Табиғи теріден тігілген ішіктер кию бүгінгі таңда сәнге айналған. Ғаламтордағы видеоларға сенсек, ішік өндірушілер қаракүзеннің терісін тірідей сыпырады екен. Шариғат бойынша ішік киюге тыйым салынған, салынбағанын Абдусамат Қасым тарқатып айтып берді деп жазады Ihsan.kz.
Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) тері иленген кезде тазаратынын айтқан. Демек, еті желінбейтін жануардың терісі иленіп, өндеуден өткеннен кейін таза саналады. (доңыз терісінен басқасы).
Осыдан кейін теріні түрлі кәдеге жаратуға болады. Мысалы, ішік, құлақшын, етік тағы басқа киімдер тігім, түрлі бұйымдар жасауға болады екен.
Қазіргі таңдағы қаракүзен сияқты түрлі аң терісінен өнделіп тігілген ішіктерді киюдің күнәсі жоқ. Деректер бойынша, имам Ағзам Әбу Ханифаның тиін терісінен тігілген бас киімі болған екен. Ал хадисші Даххак бұлғын терісінен тігілген құлақшын киген.
Алайда қандай да бір жануардың немесе аңның терісін тірідей сыпыру арқылы жапа шектіру ауыр күнә болып табылады. Ондай нәрсе – харам болып табылды екен.
"Алла тағала әр нәрсеге мейірімдік көрсетуді жазып қойды. Егер, өлтіретін болсаңдар ең абзал түрде өлтіріңдер. Мал соятын болсаңдар, ең абзал түрде сойыңдар", - деген пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде.
Бір хадисте, кішкентай шымшықты ермекке өлтірген адамнан қиямет күні оның ақысы алынатындығы ишара етілген.
Тағы бір хадисте мысықты аштан қатырғаны үшін әйел адамның тозаққа тасталғандығы айтылған. Сондықтан да, мұндай жауыздыққа исламда орын жоқ.
Дегенмен ішік атаулыны кию харам деуге болмайды, себебі тірідей тері сыпыру сияқты бассыздық барлық елде орын ала бермейді.
"Кімде-кім бір жаман әрекет көрсе (дұрыс емес әрекет көрсе), оны қолымен өзгертсін. Оған күші жетпесе, сөзбен айтып, өзгертсін. Оған да күші жетпесе, жүрегімен жек көріп тұрсын. Бұл - иманның ең әлсіз көрінісі", - деген ардақты Алла елшісі.