– Еліміздің Қарулы Күштері қатарында қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер саны жыл өткен сайын артып келеді. Мұндай өзгеріс әскердегі тәртіпсіздіктің алдын алумен қатар, тұрғындар арасында әскери-патриоттық сезімнің кеңінен насихатталуына өз септігін тигізуде, – дейді әскери мамандар. Отан үшін аянбай еңбек ету, Қарулы Күштер қатарын толықтыру бүгінде тек ер-азаматтардың ғана міндеті болудан қалды.
Әскери киімді киген сайын кеудемді мақтаныш сезімі билейді
Әскери өмірдің қатаң тәртібіне мойымай жүрген бойжеткендердің бірі – Қызылжар қаласындағы №6637 әскери бөлімінің әскери тілшісі Данагүл Әл-Қожа.
Данагүл жастайынан әскери киім киюді армандаған екен. Алайда әскери оқу орнына түсуге мүмкіндігі болмай, арманына жету үшін басқа жолды таңдайды. Яғни журналистика мамандығын игереді. Сұлу мүсінді, сұңғақ бойлы әрі жоғары білімді журналист қызды әскери бөлім басшылары бірден жұмысқа қабылдайды. Бүгінде Данагүл №6637 әскери бөлімінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жандардың бірі. Таңертең ертемен сапқа тұрады, қолына қару ұстайды, тіпті басылымдарға мақала жазу үшін айлап оқу-жаттығу жиындарында жүретін кездері де болады екен.
Жалпы Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Солтүстік құрамасына қарасты №6637, №6697, №5510 әскери бөлімдерінде 185 әйел қызмет етеді екен. Әскери қызметтің тетігін ұстаған білікті де білімді арулардың күш-қуаты қаржы, іс-жүргізу, жинақтау және ұйымдастыру қызметтерінде көбірек пайдаланылуда.
Данагүл Әл-Қожа, №6637 әскери бөлімінің әскери тілшісі:
– Алғаш әскери қызметке келгенде бар жұмысым қолыма қағаз, қалам алып, фотоаппарат асынудан басталып, мақала жазумен аяқталады деп ойлағанмын. Бірақ менің бұл пікірімнің бірінші күні-ақ тас-талқаны шықты. Әскери киім кигізіп, сапқа тұрғызды, қолыма қару ұстатып, атыс алаңына жіберді. Талап бәріне бірдей, әйел, еркек деп бөліп-жарып жатпайды. Маған ішкі әскерлердің беделін көтеру, күнделікті жел өтінде кірпік қақпай қасқайып тұрған, салтанатты шеруде сымдай тартылып, сап құрған сергек сарбаздарымыздың өмірін насихаттау міндеті жүктелген. Өзімнің әскери міндетімді адал атқарып, төл әскеріміздің әлеуетін арттыруға аз да болса өз үлесімді қосып жүрмін деп білемін. Әр күн үстіме әскери форма киген сайын мақтаныш сезіміне бөленемін.
Мамандығым – мақтанышым
Таңертең жұмысқа кетіп бара жатып, үлкен көшенің бойында жиналып тұрған әскери киімдегі қыздарды жиі байқайтын Әсел қаржыгер мамандығын игеріп, Талдықорған гарнизонына өзі сұранып келген еді. Содан бері де он жылдан астам уақыт өтіпті. Басында келісімшартпен жай қатардағы қызметкер болып қабылданған ол уақыт өте келе, байланысшылар бригадасының қаржыгер есепшісі болып тағайындалады.
Ізденімпаз, еңбексүйгіш қыздың мінез-құлқы – өзгелерге үлгі. Әсемдікке құштар Әселдің әріптестері оның табандылығын, ақылдылығын жоғары бағалайды. Қазір, құдайға шүкір, Расул, Әлихан есімді екі бүлдіршіннің анасы.
