Адам баласының жаратылуында үлкен мән, мағына бар. Адам – бір бос жаратылыс емес, рухани кемелдік иесі. Ол адамды рухани кемелдікпен, махаббатпен жаратқан. Абай адам мен Алланың арасындағы махаббатты «сүю» деп атайды. Алланың өзі жаратқан адам ұрпақтарына деген рақымы мен мейірімінде, махаббаты мен сүйіспеншілігінде шек жоқ, бірақ шарт бар.
Абай – Алланың адамды махаббатпен, сүйіспеншілікпен жаратқанын көңіл көзімен көреді. Алланың адам баласын махшарда сұрау беретұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат бар екендігіне көз жеткізеді.
Cөйтеді де: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?» – дейді. Бұл Абайдың алғашқы сүюі – адамның Аллаға деген махаббаты. Бұл жайында ол өзінің: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», «Жүректің ақыл суаты, Махаббат қылса тәңірі үшін», – деген өлең жолдарында жеткізген. Ең бірінші махаббат – Жаратушыға арналатынын осыдан байқай аламыз.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – деген жолдарында екінші сүюді сипаттайды. Абай адамдардың өзара қарым-қатынастарын да ерекше назарға ала отырып, махаббат қылмақ керек екендігін түсіндіреді. Адамдар бір-біріне тату, ізгілікті, сыйлы болғанда ғана ізгі қоғам орнайтындығын жеткізгісі келген. Расында, адамдарды сүйген, ізгі бола білген жанды Алла да сүйеді. Ол Абайдың: «Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін», – деген өлең жолдарында анық байқалады.
Келесі сүюді Абай: «Және хақ жолы осы деп әділетті», – деп бүкіл тіршілікпен байланыстырып қояды. Отыз сегізінші қара сөзіндегі нақлия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып ұсынатын ғадаләт ұғымына іліктесетін үшінші сүюі. «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңіндегі басты ой да осы үшінші сүюдің баламасы ретінде берілген.
Мұхтар Әуезов «Абай танымындағы әділет ұғымының өзі мұсылмандық діни танымнан табиғаты бөлекше», – деп жайдан-жай ескертіп отырған жоқ. Өйткені Абай шығармаларында өзекті желідей тартылған әділет ұғымы дін исламда баяндалатын әділет ұғымынан басқаша екенін ескертіп барып, мән бере қарауды талап етеді. Негізінен Абай ілімін рухани жетілу жолында да, материалдық өркениет жолында да қарастыра аламыз. Бірақ «Имани гүл» деп аталатын үш сүю танымын әуелі бақи әлем тұрғысынан қарастырған абзал.
Адам баласы өмірінің алғашқы кезінде әуелі ата-анасын жақсы көреді, сонан кейін оның сүйіспеншілігі ағалары мен қарындастарына, ал өсе келе өзінің отбасына, қоғамына, отанына, халқына, немесе бүкіл адамзатқа бағытталуы мүмкін. Осылай махаббат сезімі жетіліп тереңдей береді. Адамзатқа деген махаббат – сүйіспеншіліктің шыңы емес, алғашқы қадамды білдіреді. Бірақ ол шыңға көтерілу үшін әуелі махаббаттың ең жоғарғысы не екенін білуіміз шарт. Бұл ақиқатты: «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», – деп Абай бабамыздың өзі де көрсетіп отыр. Сүйіспеншілікке жету оңай емес екенін үлкен ғұламалардың барлығы да растайды. Жаратушыны бірден сүю мүмкін емес болғандықтан, әуелі Оның жаратқандарын сүюге ұмтылу керек. Сондықтан Абай үшінші тұжырымында: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және Хақ жолы осы деп әділетті», – дейді. Абайдың бұл үштік сүю танымын адамның бойына сіңіруде кемелдік пен ізгілік бар. Алғашқы сүюді қалған екеуі айқындай үлкен түсуінде мән бар.
Оны Абайдай түсінген және жеткізе білген жан кемде-кем. Абайдың бүкіл шығармашылығының астарында осы үш сүюдің негізі жатқандай, оның ақыры да адамзатты толық адам дәрежесіне жеткізумен жалғасады. Абайды оқу, оның ілімін өзінің ішкі жан дүниеңде қорыту, өмірде ұстанымға айналдыру – ел ертеңі болар жастардың басты парызы болмақ. Сол себепті де мектеп қабырғасынан бастап Абай дүниетанымымен, шығармашылығымен таныстырады.
Әрбір жас өзінің дүниетанымының қалыптасуында Абай айтқан «Жанның пайдалы тамағымен» сусындауға саналы түрде бет бұрғанда ғана толық адам жолына түсе алады. Абай адастырмайды, керісінше мына жалған дүниенің мәнін түсіндіреді.
Абай армандаған адамзат – қандай жағдайда да шыншылдықты жоғары қоятын, жүрегі мейірім мен махаббатқа толы, еңбек пен кәсіпке адал, жауапкершілігі жоғары, білімі мен тәрбиесі сай кемел жанның жиынтығы. Барлығымыздың осы жолда жүруіміз кемелділігіміздің жарқын көрінісі болмақ. Абай айтқан имани гүлімізді азғындықтың аязына үсіруден, қатігездіктің желіне тоңдырудан, сыңарезуліктің тоқпағына сындырудан сақтасын.
Г. БЕКЖАН,
Түркістан облысы Дін мәселелерін зерттеу
орталығының теолог маманы,
Р. Нарбек