Жүргізуші куәлігін оқып алғанға уақыт таппай 30 мың теңгеге сатып алдым – Қайрат Әділкерей
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің «ANTIKOR» алаңында «Әзіл әлемі» театрының актеры, әзілкеш Қайрат Әділкерей жемқорлық туралы сөз қозғады. Сұхбат түрінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатының хабарламасы алғаш тарағанда көпшілік «Әртіс жемқорлық туралы не айтады?» деп таңқалған болатын. Алайда Қайрат брифинг барысында сырын айтамын деп, шынын айтып қойды.
Негізі баспасөз мәслихатының тақырыбы «Жемқорлыққа қарсы бағыттағы шығармашылық өнімдердің маңыздылығы» болатын. Алайда актер тақырыпты түсінді ма, әлде жоқ па белгісіз, брифингтің дені Қайраттың жеке шығармашылығы мен Нұртас Адамбайдың «Әкім» кино туындысы төңірегінде өрбіді. Арагідік командалық жүйе мен талант пен таныс төңірегінде әңгіме қозғалғанымен соңы «Түнгі студия» сынды Қайраттың жеке өміріне қатысты дүниелер айтылды. Ал ең басты сауал ретінде қойылған «Өміріңізде жемқорлықпен қашан бетпе-бет кездестіңіз?» деген сұраққа актер: «Осыдан 10 жыл бұрын 30 мың теңге пара беріп, «права» сатып алғаным рас» деп шынын айтып қойды. Одан кейін «Жүргізуші куәлігін оқып алғанға уақытым болмағандықтан жеңіл жолы сол болды» деп тағы таңқалдырды. Осылайша көпшілікті сахнада күлдіріп жүрген актер осы жолы бүлдірді. Бәлкім Қайрат Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекемесінің кеңсесінде отырғанын ұмытып қалды ма? Десе де актер кімнен жүргізуші куәлігін сатып алғанын айтпайтынын алға тартып, орын алған жағдайдан әзілмен құтылып кетуге тырысты.
Осылайша жемқорлықпен күрес тақырыбында сөз қозғайды деген Қайрат Әділкерей өзінің пара бергенін айтып, бір қызыққа батырды.
aikyn.kz