ӘУЛИЕ ДЕГЕН КІМ?

Әулиелер – Абай көрсеткен «толық адам» танымындағы хакiмдерден жоғары тұрған рухани ұстаздар. «Кәміл мұсылман» мен «Хакім» туралы бұрын жазғанбыз. Бұл мақалада «Әулие» туралы сөз қозғайық.

Әулиелер туралы: «...әулиелерге әулиелер оқыды, ғашық болды» – дейдi Абай отыз сегiзiншi қара сөзiнде. Бұл сөздер әулиелердiң мирастық тiзбегiн көрсетедi. Рухани бiлiм Жаратушыдан бастап ұстаздардан шәкiрттерге мирасқорлық тiзбек арқылы түскенде ғана таза болып, әрі қарай бүкіл адамзатқа тарай алады. Абайдың «...әулиелерге әулиелер оқыды, ғашық болды» деген сөзінен шәкірт ұстазынан тәлім алып қана қомайды, ол ұстазына деген сүйіспеншілікке жетеді. Осылай олардың арасында махаббат сезімі орнығып, жетілу шыңында ой-өріс, сана-сезімдері бірдей болып, болмыстары бірігеді. Бұл сопылық дәстүр.

Рухани жолда білім беру тiзбегі үзiлетін болса, онда рухани бiлiм фәни өмірдiң әсерiмен бүлiнiп, жетілу жолындағы адамдар адасады. Әулиелердiң маңызды мiндетi – рухани бiлiмдi алғашқы қалпынан өзгертпей адамзатқа жеткiзу. Сонда әулиелерден әулие үйренiп, ұстаздық тiзбек үзiлмей, адамзат рухани бiлiммен үнемi сусындап отырады. Рухани ұстазды мұсылманда «пір», не болмаса «мұршид» деп атайды. Ортағасырларда рухани ұстаз басқарған үлкен мектептер болған. Түркістандағы Ахмет Яссау басқарған рухани орталық солардың бірі болды.

Әулиелер туралы көп жазылған. Бiрақ олардың көпшiлiгi олардың өмірбаяны мен түрлi мистикалық қасиеттерiне арналған, яғни сыртқы көрiнiсiн ғана суреттейдi. Әулиелердiң iшкi дүниесiн сипаттау үшiн олардың рухани қасиеттерiн көре бiлу керек. Бұл тек қана өте жоғары жетiлген, солардың деңгейiндегi адамдардың ғана қолынан келетiн нәрсе. Сондықтан өздерi әулие қатарында болған iрi сопылардың өкiлi Руми, әл-Ғазали тәрiздi ғұламалар ғана олардың шын сипатын бере алады.

Әуелі әулиенің кім екеніне, бұл ұғымның қайдан келіп, қайдан шыққанына тоқталайық. Арабтың «уәли» деген сөзі қазақ тіліне дос, жақын деп аударылады. Уәлидің көпше түрі арабша әулийа болып шығады. Қасиетті Құранда «әулийа Аллаһи» – Алланың достары деген сөз тіркесі жиі кездеседі. Бұл аяттарда Алла тағала Өзінің әулиелеріне (достарына) нұр беретінін (16:2), оларды даналыққа ие қылатынын (18:65), Оны дос тұтқандар мен Оның дидарына ынтық болғандар үшін қайғы мен қауып-қатер жоқ екенін (10:62) баяндалады. Егер Шығыстың шайырларының сапына үңілетін болсақ, олардың жартысынан астамы Иран мен Орта Азия елдерінен шыққанын көреміз. Мұның себебі неде? Оның құпиясы исламға дейін парсы тілінде сөйлейтін елдерде, оның ішінде Иранда зороастризм діні болғанында жатса керек. Заратуштра арқылы келген бұл діни ағым болмыс көріністерін толығынан қамтитын рухани білімге негізделген. Бұл ілім мыңдаған жылдар өмір сүріп адамзат өркениетінің бір ошағы болған көне дүние тарихынан әйгілі сақ мемлекетіне де жат болмаған. Зороастралық парсылар ислам дінін қабылдағаннан кейін, өздерінің терең рухани білімін мұсылман аясына салып, болмыс сырларын терең түсіне біліп, соның арқасында діннің ішкі мағынасын ашты. Осылай зороастризм сопылық ағыммен үндесіп, исламның рухани және теориялық іргетасына айналды. Сондықтан ислам елдерінде діни, саяси және шаруашылық өмірде араб тілі қолданыс тапса, ал ғылым және поэзия тілі парсы тілі болып есептелген. Бұған шығыс шайырларының басым бөлігінің еңбектері парсы тілінде жазылғаны дәлел. Қазақ тіліне «Жар» деген сөз парсы тілінен енген. Сондықтан Шәкәрім шығармаларында да Жар мен ғашық (асық), жүрек пен дерт, рух пен нәпсі, шарап пен мастық, бұлбұл мен райхан гүлі, шам мен көбелек тәрізді сырлы сөздер бар.

