Бес түрлі адаммен достаспа...
Имам Мұхаммед Бакыр былай дейді:
"Әкем имам Зәйнулабидин хазірет маған:
- Бес түрлі адаммен сөйлеспе, дос болма, - деп насихат айтты.
- Әкетай, айтқаныңызды құп алдым. Ол бес түрлі адамның қандай адамдар екенін білдірмес пе екенсіз? - деп сұрадым. Сонда былай деп түсіндірді:
- Пасық (Алланың бұйрықтарын орындамайтын) адаммен дос болма. Өйткені ол сені бір жұтым асқа, тіпті болар-болмас нәрсе үшін-ақ сатып кетеді.
- Болар-болмас дегенді түсіндіресіз бе? - деп сұрадым.
- Айтпағым, қолы жетсе деп өлермендік танытып, бірақ қолы жетпеген нәрсе.
- Әкетай, екіншісі кім?
- Сараңмен дос болма! Өйткені ол қатты қиналған кезіңде дүниесін қорғаштап, сенімен араластығын үзеді.
- Үшіншісі кім?
- Өтірікшімен дос болма! Өйткені ол жақынды саған алыс етіп көрсетеді.
- Төртіншісі кім?
- Ақымақпен дос болма! Өйткені ол саған пайда тигіземін деп зиян тигізеді.
- Әкетай, бесіншісі кім?»
- Жақын туыстарымен араласпай кеткен адаммен дос болма! Өйткені Құран Кәрімнің тура үш жерінде бұндай адамның оңбайтындығы айтылғанын байқадым".