Қоғамымызда діни экстремистердің қапы қалдырып, талмау тұстан ұрып, есеңгіретіп кетіп жүрген кездері аз кездескен жоқ. Сондықтан да қазіргі таңда діни экстремизм қауіп-қатерінің астында өмір сүріп жатырмыз деп айтуымызға толық негіз бар, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі egemen.kz-ке сілтеме жасап.
Егер бұл тұжырымымыз дәлелсіз болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбында сөйлеген кезде «Діни экстремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыру қажет екеніне ерекше тоқтала келіп, «Олардың криминалмен, әсіресе қылмыстық-атқару мекемелерінде сыбайласып кетуіне мүлдем жол бермеу керек», деп алаңдаушылық білдірмеген болар еді.
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Елімізде қоғамды дүрліктіріп, халықтың ашу-ызасына тиген, талай жазықсыз жанның өмірін жалмаған лаңкестік әрекеттердің басым бөлігі діни экстремистердің қолымен жасалғанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Алысқа бармай-ақ күні кеше елімізді есеңгіретіп кеткен «Қасіретті қаңтар» оқиғасында да діни өткір мәселелер желкесін күдірейтіп, айқын көрінгені белгілі. Сондықтан Президент діни экстремизмге қарсы іс-қимылды күшейтуге баса назар аудару керектігін қадап айтты.
Қоғам – баршамызға ортақ. Ендеше, ондағы ауқымды мәселелерді еңсеру – тек биліктің немесе қандай да бір салалық құрылымның ғана емес, жалпыхалықтық міндет. Бұл тұста халықтың негізгі міндеттерінің бірі – кез келген орынсыз жағдаяттар мен қалыптасқан жағымсыз ахуалдарға қатысты өзінің пікірін, жанайқайын білдіріп, атқарушы биліктен мәселені оңтайлы шешуді талап ету әрі оған көмектесу. Меніңше, халық өзінің жоғарыда аталған міндетін орындап келеді. Нақтылай айтқанда, жұрт қоғамдағы қалыптасқан келеңсіздіктерге қатысты жанайқайын жеткізуде үнсіз қалған кезі жоқ, шетін жайттардың шешімін табуды талап етуден де кенде емес. Ал халықтың атқарушы билікке қандай мәселені болсын еңсеруге көмектесуіне мүмкіндік немесе қолайлы жағдай туғызылмағандықтан ел-жұрт өзінің тиісті орындарға көмектесу міндетін орындай алмай келеді. Яғни атқарушы биліктің азаматтық қоғамға, жалпы халыққа жүгінуіне, олардың әлеуетін пайдалануына мүмкіндік беретін тетік жөнді орнықпаған. Осы тетіктің жүйеленбеуі Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының толыққанды жүзеге асырылуына негізгі кедергі болып отырғанын түсінетін уақыт әлдеқашан жеткен.
Міне, біз жоғарыда сөзімізге арқау еткен діни экстремистік күштердің қоғамымызда түрленіп, көзге көріне қоймас ішкі жауға айналғаны, бір саусағын бүгіп, қабағын түкситіп, ортамызға қаупін төндіруі, еркінсуі дәл осы механизмнің қалыптаспағанынан болып отыр. Дәлірегі, діни экстремизмнің қаупін айтқан халықтың жанайқайына ешкім құлақ аспай келеді, естісе де аталған түйткілді тұншықтыруға батыл қадамдар жасалар емес. Неге? Бұл сұраққа атқарушы билік тарапынан нақты, сенімді жауап берілуін халық күтіп отыр. Осы арада діни жат ағымдарды, діни экстремистерді қолдап-қуаттаушы немесе оның жетегіндегі белгілі, ықпалды азаматтар мен лауазымды, жауапты орындарда отырған тұлғаларды сондай-ақ бүлдіргі элементтердің бастау көзін анықтап, олар туралы деректерді ашық ақпарат кеңістігіне жариялап, әлгілердің іс-әрекетіне мүлде тыйым салынса ғана жоғарыдағы «Неге?» деген сауалға нақты әрі сенімді жауап берілген болып есептелетінін айтқымыз келеді. Бұлай болмайынша ел-жұрттың күдігі де, діни экстремизмнің қаупі де сейілмейді.
Біздің қоғамда діни жат ағымдармен күресу міндеті тек ҚМДБ-ға, оған қарасты имамдар мен ұстаздарға ғана жүктеліп қойған секілді көрінеді. Иә, бұл мәселеден ҚМДБ бойын аулақ салмайды, ол өзінің құзыреті шеңберінде жұмысын шама-шарқынша атқарып жатыр. Бірақ бұдан іс өне ме?