Достық қарым-қатынас өзара тең адамдардың арасында қалыптасатыны белгілі. Мұндай адамдар өздерін бір-бірімен рухани жақын сезініп, олардың арасында шексіз сенімділік, сыйластық орнайды. Алла тағала таза рухани жан болғандықтан, онымен достық та таза рухани деңгейде болуы шарт. Шәкәрім мен Абай жанның Алла тағаламен салыстырғанда шексіз кішкентай екенін, бірақ сапа жағынан, яғни, қасиеттері жағынан Онымен ұқсас екенін білдіреді. Ендеше Алла тағаламен дос болу үшін шыбын жанның тазалығы Ғазиз Жанның тазалығына ұқсас болуы керек. Міне сол кезде ғана шексіз мейірімді Алла тағаламен достық байланыс орнатуға болады. Әулиелік дегеніміз, түптеп келгенде, осы. Сол кезде шыбын жан мен Ғазиз Жан бір-бірін тауып, айырылмастай «Әулие», яғни дос болады. Олардың қасиеттері ұқсас, яғни рухтары ұқсас халге жеткенде нағыз достар тәрізді Олардың ниеттері мен қалауларының арасында айырмашылық болмайды. Сол кезде шыбын жан өзінің Ғазиз Жанмен толық ұқсастығын сезініп, Одан айырмашылығы жоқ екенін, өзінің санасы Құдайдың санасына айналғанын түсініп әл-Халладж тәрізді «ан-әл-Хақ» мен «Құдаймын» дейді. Бұл, әрине, қарапайым мұсылман сезіп, түсіне бермейтін құпиялық мағынасы бар сөз.

Шын мәнінде әулиелік – адамдықтың, рухани жаңғырудың шыңы. Адам ғана емес, барлық жан иелерінің болмысы материялық және рухани негізден құралады. Шәкәрім адам бойында бұл екі негіз үнемі бір-бірімен күресте болатынын айтады. Жан иесінің сана-сезім деңгейіне байланысты оның «мен» деген сезімі осы екі негіздің ортасында болады. Сана-сезімі неғұрлым жоғары болса, оның «мен» деген сезімі де жанға жақын болып, өзін солғұрлым рухани болмыспен теңейді. Оның сана-сезімі таза сана деңгейіне жеткенде ол өзін жан ретінде толық сезінеді. Әулиелік деңгей осындай. Сонымен, егер жан иесі өзін таза тән ретінде сезінсе, ол – хайуан, ал таза рух ретінде сезінсе, ол – әулие. Қарапайым адамның өмірі осы хайуандық пен әулиеліктің арасында өтеді. Рухани жаңғырудың түпкі міндеті – адамды хайуан деңгейінен әулие деңгейіне көтеру.

Рухани болмыс шексіз болғандықтан, әрине, әулиелік те түрлі деңгейлерге бөлінеді. Кейбір әулиелер өзін материалдық болмыстың бір мүшесі екенін, Алла тағаланың материалдық қуатын сезінген кезде өзін болмыс көрінісімен теңейді. Алла тағаланың әлемдік порымын қамтитын сана-сезімнің бұл деңгейін ғылымда «космостық сана» деп атайды. Екіншілері өздерін таза рух екенін сезінеді. Алла тағала Ұлы жан болғандықтан, Оның да рухы бар. Ол рухты «нұр» деп атаймыз. Алла тағаланың «шапағат нұры» дегеніміз, міне, осы. Бұл деңгейге жеткен әулиелер Алла тағаланың нұрын, яғни рухани қуатын сезіп, оның сана-сезімі таза санаға айналып, санасы Алла тағала санасымен бірігеді. Осылай оның рухы мен Алла тағаланың нұры бірігіп, адам өзін «Алла тағаламен біріктім» деп сезінеді. Ал үшіншілері Алла тағаланың нұрын ғана алып қоймай, Оның тұлғалық қасиеттерін сезініп, Онымен достық, ғашықтық (асықтық) тәрізді өзара қатынас орнатуға жетеді. Осылай олар тұлға ретінде Алла тағаланы «Дос», «Жар» деп атап, өздерін Оған жақын, ғашықпыз деп сезінеді.

