Жұматай – жыр қағаны
Жұматай Жақыпбаевтың жалынды жырлары өзі туған Жетісу топырағында қайта түлеп, жас ақындардың жырына арқау болды. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Тілтұмар – бір шынар» атты Мемлекеттік тіл күні аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, әдебиеттің көкжиегін кеңейту, жас ұрпақты әдеби шеберлікке баулу, өскелең ұрпаққа Алаштың бекзат бейнелі перзенті, арлы ақыны Жұматай Жақыпбаевтың поэзиясын ардақ тұту мақсатында «Жұматай – жыр қағаны» атты республикалық жыр мүшәйрасын өткізді.
Байқауға 18-40 жас аралығындағы республиканың әр түкпірінен жиналған 20 талапкер қатысты. Мүшәйра талабы бойынша олар Жұматайға арнаған өз өлеңін оқып, ақынның бір өлеңін жатқа айтты.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ғалым Жайлыбай төрағалық еткен, көрнекті ақын, Жұматайдың жан серігі Зайда Елғондинова, жастар поэзиясының көш басында тұрған талантты ақын Маралтай Райымбекұлы, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, ақын Ахмет Кендірбекұлы мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы, ақын Әміре Әрін құрамына енген қазылар алқасы жас ақындардың өлеңдерін саралап, қорытындысын шығарды.
Мүшәйраның Бас жүлдесін тараздық жас Нұржан Қадірәлі қанжығалап, 150 мың теңгеге ие болды. 1-орынды талдықорғандық Сағыныш Намазшамова, 2-орынды астаналық ақын Азамат Тасқара мен Райымбек ауданының оқушысы Әлия Іңкәрбек, 3-орынды Қарағандыдан келген Дәуренбек Бұланбаев пен Қайрат Иманбеков және Ұлықбек Тәңірбергенов иеленді. Сонымен қатар өзге де ақындарға «Кенежирен» сыйлығы мен Ескелді ауданы әкімінің арнайы жүлдесі және ынталандыру сыйлықтары да табыс етілді.
Осы күні Тіл айлығының қорытындысы шығарылып, облыстық мекемелер мен аудан, қалалардағы тіл жанашырлары марапатталды.