БАЛАНЫ НЕШЕ ЖАСЫНДА СҮНДЕТТЕУ КЕРЕК?
Сүндеттеу – Ислам дінінде әрі қазақ дәстүрінде ер баланың жыныс мүшесін жауып тұрған тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Араб тілінде «әл-хитан», медицина тілінде «циркумцизия» деп аталады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Мuftyat.kz-ке сілтеме жасап.
Медицина мамандары бұл рәсiмнiң адамның денсаулығына пайдалы әрі сүндеттеу арқылы жыныс мүшесі арқылы жұғатын көптеген аурулардың алдын алуға болатынын алға тартады. Ал шариғатымыз бойынша ер баланы сүндетке отырғызу – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Хадисте бес фитраттың (жаратылыстың) бірі ретінде сүндетке отырғызуды атап өткен. Әбу Һурайрадан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адамның табиғатына мына бес нәрсе тән. Сүндетке отыру, шат пен қолтықтағы түкті тазарту, тырнақ алу және мұртты басу (қысқарту)» (Бұхари, Мүслим).
Халқымыз баланы тақ сандарда, яғни үш, бес, жеті жасқа толған шағында сүндетке отырғызған. Ал шариғатымызда сүндеттеудің уақыты нақты белгіленбеген. Кейбір ғалымдар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейн туғаннан кейін жетінші күні құрбандық шалып, оларды сүндетке отырғызғаны жайлы хадисін негізге ала отырып осы уақытта сүндетке отырғызу мұстахаб деген. Өйткені бұл уақытта сүндетке отырғызса, балаға жеңіл болады әрі жарасы да тез жазылады.
Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн Әбидин өзінің «Хашия» еңбегінде: «Имам Әбу Ханифа арнайы дәлел келмегендіктен, сүндеттеудің шариғаттағы нақты уақытын белгілеп айтпаған. Ханафи мәзһабының кейінгі буын ғалымдарының бір тобы жеті мен он екі жас аралығында сүндеттеуді жөн санаған. Өйткені жеті жасқа толған бала басқаларға мұқтаж болмай тамағын өзі ішіп, өзі киіне алады. Сондай-ақ осы жасқа жеткен баланы намаз оқуға баулу – мұстахаб», – деген.
Ханафи мәзһабының көптеген ғалымдары «Бахру әр-Райқ» кітабында сүндеттеудің белгілі уақыты жоқ екенін, баланың сүндеттеуді көтере алатын уақыттан бастап балиғат жасына дейін орындала беретінін айтқан. Егер бала әлсіз болып, сүндеттеуді көтере алмайды деп, белгілі уақытқа дейін кешіктіруге болады. Егер бала сүндеттеліп туса, оны қайта сүндетке отырғызудың қажеті жоқ. Өзге де себептермен балиғат жасына дейін сүндетке отырғызылмаса, оны тезірек сүндетке отырғызу қажет.
Қорыта айтқанда, сүндеттеудің уақытын балиғат жасына дейін кешіктірмеген жөн. Шариғатымызда сүндетке отырғызудың нақты уақыты белгіленбегендіктен, баланың денсаулығы сүндеттеуді көтере алуына мән беріледі. Сондай-ақ сүндеттеу денсаулыққа қатысты мәселе болғандықтан, әр ата-ана медицина мамандарымен келісе отырып балаларын сүндеттейтін уақытты өзі белгілегені дұрыс.
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,
«Иман» журналы, №3, 2023 жыл