Әулиелер Алла тағаланы үнемі есінде ұстайды және Оны ешуақытта да ұмытпайды. Ол үшін олар Алла тағаланың қасиетті есімдерін үнемі қайталап, соның нәтижесінде өз бойларында сол есімдерге байланысты көркем қасиеттерді ұялатады. Әулие – жүрегі арқылы таза білім ала білетін, денесі сәуле шашып, маңына барған адамдарды шапағатына бөлеп, шипалы нәрін беретін, ақиқатты ешуақытта бұрмаламайтын шыншыл, өз ойын көркем өлеңмен бере алатын ақын және сөйлесе шешен, ақылы мен сөзі іс-әрекетімен толық сәйкес келетін кемеңгер, іске шебер, өз ісін жақсы білетін, қайтпас қайсар, барлық іс-әрекетін Алла тағалаға бағыштайтын иманды, таза, өзін ұстай білетін сабырлы, шыдамды, кешірімді, өзіне-өзі сенімді, жомарт, қажырлы, ержүрек, мейірімді, кішіпейіл, жүрегі ләззатқа толған бақытты, ешқандай жауы жоқ, бірақ барлығына мейірімді және қамқор адам. Бұлардың барлығы да жаннан шығатын рухани қасиеттер. Адамның рухани қасиеті дегеніміз – осылар. Әулиелік деңгейге, яғни бұл қасиеттерге тек қана шариғат пен білім арқылы жетуге болмайды. Бұл деңгейге тек қана рухани жаңғыру барысында білімді тәжірибе жүзінде іске асыра отырып болмысын өзгерту арқылы ғана жетуге болады.

Әулиелер өздерінің сезімдерін, рухани деңгейін көпшілікке жария етпей, сырт көзге білдірмей, құпия ұстауға тырысады. Себебі, бұл сезім үлкен талаптың, қайтпас қайраттың нәтижесінде пайда болатын зор жетістік. Жетістік неғұрлым жоғары болса, оны солғұрлым сырт көзден сақтай білу керек. Өйткені рухани қасиетті кез келген уақытта, нәпсінің ықпалымен оңай жоғалтып алуға болады. Сонымен бірге, бұл жетістіктің нәтижесі тек қана адамның өзінің құмарлығына ғана емес, ең әуелі Жоғары Ләззат Көзінің еркіне байланысты. Мүрит (тариқат жолындағы адам) өзінің Ұлы Жаратушымен салыстырғанда шексіз кішкене екенін, бойындағы барлық қадыр-қасиет тек қана Оның мейірім-қайырымдылығы арқасында ғана пайда болғанын, өзінің Оның алдында шексіз кішкентай, әлсіз, мардымсыз, сауатсыз екенін жақсы түйсініп-сезінеді. Сондықтан ол Алла тағалаға шексіз разы, өзін ешуақытта жасаушы, бұл қасиеттердің себебі деп есептемейтін тақуа. Ол барлық айла-шарқын тек қана Алла тағаланың разылығына арнап, өзіне ештеңені қажет қылмай, тек қана Жоғары Жаратушының еркіне мойын ұсынып, Оның билігіне толық беріледі. Алла тағаланың шапағат нұрына осындай тақуалық жағдайда ғана жетуге болады. Ол бұл фәни әлемнің ықпалынан толық шыққандық. Оны Ғазиз Жанның Өзі басқарады. Сондықтан мұндай жан ешуақытта қателік жібермейді. Рухани жолдағы адам Алла тағалаға толық мойын ұсынбайынша ешқандай да жетістікке жетуге болмайтынын жақсы біледі. Мұсылман ұғымының өзі арабтың «мүслим» деген сөзінен туындап, «мойын ұсынушы» деген мағына беретіні де осының белгісі. Мұндай адам осылай толық мұсылман болмаса Алла тағаланың шапағатынан айырылып қалатынын жақсы біледі.

Алла тағала мен адамның қарым-қатынасы рухани негізде болғандықтан, мұндай қатынас рухани әлемге жатады. Адамзаттың тілі адамдардың заттық әлемдегі өміріне арналған. Яғни ол рухани болмысты сипаттауға жарамайды. Материялық әлем рухани әлемнің көлеңкесі тәрізді, онымен ұқсастығы бар. Сондықтан сопы ілімінде өздерінің рухани сезімдерін жеткізу үшін, рухани әлемдегі түс-бейнелерді суреттеу үшін заттық әлемнің образдарын алып, өздерінің ойларын жеткізуге ұмтылады. Сопылық әдебиетте «Жар» – Құдайды, «шараб» (Шәкәрімде кейде қымыз) – Құдайдың нұрын, жүрек – нұр құйылған ыдыс, «мас болу» – Құдайдың нұрына бөленген шақты, «даяшы» – жүрекке нұр төгіп, өзінің шапағатын беретін Құдайды білдіреді.

