Өткен мақаламызда баланы емізудің қанша уақытқа созылуы керектігі жөнінде әңгіме еткен болатынбыз. Мақаланы оқыған көптеген оқырмандарымыз сәбиді омырдаудан дұрыс шығару жөнінде де жазуымызды сұрады. Сол оқырмандарымыздың сұранысына сай ізденіп көрген едік...
Ислам дінінде баланы омыраудан екі жастан кейін ғана шығарғанның абзалдығын айттық. Егер белгілі бір себептерге байланысты ол уақыттан ертерек шығару керек боп, ана баласының денсаулығына зиян келмейтініне сенімді болса, күйеуімен ақылдасып омыраудан шығара беруіне болады. Өйткені Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 233-аятында: «Егер әке-шеше ризалықпен кеңесіп, (омыраудан) айыруды қаласа, сонда екеуіне де күнә жоқ», – деген жолдар бар.
Сәби алты айға толғанда ана сүтінің үстіне қосымша тамақтар беріліп, екі жасқа келгенше жеңіл-желпі тағамдардың барлығының дәмін татып көре бастайды. Ана сүтіне деген мұқтаждық азаяды. Міне, осы кезден бастап омыраудан шығаруды қолға ала берген жөн.
Баланы қанша сағат сайын емізген дұрыс?
Мамандар пікірі баланы емізетін уақытқа қатысты екіге бөлінеді. Біреулері арнайы жоспар жасап, сәбиді үш-төрт сағат сайын күнделікті бір уақытта емізуге үндейді. Ал екінші топ баланың қарыны қай кезде ашса, сол кезде емізе бергенді қолдайды. Бірақ:
Нәрестенің өзі айта алмайтыны себепті, анаға баланың қай кезде қарыны ашқанын анықтау қиындау. Өйткені көптеген сәбилер ана омырауын алғашында қарыны ашып емсе, кейіннен қалыптасқан әдетпен әйтеуір сорып жатады. Кейде бала жыласа болды, аш деп ойлаған анасы ауызына емшек тосады. Жүйесіз тамақтану үлкендерге қандай зиян болса, кішкентай нәрестеге де тура солай, оның асқазанының дұрыс жұмыс істемеуіне алып келуі мүмкін. Балалардың көптеген аурулары дұрыс тамақтанбағаннан болады.
Жүйесіз тамақтанған бала кейінгі өмірінде де жүйесіз өмір сүруге бейім болады.
Жыласа болды, емшек алып үйренген бала, өмірде де сабырлықтан гөрі, мақсаттарына жету барысында сұраншақтыққа үйір келеді.
Сондықтан да жаңа туған нәрестенің өзін жүйелі тамақтандыруға әдеттенген дұрыс. Балаға арнайы режим жасауды қолға алсаңыз, мына жағдайларды
Есте сақтаңыз:
1. Өсіп, дамып келе жатқан балаға күнделікті бірдей режим жасауға болмайды. Жаңа туған сәбидің асқазаның кішкентай болатыны себепті алғашқы екі айында аз-аздан, бірақ жиі тамақтандыру керек. Бір жарым-екі сағат сайын емізуді кейін, ақырын-ақырын 3-4 сағатқа созуға болады.
2. Барлық баланың физиологиясы бірдей емес. Біреуінің қарыны тез ашатын болса, екіншісінің тәбеті тамаққа кешірек оянады. Сондықтан балаларыңыздың үлкеніне де, кішісіне бірдей тамақтану режимін жасамаңыз.
3. Баланы толық тойғанынша емізген жөн. Ұйықтап кетсе, ақырын оята отырып тойдырған дұрыс.
4. Түн ортасынан таң намазына дейін емізбейтіндей режим құрыңыз. Бұл сізге де, балаңызға да пайдалы болады.
5. Әр емізген соң бала да, өзіңіз де микробтан таза болуыңыз үшін омырауыңыздың ұшын мақтамен сүртіп отырыңыз.
6. Сәби еміп жатқанда асқазанына ауа баратыны себепті, іші желденуі мүмкін. Сондықтан емізіп болған соң көтеріп, арқасынан ақырын ғана қағып, ауа шығу үшін кекіртіп алыңыз.
7. Бірінің сүті тартылып кетпес үшін екі омырауыңызбен қатар емізіңіз.
8. Емізіп жүрген ананың ауыр, жүйкені жұқартатын жұмыстардан аулақ болғаны жөн. Ол омырауындағы сүтке де әсер етіп, балаға зиян келтіруі мүмкін.
Баланы қай кезде емізуге болмайды?
Мына жағдайларда ана баласын емізбегені дұрыс:
Ана туберкулез секілді жұқпалы аурулармен ауырса;
Ана жүрек-қан тамырларының ауруымен ауырса;
Талма, қояншық ауруларымен ауырса;
Анада қан аздық жоғары мөлшерде болса;
Ана ішімдік пен нашаға құмар болса;
Мұндай жағдайда емізген ана баласының денсаулығына зиян келтіреді.
