Әлеуметтік желі қолданушылары Төреғали Төреәлінің “Біртүрлі қыз” әнін сынап жатыр. Көпшілік аталған әннің шетелден ұрланғандығын меңзеуде. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Жуырда Төреғали Төреәлінің “Біртүрлі қыз” әні тыңдармандарына жол тартты. Әнші аталған әнге арнап бейнебаян да түсіріп үлгерген-ді. Десе де, отандық блогерлердің бірі бұл әннің плагиат екенін айтып жатыр. Осы сөзінің дәлелі ретінде екі видеоны ұсынған екен. Алғашқысы – “Біртүрлі қыз” әнінен түсірілген бейнебаян, кейінгісі Серебро тобының “Перепутала” әніне түсірілген туынды.
“Төреғали тағы бір шетелдік әншінің әнін ұрлап, әрлеп өз әні етіп жасап алған. Мұны кеше байқадым. Бүгін тексерілді. Қателесуім әбден мүмкін. Тыңдап көріңіздер”, – деп жазады Айжан Құлмұханбетова өзінің фейсбук парақшасында.
Блогердің бұл пікірін қуаттап жатқандар да, даттап жатқандар да болды. “Музыка тілінде 4 секундтық үзіндіде бір әннің ноталары екінші әнде қайталанса, ол плагиат болып есептеледі. Музыкаға жақын адам ретінде мұның таза плагиат екенін айта аламын! Ұқсастық көп емес, бұл – дәл сол ән”, “Гаромниясы бетсіз ұрланған. Десе де, ресейлік әншілермен арада келісім болған жағдайда, оларға тиісе алмаймыз”, – дейді Нұрболат Туысбайұлы. Арасында “Бұл әнді күміс қыздар керісінше Төреғалиден ұрлаған болар” деп әзілдегендер де болды.