Осымен үндескен әулиелік сипатты Шәкәрім былай деп береді:

Көрем десең Жарымды,
Мас боп жүрек тазала.
Өртеп жібер барыңды,
Қарсы ұмтыл қазаға.

Алла тағаланың шапағат нұрына шомылып мас болып өртенгенде жанатын нәрсе адамның нәпсісі. Нәпсінің ықпалынан толық шығып, тән құмарлығын толық жеңіп, жан билігін орнатуды өртену, яғни нәпсіні өртеу, жою болып табылады. «Өртеп жібер барыңды», бұл ұғымға не бар, соның барлығы, яғни, тек тән ғана емес, сонымен байланысқан: үй, мал-қора, дүние-мүлік тәрізді барлық материалдық байлық жатады. Бұл арадағы «Өртеп жібер» деген сөз тура мағынасында емес, оған қатты байланба, себебі олардың барлығы сенікі емес, Алла тағаланың саған берген түрлі қуат түрлері, сондықтан оларды түгелдей өз мақсаттарында, Жаратушының разылығы үшін жұмса деген ұғымды білдіретіні түсінікті болса керек. Бұл ұғым пайғамбарымыздың «Өлместен бұрын өл» деген хадисынан шығады. Себебі, Алла тағаланың шапағатына бөленіп, Оған деген махаббатқа жетіп, Түп Иеге қайтып, өмірдің түпкі мақсатына жету үшін осы әлемде өз нәпсіңнің ықпалынан толық шығу – негізгі шарт. Бұл шарттың ішкі мағынасы – нәпсіні, яғни, тәнді өлтіру тәрізді болып көрінгенімен, шын мәнінде «нағыз менді» – рухты өсіріп, «жалған менді» – нәпсіні ең төменгі сатыға түсіру. Осы дәрежеден әулиелік басталады. Бұл дәреже – әулиелік сипаты. Әулиелік сипат туралы Шәкәрім былай дейді:

Жар сипатын білсеңіз де,
Нәпсің өлмей деме Жар.
Айла, алдау өзіңізге,
Шын хақиқат қонбайды, – деп Алла тағаланың сипатын біліп қана қою, яғни білімнің жеткіліксіз екенін, нәпсің өлмей Алла тағаланы Жар деп атама, себебі, ол алдау болып табылады, деп үйретеді. Әулиелік дегеніміз білім емес, сананың одан жоғарғы деңгейі – ләззат деңгейі.

Адамның Алла тағаланың шапағат нұры алған сәттегі сезімін экстаз дейді. Бұл сәт – адамның жүрегі арқылы қабылданатын асқан қанағат, ләззәтті сәт. Адам өзінің болмысына байланысты қанағат сезімін тән, көңіл және жаны арқылы алады. Аштықтан кейін дәмді тамақ ішуді қандай ләззат әкелетіні кімге болса да түсінікті жағдай. Одан да жоғары сезім – ой-өріс, көңіл арқылы психологиялық қанағат, қуаныш одан да жоғары. Мысалы, алыс сапарда жүрген анасы үйде қалған баласының суретін көріп көзіне жас алуы осыған мысал бола алады. Ал ең жоғары қанағат, не болмаса ләззат – рухани ләззат. Рухани ләззатты рух арқылы жан алады. Сондықтан мұндай жоғары ләззат бүкіл денеге тарап, бірден білінеді. Бұл жоғары сезімді, өте жоғары жетілген рухани адам болмаса, қарапайым адамдар сезіне алмайды.

Әулиелер өздерінің сыр-сипатын сырт көзден таса ұстайтындықтан олардың рухани деңгейін анықтау өте қиын. Балықшы балықшыны алыстан көретіні тәрізді әулиелерді әулиелердің өздері ғана тани алады. Әулиелік қасиет адамның сөйлеген сөзінен, оның жүрген-тұрғанынан байқалады. Үндемей отырған адамның қасиетін білу өте қиын. Ол аузын ашып, сөйлей бастағанда ғана оның шын болмысы көріне бастайды. Оның не айтып, қалай сөйлеуі оның рухани деңгейін білдіреді. Әулиелер барлық іс-әрекетін, айтқан сөзін тек қана Алла тағаламен байланыстырып, Соның разылығына арнайды. Және оларды осы қасиеттері арқылы таный аламыз.

