Шағби былай деп әңгімелейді:
«Омар (р.а.) халифа болып сайланған соң мінберге көтеріліп:
– Аллаһ менің Әбу Бәкірдің тұрған жерінде тұрып сөйлеуіме разы болмайды, – деп, бір баспалдақ төмен түсті. Аллаһқа шүкіршілік етіп, мақтаулар айтқаннан кейін, сөзін былайша жалғады:
– Құранмен шынайы дос болғыларыңыз келсе, оны ұдайы оқыңыздар. Құранға лайық болғыларыңыз келсе, оның әмірлеріне мойынсұныңыздар. Есеп бермей тұрып, өз-өздеріңе есеп беріңіздер. Іс-әрекеттеріңізді, ой-ниетіңізді Аллаһтан жасыра алмайтын сол маңызды күнге қазірден дайындық жасаңыздар. Аллаһқа қарсы келген, әрі тәубесін ұмытқан ел билеушіге бағынудың қажеті жоқ.
Құлақ салыңыздар! Мен өзімді қазынаны басқару мәселесінде жетімдердің қамқоршысымын деп білемін. Мұқтаждық орын алғанда ғана қазынадан, оның өзінде де белгілі бір мөлшерде пайдалануға рұқсат етемін». (әл-Хинди, Кәнзул-уммал, 16/191/44214)
Омар (р.а.) басқа бір құтбасында:
«Есеп бермес бұрын, әуелі өз-өздеріңді есепке тартыңыздар. Өйткені мұны істесеңіздер, ақыретте жеңіл құтыласыздар. Ең елеусіз амалдарыңыздың өзін жасырып қала алмайтын сол ұлы күн келмей тұрып, алдын-ала қамданыңыздар», - деп айтады. (әл-Хинди, Кәнзул-уммал, 16/188 (44203)454).
Әзіреті Омардың ұлы Абдулла (р.а.) әкесінің былайша Пайғамбардан естіген сөзін айтқанын жеткізеді:
«Бір күні Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына, мен тұрған жерде былай деген болатын: «Сахабаларыма құрмет көрсетіңіздер. Олардан кейін келетіндердің, тіптен олардан кейінгілердің де қадірін біліңіздер. Бір заман келеді өтірік айтушылар көбейеді. Ол ол ма, базбіреулер ешкім шақырмай-ақ өздері келіп жалған куәлік беретін болады. Кімде-кім жаннаттың ең биік дәрежесін қаласа, жамағаттан бір елі ажырамасын. Себебі шайтан жалғыз қалған кісілерді үйірсектейді. Екі кісі болғанда алыстан торуылдайды. Ешбір жан бойжеткен әйел затымен жалғыз қалмасын. Өйткені шайтан араларына кіріп, жамандыққа итермелеуі мүмкін. Жасаған жақсылықтарыңыз қуантып, жамандықтарыңыз мұңайтатын болса, шын мәнінде мүминдігіңіздің нышаны болмақ». (Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд, 1/18 (114)).
Абдуллаһ ибн Адий айтады:
«Омардың (р.а.) мінберге шығып, былай дегенін естіген едім: «Құл Аллаһ үшін кішіпейіл болса, Аллаһ оның дәрежесін көтереді және оған былай дейді: "Алға бас, құлым! Осы қасиетің үшін Аллаһ саған жәрдемдеседі". Ол өз-өзін төмендетсе де, адамдардың арасында қадірлі болады. Егер әлгі құл өзіне берілген нығметтерді көтере алмай, нәпсісіне еретін болса, Аллаһ оны шыңырауға тастап: «Осы тұрған жеріңде қал», – дейді. Ол адам өзін қаншалықты биік санаса да, адамдардың алдында қадірі доңыздан да төмен болады». (Бәйхақи, Шуабул-иман, 6/275/8139).
Сахаба Абдулла ибн Аббас бір сөзінде былай дейді:
«Омар (р.а.) бір құтбасында рәжм (тас боран ету жазасы) жайында былай деді:
– Рәжім жөнінде біреу-міреудің алдауына түсіп қалып жүрмеңіздер. Рәжім Аллаһ тағаланың шектеу қойған жазаларының бірі. Құлақ салыңыздар! Аллаһ елшісі де рәжімді қолданған болатын. Осыдан кейін біз де жүзеге асырдық. Егер жұрттың «Омар Аллаһтың кітабында орын алмаған бір үкімді кітапқа енгізіпті», – деп айтатынынан күдіктенбегенде мусхафтың шетіне: «Омар ибн Хаттаб, Абдуррахман ибн Ауф, пәленше, түгенше, т.б. Аллаһ расулының рәжім жазасын қолданғанын көрді. Осыдан кейін біз де рәжім жазасын қолдандық» - деп жазар едім. Сіздерден кейін рәжімді, Дәжжалды, шапағатты, қабір азабын және кейбір мүминдердің тозақтан шығарылатынын жоққа шығаратындар болады». (Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд, 1/23/156).
Табиғин Саид ибн Мүсәйябтан (р.а.) жеткен бір риуаятта: «Омар (р.а.) Минадан түсіп келе жатып, Әбтах деген жерде аялдады. Түскен жерінде құмды үйіп, үстіне көйлегінің бір шетін төседі. Үйілген құмның үстіне шалқалай жатып алды да, екі қолын жоғары көтеріп:
«Аллаһым! Жасым болса келіп қалды. Әл-дәрменім азайды. Қарамағымдағылардың қатары көбейіп келеді. Ертең олардың обалына қалып, Сенің алдыңда жауап бере алмаймын-ау деп қорқамын. Олардың бастарына бәлекет келмей тұрып және Сенің әмірлеріңді орындауда қандай да бір қателікке жол бермей тұрғанымда, менің жанымды ала гөр. Мені қасыңа ал!» - деді" - дейді Ибн Мүсәйяб. (Ибн Сағыд, Табақатул-кубра, 3/334).