Дауыстап жылау дәретті бұза ма? .
Әбу Ханифа мәзһабы бойынша жылау дәретті бұзбайды. Себебі, көз жасы сілекей мен мұрыннан шыққан сұйықтықтар сияқты ағзаның табиғи әрі таза «бөліндісі» болып саналады. Яғни, мұндай қасіретті жағдайларда жылап-сықтау адамның дәретін бұзбайды. Бірақ, адам қайғыдан есінен танып қалған болса, дәреті бұзылады.
Сондай-ақ жақын адамның қазасы өмірдегі ең қатал әрі ауыр сынақтардың бірі болып саналады. Осы себепті, әркімнің аза тұтып, жылауы қалыпты жағдай. Себебі, бұл көңіл білдірудің бір түрі болып табылады, адамдар бұған толық құқылы. Қара жамылған кісіге «жылама, қайғырма» деп және айта алмайсың. Дегенмен, өзін мұсылманмын деген жан өзіне ие болып, жақынынан айрылғанда қатты қайғырып, шекшектен шыға айқайлауға, Алланы жазғыруға болмайды. Қазаны өмірдің шындығы ретінде қабылдап, өлген адаммен ақыретте міндетті түрде қауышатындығын көңіліне медет етіп, өзін-өзі жұбатуы керек. «Жазмыштан озмыш жоқ» дейтін тағдыр жазуынан мұсылмандар сабақ алуы тиіс. Ал, көңіл айта барғаныңызда дәрет алудың қажеттілігі туралы ескертсе, бәлкім, мұны қатты жылаған кезде адамның әлсіреп қалуымен түсіндіруге болады, мұндай жағдайда сақтық танытуы ықтимал. Әрине, адам жылаған кезде шектен шықпай ұстамдылық танытса, оған дәретін жаңартудың қажеті жоқ. Ал дәретін жаңалайтын болса, қосымша сауап алады, себебі міндетті немесе өзге де намаз түрлерінен кейін дәреті бола тұра, тағы бір рет тазару мадақтарлық іс (мәндүп). Басқаша айтқанда, бұл «нағыз тақуалықтың белгісіне» айналады. Хадистерінің бірінде Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.):«Егер үмбетіме қиын тиеді деп қорықпағанымда, әр намаз алдында тазаланып, мисуәк қолдануды бұйырған болар едім» деген.
Материал «Күнделікті діни сауалдарға жауаптар» кітабынан алынды ummet.kz