Әулиелер фәни әлем сөздерімен сезімдерін бізге жеткізгенде ол сөздер рухтанып, рухани қасиет алады. Сондықтан олардың жазған өлеңдері мен айтқан ойлары нағыз ақиқатты білдіріп, өте терең мағыналы және мәңгілікті қамтиды. Бұл рухани қуат адам жүрегіне терең бойлап, адам болмысын түрлі былғаныш, сырқаттан арылтып, көкірек көзін ашады. Шығыс шайырларының өлеңдерін оқығанда рухани болмыстан хабары жоқ адамның өзі бұрын өзіне белгісіз жағдайға түсіп, жаңа сезімдерге бөленеді. Ал мағынасын тереңірек түсінетін адамдар бұл өлеңдердің кереметтігіне қайран қалып, өзіне рухани азық етуге ұмтылады. Мысалы, неміс ойшылы, әрі ұлы ақыны Гете өзін шығыс шайырларының ұлтарағына да балай алмайтынын ашық айтқан, ал Шәкәрім болса Ғафиз өлеңдері сарыны арқылы өзінің Алла тағаламен байланысын көрсеткен бірталай өлеңдер жазды.

Әулие қарапайым адам түсіне бермейтін кереметтей қасиеттерге ие, ол Жарына жанын құрбан етіп өзге дүниені керексіз етіп, пайғамбарымыз айтқан «өлместен бұрын өл» деген қағидасын іске асырған. Шәкәрім «Жарынан бөлек жаны жоқ» деп оның қасиеттері Алла тағаламен толық үндесіп, бірігіп кеткенін білдіреді. Олардың тәндері толық рухтанып, рухани қасиет алған. Сондықтан, олардың денелерін отқа жақса да, рухани тәндері жанбайтын мәңгілікке айналған. Сократты өлтіреміз дегенде ол «Әуелі мені ұстап алыңдар» деп өзінің рухани денесінің бұл заттық әлемге бағынбайтынын, оны қолмен ұстауға болмайтынын білдірген. Әл-Халладжды қол аяғын бір-бірлеп шауып өлтіргенде ол «Менің жүретін басқа аяқтарым бар» деп оның денесін кескілеп тастаса да, бұл оның рухани тәніне ешқандай бөгет болмайтынын білдірген, ал өзі денеден жаны шыққанша үнемі күліп жатқан екен. Аллаға деген махаббатқа ешқандай да фәнилік өмір әсер ете алмайды. Себебі, Аллаға ғашықтық деңгейінде дозаққа жіберетін барлық күнәлар кешіріліп, жойылады. Мұндай ғашықтық дозақтың отында жанбақ түгілі, керісінше, оның отын өшіріп тастайды. Сонымен бірге, мұндай ғашықтар барлық жоғары қасиеттерге ие. Бірақ сопылықтың барлық салт-дәстүрін орындағанмен, егер жүрегің тайғақ саз тәрізді, яғни арамза молда тәрізді екіжүзді болсаң, оның бәрі бос әурешілік болып табылады.

Әулиеліктің кепілі неде? Абай әулиелік – бір діннің, не болмаса белгілі бір халықтың үлесі емес екенін білдіреді. Әулиелік – жан қасиеті. Сондықтан бұл қасиет діннің сыртқы мағынасын білдіретін рәсімдерге байланысты емес, оның ішкі мағынасын білдіретін жан тазалығына байланысты пайда болады. Әулиелік – бүкіл адамзатқа ортақ қасиет. Әулиелер, яғни «Алланың достары» түрлі діндердің, қауымдардың, нәсілдердің, ұлттардың арасында пайда болуы мүмкін. Әулиеліктің кепілі – Алла тағалаға берілудің тазалығы. Әулиелік жол – дүниені ұмытып бір Аллаға толық берілу. Дүниені неғұрлым толық ұмытып, Аллаға неғұрлым толық берілсең, әулиелікке де солғұрлым тез жетесің.

Түрік халықтары исламға дейін тәңіризмді ұстанғаны белгілі. Қазіргі заманда мұңғыл халқы тәңіризм мен буддизмнің өзара араласуынан пайда болған шаманизмді ұстанады. Шәкәрім «Тәңіріні іздеп бір мұңғыл, Тас суретке шоқынса» деп бастап, молдадан басқа дінде болса да «Сол кіреді бейіске» деп, оны бейіс пен жұмақ туралы көп айтатын, бірақ оларды бір-бірінен айыра алмайтын шала молдалармен салыстырып жазады. Ал шын ниеті жоқ, екі жүзді сандалмалар дүние іздеп Алланы алдаймыз деп уақыттарын босқа өткізеді. Оларға «Сен қаласың кейісте» деп ескертеді. Сондықтан ондай екіжүзді молда болғаннан, мешіттен кетіп, адал еңбекпен қоғамдағы өз міндетін дұрыс атқарып, Алла тағалаға солай құлшылық жасағаны артық екенін білдіреді. Бұл қай заманға болса да өте маңызды ғибрат. Екіжүзділер қай дінде болса да жеткілікті. Олар қарапайым халықтың алдында діннің жоғары беделін түсіріп, оны бұрмалап, дінге үлкен нұқсан келтіреді. Сондықтан, Абай да, Шәкәрімді де мұндай екіжүзділерді қатты сынайды. Шәкәрімнің сопылық жолдың қандай биік деңгейде екенін біле тұра, жалған сопыларды қатты сынайтыны, міне, осыдан болса керек. Нағыз діндарлар «Иманын сатып, алмас бөз». Яғни, адам баласы үшін ең қымбат нәрсе – иман. Нағыз діндарлар осы ең қымбат нәрсесін, иманды сатып, бөз (матаның ең арзан түрі) алмайды. Алла тағалаға деген осындай екі сөзсіз шын мінезбен берілгендік «Иман да сол, дін де сол – адаспайтын айқын жол» деп Шәкәрім әулиелік жолды айқындап береді. Сондықтан, мұсылман дінінде болмаса да «Әлгі мұңғыл – әулие», ал «Иманын сатқан жындының іздегені – дүние». Шәкәрім әулиелік жолды осылай анықтайды.