Бүгінде «Экстремистік, радикалдық ұйымдармен күрес елімізде тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Оңалту орталықтарының өкілдері жат ағымның жетегінде жүргендермен жеке кездесіп, дәріс пішінінде жұмыстар жүргізуде, соның арқасында пәленбай азамат радикалды бағыттан бетін бұрды, түгенбай адам жат ағымның шырмауынан құтылды», деген сыңайлы мәліметтер жиі айтылады. Бұл мәліметтер халықтың күдігін сейілте ала ма? Әрине, жоқ. Атқарушы биліктің халықтың көкейін тескен сұрағына берер жауабы әзірге осындай мардымсыз болып тұр. Егер әлгі жұмыстармен жағдай жақсарар болса, қазір біз діни экстремизмнің қаупі туралы сөз қозғамаған да болар едік. Бұдан мемлекеттің, азаматтардың қауіпсіздігіне жауапты орындардың бұл саладағы шарасыздығын осындай тиімділігі жоқ, мардымсыз жұмыстарымен бүркемелеуден аса алмай отырғаны анық байқалады.
Сондай-ақ мемлекеттің діни экстремизмнің, жат ағымдардың «бастау көздерін» бақылаудан шығарып алғаны немесе оларды бас білдіруге батылы жетпей отырғаны аңғарылады. Халық бәрін, яғни «шарасыздық синдромын» көріп отыр. Мұндайда халық сенімі туралы айту қиын.
Біздің қоғамда Ислам дінінің қандай да бір мәселесі жоқ, дін атын жамылған қаскөйлер тарапынан туындап отырған ұлттық қауіпсіздік түйткілі бар.
Рухани-ағарту ісімен айналысуы тиіс ҚМДБ-ны жат ағымдарға қатысты ұлттық қауіпсіздік мәселелерін шешуші орган ретінде қарастырып, осы саладағы күресте аталған құрылымның есебіне жүгіну байқалып отырған қазіргі жағдайда негізгі түйінді тарқатуда алдыңғы шепте болуға тиісті күштік органдар тасада қалып қоятын секілді көрінеді. Бұл да назар аударарлық мәселе.
Жалпы, қоғамымызда діни экстремизм қаупін қайтсек төмендетеміз деген сұраққа лайықты жауап берілмей тұрғаны рас. Осы орайда мамандардың, қоғам мүшелерінің ұсыныс-пікірлері маңызды. Олардың ойлары атқарушы билік тарапынан ескеріліп жатса, діни экстремизм қаупін сейілтуге белгілі бір деңгейде әсер етеді деп үміттенеміз.
Осы ретте «Біріншіден, жат ағым ретінде элементтері бар радикалды ұйымдардың қызметіне тыйым салатын нақты, талабы қатал заң қабылдау қажет. Сонда ділімізге, дінімізге қайшы келетін көріністерге заңмен тосқауыл қойылады. Сондай-ақ, экстремистік ұйымдарды жат ағым ретінде нақты тану мүмкіндігі кеңейеді», дейді Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
А.Ұтысханұлының айтуынша, радикалдық ұйымдар кез келген уақытта жиһад жариялап, елдің шырқын бұзуы әбден мүмкін. Сондай-ақ олар қазақтың шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрлерін жоққа шығаруы, намаз оқымағанды кәпір деуі және басқа да мәселе бойынша ел ішінде бүлік шығаруы ықтимал. Сирияға кеткендер – радикалды ұйымдардың «жемісті еңбектерінің» көрінісі. Кезінде еліміздің батыс өлкесінде ойран шығарғандар да осы радикалдар. «Жат ағымның жетегіне шырмалған кейбір адамдар әлеуметтік жағдайының төмендігінен, жұмыстың жоқтығынан жат ниеттілердің жетегінде жүргенін айтады. Осындай жандардың жағдайын жасап, жұмыспен қамтамасыз ету оларды бұрыс жолдан қайтарудың жақсы амалы», дейді бас имам.
А.Ұтысханұлының сөзіне қарағанда, имамдарды қаржылай қолдау – жат ағымға ерушілердің санын азайтатын тиімді жолдардың бірі. «Мешіт мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Қала аумағынан бөлек, аудан, алыс ауылдарда мешіттеріміз бар. Аудан, ауыл мешіттерінің барлығында бірдей жалақы мәселесі толық шешілді дей алмаймыз. Сондықтан, аудан, ауылдық жерлерге сауатты дін мамандарын тарту мәселесі өзекті болып тұр. Егер имамдарға мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсетіп, жалақы тағайындайтын болсақ, ауылдарды дін атын жамылған жат идеологиядан сақтандыру мүмкіндігі кеңейер еді. Себебі білікті кадр іс тетігін шешеді», дейді ол.
