пайғамбар өмірінен ғибрат алсын. Алла Елшісі асыл жарына әрдайым қамқорлығын көрсетті, еркелетіп, сүйіспеншілігін білдірді, әрдайым қорған болды. Ал ақ некені ойыншыққа айналдырып, біреуге қыз, біреуге әпке-қарындас болған әйелге себепсіз талақ айтып, оның өмірімен, тағдырымен ойнағандар осыны өзінің бауырына, қарындасына қалай ма екен? Әрине, жоқ! Өзгенің тағдырымен ойнау – опық жегізеді әрі күнәлі іс. Демек, өз қарындасының өзгеден қорлық көруін қаламайтын кісі өзгенің қарындасын қорлауға жол бермесін деп кеңес бергіміз келеді.
Шетелдегі жастар біздің назарымызда
– Діндегі ең нәзік мәселе – теология саласы. Кейбір мамандар: «Дінді шетелден оқып келу сенімсіз. Ең тәуірі, отандық оқу ошақтарын қалыптастыру қажет», дегенді алға тартады. Бұл жерде жастардың шетелдегі діни оқу орындарында білім алу тетіктерін реттеу қажеттігі туралы мәселе күн тәртібіне шығып тұр. Қазір бұл бағытта сіздердің тараптарыңыздан қандай да бір іс-шаралар қолға алынып, талап-ережелер енгізіліп жатыр ма?
– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Діни басқарма азаматтарымыздың шетелдегі дәстүрлі діни оқу орындарында дұрыс білім алып, елге келген соң дініміздің дамуына, халқымыздың бірлігі мен игілігі жолында қызмет етуін құптайды. Алайда, ҚМДБ-ның келісімін алмай, өз бетінше діни оқу орындарына түскен азаматтар бар. Діни көзқарасы толық қалыптаспаған, алғашқы теологиялық білім алмаған жас жігіттердің шетелде оқып, сол жақтың діни көзқарасы бойынша пікір таратып, бүлік тудырғаны жасырын емес. Қазір бұл мәселені қолға алып, екіжақты келісім бойынша оқуға түскен шәкірттердің білімін, тәрбиесін қадағалап, бақылау, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Өткен жылдың сәуір-мамыр айларында мүфтият қызметкерлері Мысыр, Түркия және Сауд Арабиясында оқып жатқан студенттермен кездесіп, оларға түсіндіру шараларын жүргізді.
Өз елімізде діни білім алуға да мүмкіндік мол
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр мүфтияты арасындағы келісім негізінде Египетте жалпы саны 96 қазақстандық студент ислами білім алып жатқан көрінеді. Жалпы, діни сауатын шетелде ашатын мамандардың біліктілігіне қандай да бір сараптама жүргізіле ме?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр мүфтияты арасында жасалған екіжақты келісім – діни оқу-ағарту саласы бойынша жасалған жұмысымыздың жемісі. Демек, Қазақстан азаматы ҚМДБ-ның рұқсатынсыз Мысырдағы «әл-Азһар» университетіне оқуға қабылданбайды. Бұл бастама бізге шетелге оқуға түсуге ниет білдірген әрбір азаматпен жеке сұхбат жасап, оған қажетті кеңес беруге мүмкіндік туғызды. Қазір өз елімізде діни білім алуға мүмкіндік мол. «Нұр-Мүбәрак» университетінің техникалық базасы жетілген. Оқытушы-ғалымдар құрамында докторлар, профессорлар бар. «Әл-Азһардың» ғалымдары «Нұр-Мүбәрак» университетінде дәріс беруде. Демек, Мысырға бармай-ақ, өз елімізден білім алуға барлық жағдай жасалған. Бүгінде «Нұр-Мүбәрак» университетінде 8 ізденуші докторантураны, 75 азамат магистратураны, 808 тәлімгер бакалаврды бітіріп, ғылыми дәрежесін алып, еліміздің діни оқу орындарында, мешіт-медреселерде қызмет етіп жатыр.
«Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» жобасы
– Имамдардың сауатын көтеру қажеттігі жөнінде не айтасыз?