Сопылардың көзқарасы бойынша, рухани жетiлудiң негiзгi мақсаты – адам бойындағы қасиеттердi Құдай қасиеттерiмен жақындастыру. Бұл Абай ойымен толық сәйкес келетiнiн көремiз. Құдаймен жақындасу, мұсылманша – Алла дидарына жақындау деген сөз, кеңiстiкте, не болмаса физикалық денемен бiрiгу деген емес, әрине, бұл iшкi дүниемен, рухани жақындау деген ұғым. Сөйтiп, әулие мақсаты – Құдайға жақындау. Әулие деп өзiнiң рухани мақсатын анық сезiнiп, сол жолға бiржола түскендi айтады. Ондай адамды екiншi рет туды, яғни ол тәні осы фәни әлемде болғанымен, жаны рухани әлемге өтіп, өзiнiң Құдаймен байланысын сезiнiп, Сонымен ұқсас екенiн, Оның бiр бөлшегi екенiн ұғынды деп есептеуге болады. Осылай ол Абай көрсеткен өмір мақсатына – Түп Иеге қайтады.

Сопылар iлiмi бойынша әулиелерге екi мiндет жүктеледi: а) медиатор функциясы, яғни ол Құдай мен адамның арасындағы елшi; б) ғарыштық күш функциясы. Ол материалдық әлемнен тыс Құдай мен адамдарды байланыстыратын көпiр. Өзiнiң Құдаймен байланысын толық сезiнгендiктен, оның табиғатында руханилық пен адамилық қатар болады. Толық адамда Құдай мен адам (жан мен тән) бiрiгiп, бiртұтастығын толық көрсетедi. Сондықтан толық адам табиғат күштерiн ғана емес, рухани күштердi бiрiктiретiн микрокосм болып табылады.

Абай әулиелердiң хакiмдер мен кәмiл мұсылмандардан айырмашщылығы – олар Құдай тағалаға деген ғашықтық сезiмiне жеткендер екенiн айтады. Әулиелердiң ғашықтық дәрежесiн Абай: «... о дүниелiк пайдасын ғана күзеттi. Ғашықтары сол халге жеттi, дүниенi, дүниедегi тиерлiк пайдасын ұмытты. Бәлки қисапқа алмады» – деп суреттеп, олардың бұл фәни дүниенiң ықпалынан толық шыққандығын көрсетедi. Әулиелер – пайғамбарлар сияқты таза құлшылық жолындағы адамдар. Бұл дәрежеге адам өзiнiң рухани болмысын толық сезiнген кезде жетедi. Сондықтан, олар жан ретінде әрекет жасайды.

Бiрақ таза құлшылық жолындағы мұндай әулие адамдар өте сирек. Өйткенi ол жолда үлкен ынсап, зор талап қана емес, сонымен бiрге, Құдайдың ерекше шапағаты да керек.

Хакимдер дүниеде тиетiн пайдасын сөйледi, ғибрат көзiмен қарағанда, екеуi де (хаким мен әулие) бiрiнен бiрi жырақ кетпейдi. Әрбiрiнiң сөйлеуi, айтуы басқаша болса да, Алла тағаланың сұнғатына (шеберлiгiне) қарап пiкiрлемектiктi екеуi де айтады. Пiкiрленбек соңы ғибратламақ болса керек. Бұл ғақыл, ғылым – екеуi де өзiн зорға есептемектi, залымдылықты, адам өзiндей адамды алдамақты жек көредi. Бұл ғадаләт һәр екеуi де мархаматты, шапағатты болмақты айтып бұйырды, бұл рақым болса керек.