Сонымен қатар, ол ҚМДБ-ға қарасты имамдар, мешіт ұстаздары университет, колледж, мектеп, оқу орындарында дәріс оқып, шәкірттермен кездесу мүмкіндігін алуы қажет деп есептейді. Себебі осылайша, жастардың бойында рухани иммунитет қалыптастыру маңызды. Бұл – рухани қуатты, білімді ұрпақ қалыптастырады әрі экстремизм мен терроризмнің алдын алатын бірден-бір жол. «Сайып келгенде, жат ағымдармен күрес – белгілі бір ұйымның ғана жұмысы емес. Бұл жерде қоғамның бірлігі, мемлекеттің тікелей қолдауы кезек күттірмейтін іс», дейді Алтынбек Ұтысханұлы.
Қозғалып отырған мәселеде дінтанушы-сарапшы Тұрар Әбуовтің де айтары көп. «Діни экстремизм» ұғымын жан-жақты талқылап, түсіндіру мақсатында жалпы экстремизм ұғымы туралы жақсы білгеніміз жөн. Әлемде, соның ішінде Қазақстанда діни экстремизмге қатысты нақты түсінік қалыптаспағанын аңғаруға болады. Оның да бірнеше себебі бар. «Діни экстремизм» ұғымы екі негізден, бірі экстремизмнің өзінен, ал екіншісі, діннің кейбір қағидаларын басшылыққа алу арқылы пайда болған құбылыс. Экстремизм саяси режімге көңіл толмаушылықтан, әлеуметтік теңсіздіктен, қоғамдағы кейбір күрделенген мәселелерге көңіл толмаушылықтан туындауы мүмкін. Діни экстремизм – қоғамда орныққан моралдық нормаларға, салт-дәстүрлерге, дәстүрлі діндерге қайшы іс-әрекеттер. Басты сипаты – дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздырады және зорлық-зомбылыққа шақырады, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, сеніміне немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген әрекет. Ал діннің атын жамылып, саяси мақсатқа қол жеткізу үшін бағытталған әрекеттер діни-саяси экстремизм болып саналады. Діни-саяси экстремизм – дін атын жамылып, саяси мақсаттарды басшылыққа алып мемлекеттік құрылымды күштеп өзгертуге және билікті жаулап алуға, мемлекеттің аумақтың тұтастығы мен егемендігін бұзуға бағытталған қылмыс», дейді Т.Әбуов.
Оның айтуынша, жалпы мұндай теріс әрекеттер ұлттық, мемлекеттік идеологияның әлсіздігі немесе болмауынан туындайды деуге болады. Бұған кейбір сарапшыларымыз келіспеуі де мүмкін. «Жоғарыда келтірілген мәселелердің алдын алу немесе қауіпті сейілту үшін біріншіден, бақылауды күшейтуіміз керек. Бақылау болмаған жерде берекетсіздік орын алады, тіпті шектен тыс еркінсу пайда болады. Сондықтан ата-ана өз баласын, мемлекет өз азаматтарын бақылауға алуы керек. Яғни бала дінге бет бұрса, оны тыймау керек, керісінше оған дұрыс бағдар беру керек. Мемлекет те осы бағытта машықтану қажет. Яғни азаматтарды жалған діни ұрандардан қорғай білу ләзім. Бұл еліміздің, болашағымыздың бейбіт, ұрпағымыздың амандығы үшін қажет», дейді сарапшы.
Т.Әбуовтің сөзіне қарағанда, соңғы жылдары елімізде жастардың дінге негізделген радикалдану үдерісі қарқын алуда. Оны әлеуметтік желіде отырған жастарымыздың түрлі пікірлерінен білуге болады. Шын мәнінде радикализм көбінесе ол діни құндылықтардан және өсиеттерден емес, сол құндылықтарды, өсиеттерді жекелеген азаматтардың (діни ағым өкілдері) түсіндіру тәсілінің кемшілігінен пайда болуда. Осыдан барып бақылаусыз кеткен жастарымыз жылдам радикалданады және тез теріс сөзге еріп, иланғыш болады. Оны кешегі қаңтар оқиғасынан аңғаруға болады. Яғни олар сырттан келген арандатушылардың ықпалына тез түсіп қалғандығын көре аламыз. Сондықтан жастарды бақылаусыз жіберу радикалданудың артуына айтарлықтай әсер етеді. «Мемлекет радикалдануға қарсы және экстремизмнің алдын алу жұмысын үйлестірудің мәнін арттыру қажет секілді. Сонымен бірге радикалдануға кімдердің бейім тұратынын анықтап алу керек. Мысалы, жеке сенімі мен көзқарасын тықпалаушылардың кесірінен отбасында ауыр проблемалары барлардың, қиын жағдайлы оқиғаларды басынан өткергендердің, кемсітушіліктен зардап шеккендердің, әлеуметтік қарым-қатынаста түйткілдері барлардың, біреуден ақысын ала алмағандардың, өзін өзі бағалай алмайтындардың радикалды, экстремистік көзқарастарға тез ілесіп кету ықтималдылығы бар. Кезінде Дін істері комитетіне қарасты Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығында қызметте жүргенімде 2015 жылы еліміздің діни ахуалын зерделеу мақсатында жұмыстар жүргізілді. Зерделеу барысында жүргізілген сауалдама студенттер арасында діни құндылық бірінші орында, ұлттық құндылық – екінші, азаматтық – үшінші, зайырлылық төртінші орында тұрғаны байқалды. Ал студенттердің аз бөлігі өзіне қай құндылықтың қымбат екені жөніндегі сұраққа жауап беруге қиналған. Бұл жастар арасында рухани негізі жоқ жалаң діншілдіктің өршіп бара жатқанын, мемлекеттілік негізі әрі қоғамдық тұрақтылық тірегі болып табылатын ұлттық, отансүйгіштік, зайырлылық құндылықтардың маңызы мүлде төмендеп кеткенін, сонымен қатар жалпы құндылықтық тәрбиенің дұрыс жолға қойылмай отырғанын көрсеткен еді», дейді Т.Әбуов.
