Исламда қасиетті саналатын түндердің бірі – Бараат түні. Бұл түннің «Бараат» деп аталуының өзі араб тілінен аударғанда «тазару», «кінәсіздік» деген мағыналарды білдіреді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Себебі бұл түнде Құдай Тағала тәубе қылған адамдарды кешіреді деген хабар бар.
Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) Айша анамыздан:
– Бұл түнде не болатынын білесің бе? – деп сұрайды.
Айша анамыз:
– Алла және Оның елшісі жақсы біледі – деп жауап береді.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімінен тыс қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да, – деді (Бәйһақи).
Айта кетейік, биыл Бараат түні наурыз айының 6-нан 7-сіне қараған түнге сәйкес келіп тұр.