Беташар да, тұсау кесу де ешқандай ширк емес...
Жақсы ырым жанға азық
Расында, бір нәрсені оң ниетпен ырымдағанды жақсы көретін халықпыз. Мысалы, үйімізге бір кісі келіп қалған сәтте қуанышты хабар естісек: «Бәрекелді, құтты қонақ келсе қой егіз табады», – деп естіген жақсылықты сол қонақ алып келгендей мәре-сәре болып, тіпті шапан жауып, сый құрмет көрсетіп, дәрежесін көтеріп тастаймыз. Бірақ әлгі сәтте жеткен жақсы хабар Алла тағала бұйыртып тұрса, сол қонақ келмесе де болатын жағдай. Десе де, дарқан көңіл қазақ қонағының мерейін асыру мақсатында осылай істеп жатады. Қазекемнің осы бір кіршіксіз ниетін шариғатпен байланыстырсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) : «Кімде кім ақырет күніне иман келтірген болса, онда қонағын құрметтесін» деген хадиске жасаған амалы болып шығады. Екінші бір хадиске зер салатын болсақ, «Әр қонақ сол шаңыраққа он ырыздықпен келеді де, біреуін жеп, тоғызын тастап кетеді», – дейді. Бұдан да қазекемнің «Қонақтың аяғымен құт келеді» деген пейілін аңғарамыз. Таразылай қарасақ, көнеден келе жатқан салт-дәстүрімізде шариғат талаптарына қайшы келмейтін көптеген ырым-жоралғыларымыз бар екен. Солардың бірі баланың тұсауын кесу. Кейбір дінде жүрген бауырларымыздың қазақтың ата-бабасынан келе жатқан дәл осы «Тұсау кесер» дәстүрін «Аллаға серік қосу» дегенін естігенде таңғалдым. Сонда біздің бабаларымыз құдайынан қорықпайтын дінсіз болған ба? Пәтуа шығарып, діндарлық танытайын деп отырғаным жоқ. Бірақ, осы мәселе төңірегінде білімді имамдар мен дінтанушылардан сұрағанымда Аллаға серік болатындай ешнәрсе естімедім. Ендеше, аталарымыздан ғасырлар бойы келе жатқан «Тұсау кесерді» жақсы ырымға жатқызуға әбден болады. Неге? Бұған да жауапты Расулымыздан жеткен хадистен таба аламыз. «Әрбір амал ниетке байланысты» депті адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Яғни, «Тұсау кесердегі» ниеттен шариғатқа томпақ келетін ешнәрсе көре алмайсыз. Атам қазақ баланың тұсауын тоқ ішекпен, көк шөппен және ала жіппен кескен. Қандай ниет жатыр, қараңызшы? Көзіммен көріп, құлағыммен естігенімді айтайын. Тоқ ішекпен кескенде «жоқшылық пен таршылық көрмесін, тоқ болсын» деп ниет қылған. Көк шөппен кесерде «көгеріп көктесін, өсіп-өнсін» деген тілеу болған. Ал көп жерде ала жіппен кеседі. Мұнда да «бөтеннің ала жібін аттамайтын адал азамат болсын» деген өте жақсы ниет жатыр. Балаңның болашағына үлкен сенім артып, көңіліңді өсіретін мұндай дәстүрден қандай жамандық іздеуге болады сонда. Олардың айтатын уәжі «Алланың қалауымен болатын нәрсені ала жіптен сұрау серік қосу емегенде немене» дейді. Басқа-басқа дәл осы тұсау кесерде кімде болса қолына пышақты ұстап тұрып, «біссмілдә» деп бастайды. Яғни, Алланың атымен басталып тұрған ырымда қайдағы «ширк». Және тұсауды аталарымыз сол елдің көшбасшы көсеміне, аузы дуалы шешеніне немесе беделді, сыйлы азаматына кестірген. Бұл да Пайғамбарымыздан қалған жол. Расулымыз (с.ғ.с) жаңа туған сәбиге құрма шайнап, таңдайына жаққан екен. Алла елшісінің (с.ғ.