Әсел Оразаева, № 54 380 әскери бөлім қызметкері:
– Қазақстан мықты мемлекеттермен терезесі тең. Бұл – еліміздегі экономикалық саясаттың оң екендігінің айқын белгісі. Табыстарды еселеп, белестерді бағындырып отырған қазақ елінің Қарулы Күштері қатарында қызмет етіп жатқанымды мақтан тұтамын. Біздің әскери бөлім сарбаздары Талдықорған гарнизоны құрамында елімізде жыл сайын өтетін түрлі оқу-жаттығу шараларына қатысып, үнемі алдыңғы орындардан көрінуде. Әскер қатарындағы қыздар ерлерден қалыспай, ауыр, жеңіл деп таңдамай, жұмысты сапалы әрі тиянақты атқарады. Алайда өз басым қыздардың әскер саласында өздерінің табиғатына жақын жұмыстарды атқарғанын қалар едім. Қару-жарақ көтеру, ауыр техниканы бағындыру, жаттығу алаңдарында атыс-шабысқа қатысу ерлерге ғана лайық сияқты. Кәсіби мереке бізге де ортақ болғанымен, бөлім қыздары жиналып, ерлерді құрметтейміз. Арнайы дастарқан жайып, концерттік бағдарлама да дайындаймыз. Бұл – қалыптасқан дағды. Мен барша әскерилерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, мықты денсаулық, еңбектеріне табыс тілеймін. Еліміз өркендеп, мықты мемлекеттердің көшін бастасын!
«Әскер әлсіздердің орны емес!»
Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімнің байланысшысы Татьяна Лазерева – өмірінің 19 жылын Қарулы Күштерге арнаған адам. Жасы 50-ді маңайлап қалса да сымға тартқандай сұңғақ әйел оған бір сәт те өкініп көрмегенін айтады.
Татьяна Анатольевна 80-жылдары жұбайының қызмет бабымен Қиыр Шығыстағы әскери гарнизондардың біріне аттанады. Қазіргі кәсібі байланысшылықтың қыр-сырына да сол жерде қаныққан. Әріптестері «өз ісіне берілген адам» деп бағалайтын байланысшының жұртқа жұмысы туралы айтқысы жоқ. Болмайды! Тәртіп солай. Өйткені Татьяна Лазерева – №6655 әскери бөлімдегі арнайы байланыс бөлімшесінің қызметкері. Құпия мәліметтермен жұмыс жасайтын маманның кабинетіне санаулы адам ғана кіре алады. Өзгелер үшін есігі үнемі жабық.
Қызметінің құпиялығына қарамастан, Татьяна Лазерева жүзі жайдары, мінезі ашық адам екен. Табандылығы да байқалады. Тәжірибелі байланысшыны әріптестері өзара «біздің бас бағбан» деп те атайды. Әскери бөлімнің аумағында жайқалып өсіп тұрған бозқараған (сирень) мен өзге де гүлдер Татьяна Анатольевнаның қамқорлығында.
Татьяна Лазерева, Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімнің байланысшысы:
– Ақтөбеде сәуір айында күн қатты ысып кетті. Сондықтан болса керек, командиріміз «өзімізге тиесілі территорияны тез арада көгалдандыру керек» деп бұйырды. Мен Ақтөбеде туып-өскен адаммын. Жергілікті климатты жақсы білемін. Мамыр айында күннің күрт суытатыны бар. Бірақ бұйрықтың аты – бұйрық. Талқыланбауы тиіс. Бұл қиындықтан мен «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шықтым. Өйткені әйелмін. Ол аз десеңіз, әскери адаммын. Ал әскер әлсіздердің орны емес.
Әскерді өмірінің мәні деп санағанымен, екі баланың анасы, төрт жасар ұлдың әжесі Татьяна Анатольевнаның «әйел ең алдымен – ана» деген ұстанымы бар. Қарулы Күштер қатарына енді ғана қабылданған жас сарбаздардың жүзінен мейірім төгіліп тұратын байланысшыға үйірсектігі де содан болса керек.
Әдетте №6655 әскери бөлімдегі тәжірибелі офицерлердің жетекшілігіне үш-төрт сарбаздан тапсырылады. Куратор, яғни, жетекші алғашқы алты айда сарбаздармен күнбе-күн араласып, моральдық қолдау жасауға міндетті. «Мен кез келген сарбазбен әңгімемді «балам» деп бастаймын. Бәрінің де анасы бар. Үйден жырақ жүргендіктен сағынады. Кейде жабырқап отырған сәттерінде жылы сөйлесем, жандары жадырап сала береді. Сондай күндері үйге қуанып қайтамын», – дейді Татьяна Лазерева. Оның айтуынша, әйелдер тірліктің басқа да салалары сияқты, әскерге де ауадай қажет.