Бұл сөзбен Абай хакiмдер мен әулиелердiң екеуi де рухани адамдар екенiн көрсетiп отыр. Хакiмдердiң де әулиелердiң де мақсаты бiреу – ол Абсолюттiк ақиқатты тану. Хакiм мен әулие екеуi де адамзатты сүюшi, рақымшылық iстер iстеушi, екеуi де адамзаттың рухани ұстаздары.

Сонымен бiрге әулиелердiң хакiмдерден айырмашылығы үлкен. Олардың ең негiзгi айырмашылығы – әулиелер таза құлшылық жолымен толық тазарған болса, ал хакiмдердiң әлi де болса да ниеттерi күңгiрттеу келедi. Олардың бойын табиғаттың жоғарғы қасиетi – даналық қасиетi – билегенiмен, бәрiбiр фәни өмірдiң нәзік қасиеті – атақ-даңққа деген ынта-ниетi жанамалап жүредi.

Ал әулиелер болса, ниетi түгелдей тазарып, бұл фәни өмірдiң ықпалынан толық шыққандар. Олар материалдық құндылық тiлемейдi. Бiрақ Жоғары Күштiң қамқорлығымен оларға өмірге қажеттiң барлығы берiледi. Әулиелер Жоғары Жаратушының жер бетiндегi елшiсi тәрiздi рухани әлем мен материалдық әлемдi байланыстырып отырады.

Абай рухани жолдағылардың тақуа болуының екi себебiн көрсетедi: бiрi – дүние ләззатына алданып, ырқынан шыға алмай, Құдайға ықыласым шала болады деп өз бойына сенбегендiк, екiншiсi – өзгелер өзiнен үлгi алып, нәпсiсiн тежеп, имандылыққа бет бұрса деген үмiт. Осы екi себеп те әулиелердiң «жұртқа қылған артық махаббатынан» туады дейдi. Сөйтiп Абай әулиелердiң тағы бiр мiндетi – басқаларға бiлiм беру ғана емес, сонымен бiрге оларға үлгi көрсету екенiн бiлдiредi.

Рухани құлшылық жолы – тарихаттың қиындығы туралы Абай былай дейдi:

Бiрақ бұл жол – бек шетiн, бек нәзiк жол. Бұл жолда риясыз, жеңiлдiксiз бiр тоқтамға бекiп, iздеген кiсi ғана iстiң кәмәлатына жетпек. Бұл заманда ондай адам сирек, бұған ғылымның да зоры, шындық, қайраттың да зоры, махаббаттың Аллаға да және адамзатқа да бек зоры табылмақ керек. Бұлардың жиылмағы қиынның қиыны, бәлки мүмкiн емес болар.

Әулиелiк жолдың қиындығын және нәзiктiгiн данышпан осылай тұжырымдайды. Әулиелiк деңгейдегi адамдар фәни өмірдiң ықпалынан толық шыққандықтан, олар реттегiш тәртiптердiң көмегiнсiз-ақ таза рухани жолда болады. Себебi рухани заңдылықтармен өмір сүру олардың табиғи қасиетiне айналған. Олар болмыс заңдылығын ешуақытта бұзбайды.

Әулие – дүниенi тәрк етiп, таза құлшылық жолына түскен адам. Абай ойы бойынша пенделiктiң кәмәлатi осы әулиелiк жолда ғана болатын болса, яғни күллi адамзат дүниенi тәрк етсе, дүние ойран болар едi. Сондықтан әулиелiктi Алла тағала әр пенденiң маңдайына жазбаған. Белгiлi бiр рухани дәрежеге жетпей әулиелiк жолға түсемiн деушiлiк – бұл адамның өзiн басқалардан өзгеше көрсетпегi боп саналады. Адамның өз болмысын әуелi белгiлi бiр дәрежеде тазартып алмай рухани жолға түсуге болмайтынын данышпан былай деп түсiндiредi:

Басына hәм өзiне өзгешелiк бермек – адам ұлын бiр бұзатын iс. Әрбiр наданның бiз тариқатқа кiрдiк деп жүргенi бiз бұзылдық дегенiменен бiр болады.

Бұл сөздердi дұрыс түсiнудiң қоғам үшiн үлкен әлеуметтiк-саяси маңызы бар. Рухани жолдағы адамдар туралы халық арасында көптеген алып-қашты тұрлаулы-тұрлаусыз сөздер көп. Себебi рухани адамның дәрежесiн қарапайым адам бiрден анықтай алмайды.