с) әрбір істеген амалы – сүннет. Осы сүннетті берік ұстаған аталарымыз үйіне аузы дуалы ақын, сөзге шебер шешен келсе жас баласының ауызына түкіртіп отырған. Жалпы дін қазақ даласына тәуелсіздік алғалы бері ғана келген жоқ. Кешегі Кеңестік кері саясаттың кесірінен жетпіс жылдық үзіліс болмаса (онда да түбегейлі тамырынан ажыраған емес еді), ата-бабаларымыздың асыл дінді өз қалауымен қабылдағалы да мың жылдан асып кетті. Бодандықтың бұғауынан шығып, тіліміз кәлимаға келіп, дінімізбен қайта қауышқанда «жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шығып», түрлі ағымдар ішімізден ірітіп, «өзі де қашайын деп тұрған қоян еді, қамыстың сыбдыры жақсы болды» дегендей, атеистік қоғам санасына сыналай кіріп алған кейбір бауырларымызға таптырмайтын сылтау болды. Сылтауды қойшы, әркімнің құлшылығы өзі үшін, ешкімді де міндеттей алмайсың. Дінімізде де мұндай зорлық жоқ. Бірақ, әлгі ағымдар өзімен өзі болмай, Алланың алдында қабыл болатын асыл дінімізге күйе жағуда. Осылай өз ішімізден шыққан мұсылман бауырларымыздың кейбір әрекеттерінен исламға неше түрлі «измдер» жалғасып, ел ішін бүлдіруде. Бүлінбей қайтсін атамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізден ат-тонын ала қашып, ағайынның ара жігін ажыратып жатса. «Биссмиллә» деп Алланың атымен бастап, «әлһәмдулилла» деп Аллаға мадақ айтқан, «иншалла» – «Алла қаласа» деп Жаратушысын аузынан тастамағаны жақсы-ақ. Бұл сөздердің қайсысын болмасын аталарымыздан естіп өстік. Соңғы кезде «Ақи» деп сөйлейтін де бауырларымыз пайда болды. Алғашында түсінбегеніммен сұрастыра келсем «ақи» біздің ана тіліміздегі «бауыр» деген сөз екен. Айналайын-ау, тілге жеңіл, құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиетін «бауыр» деген сөзден безіп «ақи» десе ақылды болып кете ме сонда?! Ақиқатына келсек «ақи» деп қазақ көзі қыли адамды айтпайтын ба еді? Алла тағала бізді топырақтан жаратты, Адам Ата мен Хауа Анадан таратты. Сөйтті де, ұлт пен ұлысқа бөлді және тіл берді бір-бірімен түсінісу үшін. Ендеше ана тілі де Алланың бізге берген нығметі. Олай болса, оны бөтен сөзбен араластырмай таза сақтау бізге парыз болмақ.
Тағы да бір бағзыдан келе жатқан дәстүріміздің бірі – беташар. «Бетіңді келін ашқаным, жаңа жұртқа қосқаным» деп басталатын «беташар» дәстүрін де Аллаға серік қосу дейтіндер шықты. Олардың да айтар уәжі ақылға қонымсыз. «Біз Аллаға ғана бас иеміз» дейді. Алла разы болсын. Бірақ, Аллаға бас ию мен келіннің сәлем салуында жер мен көктей айырмашылық бар емес пе? Сонда Бақара сүресіндегі: «Егер әке-шешеңнің біреуі немесе екеуі де қасыңда қартаятын болса оларға қарап «түф» деп кейістік білдірме. Керісінше оларға мейірім құшағын аш та: Раббым, олар мені кішкентайымнан бағып-қағып тәрбиелегеніндей, мейірімді болғанындай оларға рақымыңды төк» деп келетін аятты қайда қоямыз? «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі ше? Ұлдың әке-шешесі жаңа түскен келіннің екінші ата-анасы емес пе? Оларға сәл ғана бас иіп, ишара жасап, ризашылығын алудың қандай жамандығы бар. Сәлем салу дегеніміз келіннің келген жеріндегі ата-ана, ағайын туысына деген құрметінен туындаған салттың бірі. Асыл дініміз енді-енді қанатын жайып келе жатқанда «адамға бас имеймін» деп қайқайып тұрса, келін мен ағайын ортасындағы туыстық қатынасқа сызат түспей ме? Ал туыстықтың ара жігін ажыратпай, бірлігін сақтау ол да парыз. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) : «Дінді ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер. Қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер» деген хадисіне амал еткеніміз абзал мұсылман бауырлар!
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.2015, 05.04.2015, 06.04.2015, 07.04.2015, 08.04.2015, 09.04.2015, 10.04.2015, 11.04.2015, 12.04.2015, 13.04.2015, 14.04.2015, 15.04.2015, 16.04.2015, 17.04.2015, 21.04.2015).