Баланы қандай жағдайда омыраудан шығаруға болмайды?
Мамандардың көпшілігі жаз мезгілінде емшектен шығармауға кеңес береді. Өйткені ыстық кезде балалардың иммунитеті төмендейді, ағзаның сыртқы күштерге қарсы күресі саябырлайды. Сонымен қатар, жазда ішек инфекциясының пайда болу қаупі бар. Ол асқынса асқазан ауруына әкеліп соқтыруы мүмкін.
Баланың күнделікті өміріне өзгеріс әкелген жаңа үй немесе басқа қалаға көшіп барғаннан кейін де бірден омыраудан шығармаған дұрыс. Екпе қабылдағаннан кейін де бұл істі біразға дейін қоя тұрған жөн.
Педиатрмен ақылдасып алмай шығармағаныңыз жөн. Егер бала әлсіз, жиі ауырып қала беретін болса, жетілуі кешеуілдеп жүрсе, дәрігер тағы біразға дейін емізе тұруға кеңес беруі мүмкін.
Омыраудан қалай шығарған дұрыс?
Ал егер балаңызды омыраудан шығаруға шешім қабылдасаңыз, алдын-ала дұрыстап дайындалғаныңыз жөн. Барып, жергілікті дәрігеріңізбен ақылдасып алыңыз. Егер сәбиіңізді күніне 5 рет емізетін болсаңыз, алғашында төрт, сосын үш уақытқа азайтқаныңыз дұрыс. Қарыны ашқан уақытта емізгеннің орнына қосымша тамақтар беріңіз. Солай-солай емізуді екі, кейін бір мезгілге дейін азайтып, ақырын-ақырын баланың өзіне де байқатпай омыраудан шығарып жіберуге болады. Егер дәрігердің айтқандарын бұлжытпай орындасаңыз 7-14 күн ішінде бала ана сүтін іздемейтін болады. Алланың адамды жаратудағы кереметін көрмейсіз бе, осы кездері ана омырауындағы сүт ақырын-ақырын тартыла бастайды. Тек омырауыңызды қатты орап, сусын ішуді аз-маз азайтсаңыз болғаны. Ал балаңыз емшек сұрап жылайтын болса, орнына шырын беріңіз, ойнатып көңілін аулаңыз, бірге мультфильм көріңіз.
Баланы емізуді бірден тоқтатып тастау – анаға да, балаға да зиян. Ол сүттің қатуы, омыраудың ісіп, сыздап ауруына әкеліп соқтыруы мүмкін. Мұндай жағдай орын алған болса, ана бірден медициналық көмекке жүгінуі тиіс. Өйткені әлемде жыл сайын миллиондаған әйел сүт безінің қатерлі ісігіне ұшырайды екен. Оның негізгі себептерінің бірі дұрыс емізбеу, дұрыс емшектен шығармаудан туындайды. Мамандар «әйел адам 25 жасқа дейін кемінде бір бала туып, оны емізіп үлгеру керек» дейді. Ал осы уақытқа дейін балалы болмаған, сүті бола тұрып баласын емшектен ертерек шығарып жіберген, алғашқы жүктілікті тоқтатқан әйелдер қатерлі ісік ауруына шалдығуы мүмкін топта болады екен.
Омыраудан шығару барысында не істеуге болмайды?
1. Сүттің бөлінуін дәрі-дәрмекпен тоқтатуға болмайды. Мұның соңы кейін қандай да бір ауруға әкеліп соқтыруы мүмкін.
2. Бұрын қатты тартып, байлап тастау ұсынылатын. Қазір көптеген дәрігерлер бұлай істемеуге кеңес береді. Өйткені, қатты байлау сүт бездеріндегі қан айналымды бұзып, сүттің ұюына және ісіктің пайда болуына алып келуі мүмкін. Бірақ жылы етіп немесе орамжапырақ тартып орап қойғанның пайдасы болмаса, зияны жоқ.
3. Омырауға сүт жиналған жағдайда солай қалдырмаған дұрыс. Омырау жеңілдегенше сауып тастаған жөн.
4. Жалғыз шығаруға болмайды. Жаныңызда көмектесетін адам болғаны дұрыс. Өйткені бала күндіз емшек іздемеуі мүмкін, ал түнде сөзсіз іздейді. Ондай жағдайда тамағын алдын-ала дайындап қойып, әкесіне немесе әжесіне тамақтандыруға, ұйықтатуға беріңіз.
5. Бірер күн емізбей жүріп, кейін балаңыздың жылағанын, емшек сұрағанын көріп, шыдамай емізіп қоймаңыз. Не де болса соңына дейін төзгеніңіз жөн.
6. Балаңыздың алдында омырауыңыз көрініп тұратындай ашық киінбеңіз.
Марфуға Шапиян
www.islam.kz/kk/articles/islam-jane-otbasy/balany-omyraudan-durys-shygaru-joldary-1168/#gsc.tab=0