1. Ері әйеліне талақ етуге өкілеттілік берген болса, әйелі өзін талақ ете алады. Мұны «тәфуиди талақ» дейміз[1]. Талақтың бұл түрі айтылған сөзге қарай - «рижғи талақ» немесе «баин талақ» үкімін алады.
2. Әйел кісі ерімен белгілі ақыға келісіп, «талағын» сатып алуы мүмкін. Бұны «хүлғ» деп атайды. Бұл - «кіші байн талақ» үкімін тудырады[2].
3. Әйел кісі кейбір зәру жағдайлар себепті қазыға (бүгінде мұсылман сот) жүгініп, сот арқылы ажырасуға құқы бар.
Бұлардан өзге әйел кісінің өз бетінше «талақ» деп айтқан сөзі – талақ болып есептелмейді.
Дінімізде талақ ету құқы - тікелей отағасына тән[3]. Жоғарыда сайып өтілгендерді айтпағанда, әйел кісіге тікелей талақ ету мүмкіндігі берілмеген. Бұл - әйел затының нәзік табиғатын, әрі аса сезімталдылығын ескергендіктен болса керек.
Бұнымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләмның мына бұйрығын айтпай кетуге болмайды. Ол (с.а.у.) былай дейді:
«Қайсыбір әйел ешқандай залал көрмесе де күйеуінен талақ сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі харам»[3].
Сондықтан да, қит етсе «кетемге» басып, ажырасуды көздеудің күнә екендігін естен шығармаған жөн.
[1] Мысалы, ері әйеліне: «Өзіңді қалаған уақытта талақ ет» десе, әйел кісі сол мезетте немесе басқа уақыттарда талақ ете алады. Алайда, «қалаған кезде» деп емес, жай: «Өзіңді талақ ет» деген жағдайда, әйелдің тек сол мезетте, сол мәжілісте ғана талақ ету құқы бар. Егер, орнынан тұрып, кетіп, басқа нәрселермен шұғылданса, есептелмейді.
[2] Рижғи талақ - үш хайыз уақыты ішінде қайта татуласуға мүмкіндік бар, неке жаңартпайды. Байн талақ - "үлкен байн" және "кіші байн" талақ болып бөлінеді. Үлкен байн талақта қайта қосылу мүмкіндігі жойылады. Кіші байн талақтан кейін - әйелдің ризалығымен қайта неке жаңартуға мүмкіндік бар.
[3]Ақыл-есі дұрыс, кәмілетке толған болуы шарт.
[4] Әбу Дәуід: Китабут Талақ – бәбу фил Хулъи- №2226 хадис.