– Имам-молдалардың білімін ұдайы жетілдіріп отыру – біздің назарымызда. Өйткені, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талаптарынан әсте қалыс қалмауы тиіс. Екі жылдың көлемінде имамдарымыздың 80 пайызын қайта аттестаттаудан өткізіп, білім деңгейін анықтадық. 2015 жылы Астанада өткен І республикалық имамдар форумында «Бүгінгі имамның келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы» атты тарихи құжат қабылдадық. Бұл құжаттардың мақсаты – ХХІ ғасырға лайық имамдар тобын дайындау. «ХХІ ғасыр имамы» деген жоба аясында жер-жерлерде дін қызметкерлері арасында интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылды. «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» атты жобаны да қолға алдық. Мақсатымыз – имамдардың қазіргі қабілеті мен білімін одан әрі дамыту, үздік ағартушы дін қызметкерлерін игі жұмыстарға жұмылдыру. Бұдан бөлек, діни кадрлар әлеуетін арттыру мақсатында өткен жылдың наурыз, сәуір және мамыр айларында араб тіліне жетік, білімді 5 имамды Мысырдағы «әл-Азһар» университетіндегі 3 айлық білімін жетілдіру курсына жібердік. 2015 жылдың қазан айында Түркия мемлекетінің Бурса қаласына 2 айлық діни білім жетілдіру курсына 26 имам жіберілді. Мәскеу қаласындағы Ислам институтында 10 имам семинарға қатысып, тәжірибе алмасып қайтты. Қараша айында бауырлас Түркия елінің «Хасеки» оқу орнына 6 айлық дайындық курсына «Нұр-Мүбәрак» университеті мен медресені тәмамдаған 31 шәкірт жіберілді.
Мақсатымыз – діни қабілетті, байсалды, зиялы орта қалыптастыру
– Бір сұхбатыңызда Орталық Азия діни мектебінің рөлін арттыру қажеттігін айтыпсыз. Осыны тарқатып берсеңіз.
– 2015 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орталық Азия ғұламаларының форумын өткізді. Тәжікстанның, Қырғызстанның бас мүфтилері, ғұлама-ғалымдары қатысқан халықаралық форумда қарар қабылданып, үндеу жарияланды. Форумда Діни басқарманың Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағарту мектебінің рөлін, ықпалын арттыру туралы бастамасын ғұламалар бірауыздан қолдады. Біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру, сан ғасырлық тарихы бар діни ұстанымды қайта жаңғырту туралы идея көпшілік қолдауға ие болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исламның Орталық Азия мектебінің ұстанымдарын қайта жаңғыртуда көшбасшы бола алады. Біздің мақсатымыз – діни қабілетті, байсалды, білімді зиялы орта қалыптастыру, жастарды жақсылыққа тәрбиелеу. Осы бағытта дәстүрімізге, болмысымызға жақын Орталық Азия діни мектебінің рөлін арттыруымыз керек деп санаймыз. Дала халқының болмысымен, табиғатымен біте қайнасып кеткен мектеп Орталық Азия мұсылмандарын ортақ мақсатқа үндейді.
2016 жыл – «Дін және тарих тағылымы» жылы
– 2016 жылда қандай ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарладыңыздар?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз қызметі аясында 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялады. Осынау игі бастама аясында ата-бабамыздан қалған асыл жауһарларды қайта жарыққа шығарудың орайлы сәті, мол мүмкіндігі туды. Әлем кітапханаларының сирек қорларында шаң басып жатқан ескі кітаптарды жарыққа шығарып, халықтың игілігіне ұсыну – бүгінгі ұрпақтың абыройлы міндеті. Осындай ізгі ниеттің нәтижесінде Діни басқарманың ғалымдары «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты кітап дайындады. Алла қаласа, жуырда тұсауы кесіледі. Жақын уақытта Астана қаласында діни ағартушы ғалымдарымыздың, имамдарымыздың республикалық семинарын өткізуді жоспарлап қойдық. Демек, қазіргі қоғам талабына сай уағыз айтудың жаңа кезеңі басталады.
Алла тағала болашаққа басқан қадамымызды баянды етіп, екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей! Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».