Перфекционизм зияны: Одан қалай арылуға болады?
Психологияда кез келген дүниені мінсіз орындауға тырысатын адамды перфекционист деп атайды. Бұл ұғым құлаққа жағымды естілгенімен, зияны да жетіп артылады. Перфекционизмнің қандай зияны бар? Одан арылудың жолы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде Bugin.kz тілшісі қызықты мәліметтер ұсынады.
Перфекционистер – бастаған ісінің нәтижесі 100 пайыз мықты болуына қатты назар аударатын жандар. Яғни, істің тек алдын ала ойластырып қойған межесіне бар энергиясын жұмсайды. Сол себепті де олар жүзеге асып жатқан әрекеттен (процестен) еш рахат ала алмайды. Үнемі мінсіз нәтижесін ойлап, олай болмай жатса, көңіл күйі түсіп, шаршап жүреді.
Шектен тыс перфекционист болудың тағы бір зияны бар. Мұндай қабілетке ие тұлғалар бастаған ісін аяқсыз қалдырып кетуі мүмкін. Нақтырақ айтсақ, перфекционизм прокрастинацияға айналып кетуі әбден мүмкін. Мәселен, бір кітапты оқуды бастайды. Өзінің ойынша, әдемі кофейняда жақсы атмосферада оқуы керек еді. Алайда университетте сабақта отыр. Сөйтіп, ойындағыдай болмағаны үшін бастаған кітабы аяқсыз қалады. Мінекей, бұдан бөлек, жұмыста, жоба жасағанда, тіпті, саяхатта да бәрі мінсіз болса деп ойлай беретіндер ақыры басы бар, аяғы жоқ дүниені қолдан жасап алады.
Адамдарда перфекционизм қалай пайда болуы мүмкін?
– Бала күнінде ата-анасы үй шаруасын істегенде, жиі қатаң талап қойса;
– Өзге қатарластарымен салыстыра берсе;
– Мұғалімдері тапсырманың тек «5»-ке орындалуын қадағаласа;
– Өзінен жасы үлкендер тек үздік болуға ұмтылып, соларға еліктесе, бала бойында өсе келе перфекционистік қасиет басым болуы мүмкін.
Перфекционизм адамның бала күнінен қалыптасқан әдеті болса да, одан арылудың жолын іздеген жөн. Әйтпесе, үнемі ісіңізге күмәнмен қарап, өзіңізге деген сеніміңіз төмендеп кетуі мүмкін. Сонымен қатар әркез өзгелердің мақтау сөздеріне зәру болып, солардың мақұлдауын күтіп тұратын боласыз.
Ал шектен тыс перфекционизмнен қалай арыламыз?
– Нәтижені бір-ақ рет ойлап, қалған уақытта әрекеттен ләззат алуға тырысыңыз;
– Процесс кезінде мүлт кеткен сәттерде өзіңізді жазғырмаңыз, қателесуге мүмкіндік беріңіз. Өйткені бәрінде де кемшілік болатынын ұмытпаңыз;
– Жұмыстың жоспарына көңіл бөліңіз: уақытын реттеп, тапсырмаларды бөліп қойыңыз. Сонда асығып-аптығып, іс шикі болып жатыр деген уайым болмайды.
Әрине, мойныңызға жүктелген жауапкершілікті мінсіз орындаған жақсы. Алайда перфекционистік көзқарасыңыз өзіңізді құрдымға жібермеуін қадағалап отырыңыз.