Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1993 жылы тамамдаған түлектер қайта бас қосты. Сол кездегі куратор Бауыржан Жақып 20 жыл бұрынғыдай студенттерін журнал бойынша түгендеп шықты. Символдық «нб» белгісін алғандар мен сабақтан «қашып кеткендер» де табылды. Бірақ бұл жолы ұстаз да, шәкірт те шат-шадыман. Түлектердің араға екі онжылдық салып кездесуі кезінде белгілі журналист Ермахан Шайхыұлының сол шақтағы естеліктерден құрастырған «Қолтаңба» жинағы көпшілікке таныстырылды.
Журналистика факультетіне 1988 жылы түсіп, оны 1993 жылы аяқтаған бұл топтың кураторы Бауыржан Жақып – бүгінде филология ғылымының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас директоры. Арада талай жыл, алдынан талай студент өтсе де, Бауыржан ағай сол тобындағы шәкірттерін ұмытпапты. Ол студенттерінің қазір қай жерде қызмет ететінін де жатқа біледі. Университетті бітіргеніне 20 жыл болған бұл топтың ішінде, Гүлжанат Иманғазина – Павлодар облыстық телерадиокомпаниясының бас редакторы, Нұржан Қуантайұлы – «Шығыс – Ақпарат» холдингінің бас директоры, Гәкку Сәтбаева – «Қазақстан – Көкшетау» телекомпаниясының аға редакторы, Қаныбек Әбдуов – «Дала мен қала» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі, Бауыржан Ғұбайдуллин – «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Нұрлан Қалқа – ҚР Президенті әкімшілігінің сектор меңгерушісі, Мұрат Қожамқұлов – «ҚазТрансГаз» компаниясының департамент директоры, Айнабай Мәдиев – «Алматы ақшамы» газетінің бөлім меңгерушісі, Серікқали Мұқашев – ҚР Бас прокурорының көмекшісі, Ғабит Мүсірепов – «Нұр Астана» газетінің бас редакторы, Ермахан Шайхыұлы – сатирик, «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары, тізім осылай кете береді. Араларында «полковник», «подполковник» деген шені бар әскерилер көп. Темірбек Қожакеев атындағы мәжіліс залында өткен кездесуге 40-қа жуық түлек келді. Бір кездегі куратор оларды түгендеп шықты, аудиторияда болмаған Тамара Дәулетбаева, Нұрлан Қалқа, Арыстан Заппаров, Мұхтар Түменбаев сияқты экс-студенттерге «нб» таңбасы қойылса, кездесудің басында жүз көрсетіп, жоқ болған түлек Ғазиз Тастаевты курстастары «қашып кеткені» үшін жазалау керек деп қалжыңдасты. Білім алған қара шаңырағында сағынысып бас қосқан түлектер студенттік кездегі естеліктерінен тұратын «Қолтаңба» атты жинақты жария етті. 360 беттен тұратын кітапты журналист Ермахан Шайхыұлы құрастырған. Студенттерін «баға жетпес байлығым» деп есептейтін Бауыржан Жақып кітапқа алғысөз жазыпты. Жинақтың «Рух» деп аталатын бөлімі өмірден өтіп кеткен Темірбек Қожакеев, Марат Ысқақов сияқты ұстаздар мен автордың Мақсұт Дүйсеков, Біржан Белғара сынды курстастарына арналса, «Қалам мен қарым» деп аталатын бөліміне 1993 жылы оқу бітірген журналистердің өмірбаяны мен шығармалары енген.
Ермахан Шайхыұлы, жазушы, журналист, «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары:
– Курстастарымыздың бәрі республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет атқарып, Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне хал-қадірінше үлес қосып келеді. Көбі баспасөзде, телеарналар мен радиоларда бас редакторлық қызмет атқарып жүр. Біз курстастарымызбен мақтанамыз. «Қолтаңба» аталатын жинақ осы түлектердің бірі – Нұржан Қуантайұлы басқаратын «Шығыс – Ақпарат» холдингінің баспахасынан басылып шықты.
Түлектер өздерінің №5 сүйікті жатақханасына жиһаз сыйға тартты. Сонымен бірге журналистика факультетінде оқитын бес студентке 100 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындады. Шәкіртақының үшеуі марқұм Мақсұт Дүйсеков, Біржан Белғара, Омарғали Мырзағалиевтердің атында, қалған екеуін «Шығыс – Ақпарат» холдингі мен «Өмір-ай» газеті ұсынып отыр. Ұлттық университеттің журналистика факультетінің қазіргі ұжымы бұл түлектердің сыйына дән риза. Айта кету керек, он жылдан артық уақыттан бері мұнда түлектердің жиырма жылдан соңғы кездесулері дәстүрлі түрде үзілмей өтіп келеді.