Қандай да бір өнер саласында үлкен жетістікке қол жеткізіп, танымалдыққа ие болған жандардың көбі өз балаларының өнер жолын таңдауына қарсылық білдіріп жатады. Өйткені олар өнердің жолы ауыр екенін жақсы түсінгендіктен де өз балалары өздері өткен ойлы-қырлы, шоқалағы көп жолды таңдамаса екен деп тілейді. Алайда, бала ата-ананың айтқанымен жүре қойсын ба? Әкенің қанымен,, ананың сүтімен бойына өнер дарыған балалар бәрібір өз ата-анасының жолын қуады. Бүгінгі қазақ сахнасында есімдерін ел танитын әншілердің өкшесін басып, олардың балалары да сахнада өнер көрсетіп жүр. Бүгін «Алаш айнасы» өнер көгіндегі «жұлдыздар» мен олардың өнерлі балаларының есімдерін жариялар отыр.
Роза Рымбаева балалары Әли мен Мәди
Қазақстанның Халық әртісі Роза Қуанышқызы мен белгілі музыкант, дирижер, Қазақстандағы тұңғыш музыкалық продюсер Тасқын Оқаповтың балалары Әли мен Мәди Оқаповтар екеуі де музыка мектебін, фортопиано класын бітірген кәсіби музыканттар. Қазіргі таңда Әли Оқаповтың есімі қазақ эстрадасында кеңінен таныла бастады. 6 жасынан музыкамен айналысатын Әли бүгінде поп-музыка, джаз жанрларында әндер орындайды. Сонымен қатар Әли өз орындауындағы әндердің музыкасын өзі жазады.
Баян Есентаева қызы Айсәулемен
Қазақстандағы ең табысты продюсер Баян Есентаеваның қызы Айсәуле Бақытбек телевидениедегі бірнеше шоу-бағдарламаларда жүргізушілігімен көпшілікке танылды. Ол болашақта мықты журналист болуды армандайды. Айсәуле қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерін меңгерген.
Айгүл Иманбаева ұлы Асылжанмен
Белгілі актриса, әнші Айгүл Иманбаеваның ұлы Асылжан қазақ-түрік лицейінде оқиды. Ол болашақта қазақ киносына тың жаңалық әкелетін режиссер болуды армандайды.
Сәкен Майғазиев ұлы Әділетпен
Сырбаз да, сымбатты әнші Сәкеннің баласы Әділет те өнерден алыс емес көрінеді. Ол бірнеше аспапта ойнай алады екен. Алайда қазіргі таңда Әділет спортта үлкен жетістікке жетуге тырысып жүрген сыңайлы. Ол футболды өте шебер ойнайды.
Лұқпан Жолдасов балалары Болат және Фаридамен
Кішкентайларынан әкесімен бірге сахнаға шыққан Болат пен Фарида бүгінде есімдері халыққа танылған өнер иелері. Болат – гитарист. Ол біраз уақыт «МузАрт» тобының құрамында гитара ойнады. Бүгінде ол өзінің жеке шығармашылығымен айналысып жүр. Болат жақында келін түсіріп ата-анасын қуантты. Ал Фариданың кәсіби әншілерден кем түспейтін өзіндік репертуары толыққан әнші.
Мақпал Жүнісова қызы Мереймен
Қазақстанның халық әртісі, елінің ерке қызы Мақпал Жүнісованың Мерейі де 4 жасынан анасымен бірге әндер орындап жүр. Ол анасының концерттерінде, үлкен сахнада өзін кәсіби әншілерше ұстайды. Мерей домбырада да жақсы ойнайды екен. Алайда ол әзірге өнерді тек хоббиім деп санайды.
Өмірде де, өнерде де жұптары жарасқан әншілер Қанат пен Светаның балалары Димаш Құдайберген көптеген халықаралық байқауларда топ жарып, өнерімен қазақтың атын әлемге танытып жүрген өнерлі бала. Ол «Жас қанат», «Шығыс базары» секілді байқаулардың жеңімпазы. Димаш ерекше дауысты әнші. Жас дарын болашағынан үлкен үміт күттіретін өнер иесі.
Айжұлдыз да анасы секілді әншілік жолға түскен. Оның "Қолшатыр" деп аталатын әнге түсірген бейнебаяны бар. Айжұлдыз жеңіл рок стилінде әндер орындайды.
Нағима Есқалиева ұлы Диаспен
Қазақстанның Халық әртісі Нағима Есқалиеваның ұлы Диас та анасының қарсылығына қарамастан өнер жолын таңдапты. Ол Алматыдағы КИМЭП-те білім алған. Диас мұнай-газ саласының маман болғанымен 23 жасынан бастап шоу-бизнеске келіп, бірнеше бейнебаян түсірді, ол «Қазақстан дауысы» байқауында өзінің бағын сынады.
Құрметті оқырман, біздің назарымыздан тыс қалған өнгер адамдары мен олардың «жұлдыз» балаларын жоғарыдағы тізімге қосуыңызға болады. «Ат тұяғын тай басар» демекші, Қазақстан шоу-бизнесіндегі, кино саласындағы, басқа да өнер иелерінің дарынды балалары туралы ақпаратты білсеңіз көпшілікпен бөлісе отырыңыз....