Оларға рухани адам мен олардың атағын жамылып жүрген жалған «әулиелердi» ажырату қиынға соғады. Ал ол жалған «әулиелердiң» мақсаты Құдай жолы емес, өз құрсағының қамы болғандықтан, олар халықты алдау жолына түседi. Олардың әулие сипатына келмейтiн озбыр мiнез-қасиеттерiн көрген халық мұның себебiн бiле алмай дал болып, бүкiл әулие жұртына қарсылық ұйымдастырады. Сөйтiп, жалған әулиелердiң көрсеткен қырсықтары нағыз әулиелерге терiс көзқарас қалыптастырады. Бұл олардың жағдайын қиындататыны соншалық, тiптi кейбiр жерлерде олар қудаланып, кейде жазаға да тартылады. Қай халықтың арасында болса да мұндай жағдай жиi кездеседi.

Әулиелердi қудалаудың зияны өте көп. Рухани жолдағы адамдардың қасиеттері фәни өмірдегі адамдардың қасиеттерінен мүлде бөлек болады. Бұл әлемде барлығы материалды және ештеңе жоғалмайтын болғандықтан, рухани адамдарға қарсы ойлаған жаман ойлар, айтылған сөздер мен жасаған іс-әрекеттер сол ойлар, сөздер, әрекеттер шыққан адамға барып оралады. Рухани адамның деңгейі неғұрлым жоғары болса, табиғаттың әділет заңдылығы бойынша, оған кесапат жасамақ болған адамның зардабы да солғұрлым үлкен болады. Себебi әулиелер Алла тағаланың ең сүйiктi жарандары, сондықтан Ол өз сүйiктiсiн қорлағандарды кешiрмейдi. Бұған дәлелдi ислам елдерiнiң арасында сопылар тарихынан көптеп табуға болады. Сондықтан, рухани адамдарды сынауға, олардың кемшіліктерін көрсетуге, біреуін екіншісімен салыстыруға болмайды. Себебі, рухани адамдар мен қарапайым адамдардың қасиеттері бірдей емес, әртүрлі толқында. Сонымен бірге, рухани адамдар Алла тағаланың қолтығының астында болып, Жоғарғы Иенің Өзі қорғайтын болғандықтан, оларға ешкім де зияндық жасай алмайды. Бұл жағдайды әркімнің де есінде қатты ұстағаны дұрыс.

Сонымен бірге, қудалаушылар өздерінің әрекетімен рухани адамдарға деген сенiмiн жойып алады. Сөйтіп олар рухани адамдардың беретін терең рухани байлығын қабылдай алмайды. Сопыларды қудалауда «шала молдалардың» әсерi де аз болған жоқ. Құдай алдында «сырты бүтiн, iшi түтiн» болғандықтан, оларды әшкерелеп, дұрыс жолға салғысы келгендерді ұнатпай, бұлар үнемі қарсы қаруласып отырды.

Абайда да, Шәкерiмде де сопыларды ұнамсыз сөздермен атаған жерлерi бар. Ондай сөздердi оқығанда бұлар нағыз сопы емес, жалған сопылар туралы айтылған екенiн ойдан шығармау керек. Себебi олар нағыз сопыларды жақсы түсiнiп, қолдай бiлген.

Сопылық жолда таза ниетi мен соған сәйкес ынтасы болмаса, ондай адамдар өзiне де, қоғамға да зиянын тигiзедi. «Әрбiр наданның бiз тариқатқа кiрдiк деп жүргенi бiз бұзылдық дегенiмен бiр болады» – деген Абай сөзiнен осыны ұғамыз. Ниетi тазармай, әулиелiк жолды құлқыны үшiн қабылдағандар өздерiнiң табиғи мiндеттерiн атқармай, қоғам өмірiне керi әсер етедi. Сондықтан Абай былай деп ескертедi: «Бұлай болғанда малды кiм бағады, дұшпанды кiм тоқтатады, киiмдi кiм тоқиды, астықты кiм егедi, дүниедегi Алланың пенделерi үшiн жаратқан қазыналарын кiм iздейдi». Сонымен бiрге ондай адам күнәға батып, өзiнiң соған сәйкес жазасын алады.

Сонымен көпшiлiк қауымның түгелдей таза құлшылық жолына түсуiне мүмкiндiк жоқ екенi белгiлi болды. Құдай шапағатын алмаған, яғни көкiрек көзi ашылмағандар үшiн Абай жаңағы сөзiн былай деп жалғастырады: «Құдайдың бергенiне шүкiршiлiгiң жоқ болса, әдепсiздiкпен күнәкәр болмайсың ба?» деп оларды өмірдегi өз орнын бiлiп, реттi өмір кешуге үйретедi.

«Толық адамның» жоғары деңгейінде тұрған әулиелер туралы мағлұматты жуырда жарық көрген «Абай мұрасын қолдану» атты кітапта бергенбіз.

 

Досым ОМАРОВ,
абайтанушы, теолог.

mazhab.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста