Алла адамдардың қызметшісі ме?
Кеңес заманында атейстік, яғни құдайсыздық түсінік сән болып саналатын және бұл көзі ашықтықты, заман ағымын түсініп, оқыған білімділікті көрсететін дәреже болып саналатын. Қазір де сондай үрдіс белең алғандай. Енді бұл үрдіс кері бағытта жүріп жатыр. Яғни, адамдар діндарлықты мақтаныш етіп, ол адамның оқыған-тоқығандығын, білім деңгейін көрсететін өлшем ретінде қабылдана бастаған сыңайлы.
Тілекті орындаушы робот
Атбасарда аудандық газеттің редакторы болып қызмет етіп жүрген кезімде музейді басқарған бір әпенділеу кісі болды. Музей мешіттің жанында болатын. Бір күні мешітте бір шара өтіп, соған қатыстым. Музей директоры да болды. Содан имам сөз сөйлеп, соңынан дұға оқып, бет сипап бата жасады. Мен де алақанымды ашып бата қайыруға дайындалып отырғанмын. Музей директоры маған қарап: саусақтарыңның арасын біріктіріп, алақаныңды бет жуатын адам сияқты бүгіңкіреп ұста деді. Мен оның бұнымен не айтқысы келгенін ұқпадым. Өзі солай ұстап отырды.
Бұның сырын ол сыртқа шыққасын айтты. «Молда бата жасағанда Алла аспаннан оның айтқан тілектеріне орай нұр жебереді. Саусақтарыңның арасын ашып ұстасаң, нұр арасынан ағып кетеді, ал біріктіріп, алақаныңды бүгіп ұстасаң, нұр түгел алақаныңда қалады. Оны аумин деген кезде бетіңе жағып жіберсең, Алланың нұры бойыңа сіңіп, тілеген тілектеріңнің бәрі орындалады» дейді ол. Қалжыңбастау ағамыздың бұл айтқаны әзіл сияқты болғанымен, оның астарында ащы шындық бар еді.
Былай қарасаң, адамдардың әрекеті Алланы бар арман-тілектерін орындаушы роботқа айналдырып алғандай әсер қалдырады. Қит етсе бата тілейтіндер көбейді. Дінге қатысты өтетін барлық шаралар имам-молдалардың батасынсыз өтпейді. Бата соңында имамдар еліміздің береке-бірлігі мен өркендеуінен бастап, денсаулық, байлық, бақыт, ұзақ ғұмыр сияқты пендешілік тілектерінің бәрін шұбыртып шығады.
Я Алла ұзақ өмір бер, я Алла байлық, тыныштық, береке, бақыт бер, я Алла өлілерге иман, тірілерге несібе бер… деп тілектер тізбесі созыла береді. Адамдар намаз оқиды, ораза ұстайды, қажыға барады, садақа береді – бәрін сауап алу үшін, яғни ертең өлгеннен кейін жұмаққа кіргізетін путевка алу үшін және тіршілігінде бақуатты болып, қайғы-мұңсыз тірлік кешу үшін жасайды.
Иә, арасында «барлық тағат ибадаттарымызды Алланың разылығы үшін жасап жатырмыз» деп өзге түгілі, өздері де онша сене қоймайтын бірдеңелерді айтып жатады. Дегенмен де, шын жүрегімен Алланың разылығы үшін еш ақысыз, себепсіз қызмет жасап жүрген мұсылман аз, тіпті жоқтың қасы.
Аллаға қызмет ету – адамның ең басты парызы
Құранда «Мен жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» деген аят бар. Осыдан ұғарымыз: адамның ең басты және ең негізгі МІНДЕТІ – АЛЛАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ. Сіз христиансыз ба, мұсылмансыз ба, ақ, қара, сарысыз ба – бәрібір, сіздің ең басты міндетіңіз, парызыңыз АЛЛАҒА ҚҰЛШЫЛЫҚ ЖАСАУ. Ол үшін сіз міндеттенбеуіңіз қажет. Өйткені, Алла сізді Өзіне құлшылық етуіңіз үшін ғана жаратты.
Ал бала-шағалы болу, бай-бақуатты болу, мансапқа, атаққа ие болу, ұзақ өмір сүру, басқа да пендешілік қажеттіліктердің бәрі – СІЗДІҢ ӨЗІҢІЗ ҮШІН ҒАНА ҚАЖЕТТІ нәрселер. Ол қажеттіліктеріңізді Алланың алдындағы ең басты міндетіңізбен шатыстырмауыңыз керек. Сондай-ақ, жұмаққа барасыз ба, тозақтың отына түсіп өртенесіз бе – ол да маңызды емес. Маңызды нәрсе – өзіңіздің ең басты және ең негізгі МІНДЕТІҢІЗДІ ОРЫНДАУ.
Ал қазіргі дін жолын ұстанып жүрміз дегендердің көкейлерін тескен нәрсе – БҰЛ ДҮНИЕНІҢ ИГІЛІКТЕРІ және ЖҰМАҚҚА КІРІП ХОР ҚЫЗЫН ҚҰШУ ниеті. Олардың Алламен қатынасы КОММЕРЦИЯЛЫҚ негізде құрылған. Яғни, мен Саған құлшылық етемін, ал Сен менің талап-тілектерімді түгел орындайсың –деген негізде. Сол үшін де діни рәсім жасалса болды дереу алақан жайып бірдеңелерді сұрап жатады. Әлгі діни рәсімді сол игіліктерді сұрау үшін ғана жасайтын сияқты.
Шындығында, әрбір пенде Алланың алдындағы барлық парыздарын жалғыз мақсатпен: Алланың РАЗЫЛЫҒЫ ҮШІН ҒАНА жасауы тиіс. Біздің Алладан ештеңе сұрап алақан жаюға қақымыз жоқ. Өйткені, діни рәсімдерді орындау арқылы біз өзіміздің ең басты парызымызды орындаймыз. Ал парызды орындағаны үшін ақы тілеуге болмайды. Мәселен, ата-ананың парызы – балаларын асырап, жеткізу. Сол үшін балаларынан ақы тілеуге бола ма?