Адам баласы болмысынан байлыққа, дүниеге жақын тұрады. Өмірдегі сынақтың басым бөлігі де осы тоқшылық пен жоқшылық, дәулет пен байлық арқылы болады. Адам маңдай терімен тапқан аз ғана дүниесінің өзін мол әрі берекетті болғанын қалайды. Мұның ең дұрыс жолы мен әдісін пайғамбар қасындағы сахабаларға айту арқылы үйретіп кеткен екен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Ғазауаттардың бірінде қолға түскен ғаниметтерді сахабаларға бөліп беріп жатады. Тиесілі үлесін алған Хакім ибн Хизам пайғамбардың алдына бірнеше рет келіп, үлесін тағы да арттыруын сұрайды.
Бұған пайғамбар (с.ғ.с.):
«Ей Хакім! Бұл дүниенің мүлкі тартымды. Кім қанағатшыл болса, оның мүлкінде берекет болады. Ал кім оны ашкөздікпен және құмарлықпен алса, онда берекет болмайды. Олар қанша ішіп-жесе де еш тоймайтын адамдар секілді. Беруші қол, алушыдан әрдайым жоғары тұрады», – деп қанағатты болуға шақырады (Бұһари).
Хадистен көргендей, пайғамбар (с.ғ.с.) бізді дүние-мүліктен алыстатуды көздеген жоқ, алайда байлыққа осы дүниенің өтпелі бір бөлігі ретінде қарауға үгіттеді.
Жиналған байлықтың берекелі болуы үшін адамда қанағат қасиетін дамыту қажет екен. Сонда адам дүниенің құлы болмай, керісінше мүлікті қажетті жерде жұмсап, өзіне қызмет қылдыра алады екен.