Қажылыққа пара-пар қайырымдылық
Қасиетті Рамазан айы аяқталысымен мұсылман қауымы исламның бес парызының бірі – қажылықты атқаруға кіріседі. Бұл қасиетті парыз – қажылық сапардан республикамыздың мұсылмандары да шет қалып отырған жоқ. Қазақстанның мұсылмандары 1993 жылдан бері қажылық амалын атқарып келеді. Осы уақыт аралығында еліміздің 30 мыңнан аса азаматы қажылық парызын өтеген.
Бүгінгі күні Қазақстанда 11 млн мұсылман тұрып жатыр, бұл – республика халқының 70 пайыздан астамы.
Өткен жылы Араб елі қажылық үшін қазақстандықтарға төрт мың орын бөлген болатын. Алайда өткен жылғы әлемде доңыз тұмауының белең алуы бірқатар кедергі келтіріп, тек 2800 жерлесіміз парызын өтеп қайтты.
Әлеуметтік жағдайы келген әрбір мұсылманның қажылықты өтеуі – парыз. Қажылық сапарға адал еңбегі, маңдай терімен тапқан қаржымен, шын ниетпен бару керек. Десек те, бір кездері қажылық сапарға тек пайда табуы мақсатында сауда-саттық үшін барған азаматтардың көптеп болғаны жасырын емес. Дегенмен «көш жүре түзеледі» демекші, ондай келеңсіздіктер жойылды.
Шариғатта қажылықтың екі түрі белгіленген:
1. (әл-хәжж) – парыз немесе үлкен қажылық. Қажылықтың бұл түрi Құрбан айт уақытында, яғни Зүл-Хижжә айының 8, 9, 10 жұлдызында орындалады.
2. (әл-ьумра) - ғұмра немесе кiшi қажылық. Ғұмра Зүл-Хижжә айының 8, 9, 10 – нан басқа уақыттарда орындала бередi.
Қазіргі таңда қажылық парызын өтеуге әлеуметтік жағдайы келмейтін мүсәпірлердің қажылық сапарға бару шығынын көтеріп, қайырымдылық жасап жүрген жомарт жандар да жоқ емес. Алайда соңғы уақытта қажылыққа бірнеше рет барғанын мақтан етіп, бәсекелестікке барып жүрген жандардың бар екені өкінішті. Біз бірнеше рет баруына қарсы емеспіз. Тек мақтан үшін он рет қажылыққа барғанша, «қолы қысқа» ниеттенушіні қажылыққа жіберіп, қайырымдылық жасаса, мұндай имандылықтың сауабы мол боларын ескерсе екен дейміз. Осы тұста мына бір оқиғаны оқырман назарына ұсынғанды жөн деп таптық.
Аңыз бен ақиқат
Байлығы тасып-толған бір кәсіпкер қажылыққа баруға ниет етіпті. Алайда кәсіпкерлікпен тапқан табысының түгелдей адал жолмен табылғанына күмәнданған әлгі азамат ауылдағы иманды қариядан ақыл-кеңес сұрайды.
Қарияның кеңесі:
«Саған ертеде болған бір оқиғаны айтайын. Ертеде бай мен жарлы көрші болыпты. Жарлының бес баласы, байдың жалғыз ұлы бар екен. Күндердің күнінде үйге қайтып келе жатқан жарлы жол бойында өліп жатқан малға кезігеді. Мал етін үйге алып барайын десе, харам, алмайын десе, үйдегі бес бала аш. Жаратқаннан кешірім сұрап, мал етін үйіне апарады. Ет пісіп, тамаққа отырған кезде балалармен ере байдың жалғыз ұлы да келеді. Бірақ жарлы бай баласына еттен дәм татырмайды. Бай баласы үйіне жылап барады. Ашуланған бай «баладан бір түйір етті қызғандың ба?» деп жарлының жер-жебіріне жетеді. Сонда жарлы еттің қайдан келгенін айтып, «менің балаларымның жейтін басқа тамағы жоқ, ал сіздің үйде тамақ жеткілікті, сондықтан сіздің балаңыз харам етті жемей-ақ қойсын деген ниетпен бермеген едім» дейді. Бай ойға қалады. Ұзақ ойланып, көршінің балалары жеуге тамақ таппай отырғанда қажылыққа барғаным дұрыс болмас деп, жинап отырған ақшасын жарлыға береді. Қажылыққа барып қайтқан өзге бай-манаптар байға келіп, «Қағбаны айналып тәу етіп жүргеніңізді көрдік, бірақ барар сапарда да, қайтарда да сізді байқамадық қой» дейді. Бай жасаған қайырымдылығының қабыл болғанын ұғады. Алла жасаған қайырымдылығы үшін қажылығын қабыл еткен екен. Міне, енді қажылыққа барасың ба, жоқ әлде, қайырымдылық жасайсың ба өзің біл» дейді.
Қарияның әңгімесін тыңдаған кәсіпкер жігіт қажылыққа барғаннан гөрі көмекке зәру мүсәпірге көмектескенді абзал деп тауып, қажылыққа деп жинаған ақшасын көрші үйдегі мүгедек баланы асырап отырған жалғызбасты анаға беріп, қажылықты қайырымдылықпен алмастырады.
Дерек:
Биылғы жылы қажылық сапарға бөлінген квота саны 4000 болса, ниет білдірушілер саны анағұрлым артық болып, біраз жерлестеріміз квотаға ене алмай қалды. Бару-қайту билет құны, қонақүй, тамақтану, автобуспен жүру шығындарын қоса есептегенде, қажылық қаражаты 3,2-4 мың АҚШ доллары шамасында. Бағаның айырмашылығы қажылық сапардың ұзақтығына және қызмет саласының ерекшелігіне байланысты. 34 туристік фирма қызмет көрсетіп, қажылық сапардан парызын өтеушілер 2-3-желтоқсанда елге орала бастайды.