Сарапшы осы ретте жастар арасында ұлттық, мемлекетшілдік, отансүйгіштік тәрбиені күшейту, дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау шараларын қарқынды түрде жүргізу қажет деп есептейтінін айтады. «Тағы бар айта кететін жайт, елімізде идеологиялық тұрғыдан жүйелі жұмыстар күшейтілгені жөн. Әсіресе, мемлекеттің дін саласындағы саясаты жүйелі негізде қарқынды жүргізілуі қажет. Өңірлердегі діни ахуалды зерттеп-зерделеуге, оны қадағалауға, шынайы көрінісін айқындауға, тұрғын халықпен және түрлі діни ағым өкілдерімен белсенді жұмыс атқаруға маңыз берілуі керек. Дін саласындағы қызметкерлердің, әсіресе тәжірибесі аз мамандардың біліктілігін жетілдіру шараларын қолға алу да маңызды. Сондай-ақ радикалды идеология ықпалына түскен азаматтардың дәстүрлі дінге өткенін анықтайтын индикаторлар әлі де толық реттелмеген және дерадикализациялау үдерісі үнемі дәстүрлі дінге өткендердің санымен ғана бағалануда. Сондықтан осы бағытта кешенді зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде, мамандарға тиісті әдістемелек материалдар әзірлеу қажет. Сана-сезімі радикалданған азаматтармен жұмыс істеу әрине оңай емес», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, БАҚ-тағы дін мәселелерін көтеретін жарияланымдарда, діни мазмұндағы ақпаратпен шектелмей, ұлттық, мемлекетшілдік, отансүйгіштік құндылықтарды насихаттайтын, зайырлылық қағидаттарын талдап-түсіндіретін рухани-танымдық және ғылыми-көпшілік тұрғыдағы материалдарға басымдық берілгені жөн.
Иә, ел ішінде діни экстремизм қаупін төмендетуге қатысты ұсыныс-пікірлер өте көп. Мұның барлығына атқарушы билік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында назар аударып, ең бастысы елдің тыныштығын қашыратын, татулығымызға сына қағатын, тәуелсіздігіміз мен қарапайым халықты қауіпте ұстайтын кесірлі, кесапатты идеологиядан сақтану ісіне ел-жұртты жұмылдыруға тиіс.
Бұл бағытта қандай тиімді жұмыстарды қолға алу керектігін атқарушы билік өз әлеуетін көрсете отырып анықтап, оны халықпен талқылап, нақты қадамдар жасаудың уақыты келді.
Діни экстремизмнің зорлық-зомбылығынан, терроризм қауіптерінен адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау, қамтамасыз ету өзектілігі күн тәртібінде тұрған бүгінгі таңда атқарушы билікке артылар салмақ, жүк, жауапкершілік жеңіл емес. Мұның үдесінен лайықты шыға білу билікке деген халықтың сенімін едеуір нығайтатыны сөзсіз.
Ал әзірге жат діни ағым мүшелерінің сенімін өзгерту бағытындағы іске ғана ден қойғансып, дәстүрлі дінімізге бет бұрғандардың санына малданып, ал олардың орнына басқа пиғылдылардың топ-тобымен құйылып келіп жатқанына сырттай кіжініп жүре тұрудан басқа амал жоқ. Жат ағымдағылардың бірінің бетін бері қаратқанымен, оның орнын екінші біреуге бастыру көрінісі – «бастау көздерді» бұғаттамасақ әрі қарай жалғаса береді.