ШЫРАҒЫ ОНЫҢ СӨНБЕЙДІ...
Айдос Жұмашұлы иманжүзді, ашық мінезді, аңқылдап қалған азамат еді. Оның өмірден озғанын естіген заматта жүрегім мұздап кетті. Көз алдыма соңғы рет көргендегі көріністер оралды. Әңгіме барысында Айдос Қарлығаш екеуінің шетелде біраз тұрып, оқып келгенін, көп нәрсені үйреніп, көп жайтты көңіліне түйгенін айтқан болатын. Жас та болса, үнемі ізденісте, өзін-өзі дамытуда болғанын қатарластарына, жастарға үлгі етуімізге болады. Себебі, кейбір бауырларымыз заманның қиындығын, жұмыстың жоқтығын көбірек алға тартып, ғылым қумақ түгілі, отбасын әзер асырап жүргендері шындық. Сондайда Айдос сынды жасындай жарқылдаған азаматтардың өрімжасы қысқа болғанына пенде ретінде налисың. Тосыннан келген сұм ажал бақытты отбасының тірегі, мықты маман, сауатты әдіскер Айдос Жұмашұлын арамыздан алып кеткеніне қырық күнге жуықтапты.
Айдос Бекмағамбетов 46 жылдық ғұмырында біраз белесті бағындырды, бірталай жетістікке қол жеткізді. Жеке жүріп емес, өзінің сүйген жары, педагогика ғылымдарының докторы,профессор Қарлығаш Сарбасовамен бірге жетті.
Иә, кез-келген адамның тағдыр-тәлейі, бейнеті мен зейнеті, күллі тіршілік-тынысы бір Алланың жазуымен болып жататыны бәрімізге аян. Десек те, адам болып өмірге келген соң, артымызға із қалдыру парыз. Бұл ретте, Айдостың артында мол мұрасы, ізденгіш шәкірттері, іздейтін ағайын-туысы, көзінің ағы мен қарасындай қос ұлы, сүйген жары, егіліп естелік айтатын әріптестері, дос-жарандары бар. Соған шүкіршілік дейміз. Мұның бәрі де жақсы жанның бес күндік жалған дүниеде артына қалдырған рухани байлығы. Дүние жимаған шығар, аты әспеттелетіндей абырой-бедел жиды десек жөн болмақ. Есімін адамгершілік үлгі-ісімен көңілдерге, ғылымдағы ізденгіш-еңбегімен тарих парағына жазып қалдырғаны ақиқат.
Айдос кеше ғана өмірден өткенде әріптестері, көзтаныстары мен қалың жұртшылық қатты қайғырып, қамықты. Сондайда оның артына қалдырған ғылыми еңбектері, кітаптары, артынан ілескен ұлдары бары отбасына, туыс-туғанына, асыл анасына басу айтуға, қаралы көңілдерді жұбатуға себеп болғаны анық.
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Астана қаласы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мұғалімнің кәсіби дамуын педагогика-психологиялық тұрғыдан қолдау кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Айдос Жұмашұлын әріптестері де, шәкірттері де құрмет тұтатынына көз жеткіздік. Ондай құрметке ол өзінің табандылығы, ізденгіштігі, адал еңбек, маңдай терінің арқасында жетті.
Кәсіби-педагогикалық қызметінде А.Ж. Бекмагамбетов 40-тан аса ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбек жазды. Оның ішінде екі монография, бес оқу, ғылыми-әдістемелік және оқу-әдістемелік құралы, төрт электрондық оқулық бар. 2014 жылы «The Learner’s English-Kazakh dictionary of education (Ағылшынша-қазақша педагогикалық сөздік)» атты ағылшын тіліндегі оқу құралы жарық көрді. 2015 жылы «Pedagogy» және «The dictionary of Pedagogy» электронды оқулықтарына ҚР Әділет Министрлігінің зияткерлік меншік туралы авторлық куәліктерін алды.
Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыспен белсене айналысты. Оның ғылыми зерттеулерінің нәтижелері «Scopus» компаниясының деректер базасына кіретін импакт факторы бар халықаралық беделді журналдарда, республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар жинағында (Ұлыбритания, Болгария, Ресей, Чех Республикасы және т.с.с.), ҚР БжҒМ БжҒБК журналдарында жарияланған мақаларында көрініс тапты.
Оқу-әдістемелік жұмыста да өзін жақсы қырынан көрсетті. Орта білім беруді жаңарту аясында бастауыш сынып және дене шынықтыру мұғалімдерінің тренері болды. Оқу үдерісінде ақпараттық- коммуникациялық технологияларды, электрондық білім беру ресурстарын және оқитын пәндері бойынша мультимедиялық оқу көрсетілімдерін кеңінен пайдаланды.
Айдос Жұмашұлы тыңдаушыларды қайта даярлаудың сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында қазақ және орыс тілдерінде оқу-әдістемелік материалдар жазды. «Дене шынықтыру сабақтарында окушыларға патриоттық тәрбие беруді жүзеге асыру», «Развитие профессиональных компетентностей учителей физической культуры», «Методика проведения занятий по общей физической культуре для детей дошкольного возраста», «Современные подходы к преподаванию начально-военной подготовки», «Нәтижеге бағытталған білім беру үлгісі аясында бастауыш сыныптың оқу-әдістемелік жұмысын басқару» және т.б. оқу-әдістемелік кешендер жасады. Оқытудың заманауи технологияларын қолданып, қазақ-орыс топтарында ғылыми-әдістемелік дәрістер оқыды.
Айдос Бекмағамбетов еңбегіне қарай ұжымында сый-құрметке бөленді, марапаттарға ие болды. Ресей Жаратылыстану Академиясының «Білім және ғылым саласының құрметті қызметкері» медалімен, ҚР Білім және Ғылым Министрлігінің Құрмет Грамотасымен, Астана және Қарағанды қаласы білім басқармаларының, т.б. білім беру ұйымдарының Құрмет Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Осының бәрін тізбелеп отырған себебіміз – Айдостың қамшының сабындай қысқа ғұмырында текке жүрмегендігін айту. Ұдайы жанталаста болып, ұдайы жаңашылдық танытып, ұдайы түрлі жұмыстармен айналысып, алға қарай адымдап, артына жақсы атын қалдырмаққа ұмтылуы.
...Әлде, ол... өмірінің қысқа боларын сезді ме екен... Ол Аллаға ғана аян.
Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөз бар. Көптеген ғылыми еңбектер мен кітаптар жазып қалдырған Айдос Бекмағамбетовтің аты өшпейді. Ал қара шаңырағында Қарлығаштай сүйген жары мен ұлдары барда, жаққан шырағы сөнбек емес, ел-жұрты тұрғанда, есімі ұмытылмақ емес.
Нұрлан ҚАЛҚА,
ақын,
Баубек Бұлқышев атындағы
сыйлықтың лауреаты.
Астана.
Читайте также
Футбольный клуб 'Кайрат' столкнется с сильными соперниками на турнире в Катаре
Фанаты "Барыса" получили негативные известия
GTA VI впервые покажут уже в декабре
Дану Уайта угостили куртом в Нью-Йорке
"Золото в серебре" : 16-летняя казахстанская спортсменка дважды победила на чемпионате мира по джиу-джитсу
Димаш Кудайберген обратился к сборной Казахстана по футболу