Жұлдыз Өмірғали "Егіз лебіз" жобасына қатысып, үлкен сынның астында қалды. Өнер иесі бірнеше бағдарламаға қатыса алмай, сахнадағы жұбы Аманғалиді жалғыз қалдырды. Оның үстіне, әділ-қазылар Аманғали актер болса да, Жұлдыздан әнді жақсы айтады, деп бағалаған. Мұның бәрі Өмірғалидің көңіліне тиген ұқсайды. Бұл туралы ол "Жұлдыздың жары" бағдарламасында айтты.
"Менің жанымдағы жұбым менен гөрі әнші болып тұр, деді. 7 жыл көлемінде сахнада не тындырып жүрмін? - деген сұрақ туды ішімде.
Екеумізден мен көбірек қатыстым, себебі ол Таразда болды. Вокалистерге барамын, дайындаламын, тональность сұраймын. Аманғали жауап берсе, жауап береді. Жауап бермесе, жауап бермейді", - деген Жұлдыз жұбының жауапкершілігіне көңілі толмағанын меңзеді.
Өзі қанша дайындалса да, көзге көрінбегенін айтып, ренжіді. Сөзіне қарағанда, Аманғали да оның еңбегін еш еткен.
"Соңында да реніш болды. 12-13 бағдарламаға қатысып, жанымдағы жұбыма да көңілім суып қалды.
Басында түсіндіріп айттым. Отбасылымын, екі балам бар дедім. Айқынның да "Не үшін қатысасыңдар? Шығып кетіңдер?" деп жүрген кезі", - дейді Өмірғали.
Жұлдыз соңғы түсірілімге қатыса алмауының себебін түсіндірді.
"Айқын рұқсат етпеді. Фильмнің тұсаукесері Ақтауда не Ақтөбеде болып, сонда кеттік. Қатысқым келді. Соңында бір ауыз "менің жұбым Жұлдыз болды" деген сөз естілген жоқ.
Сахнада жүріп, рейтинг жасағанға ғана сенің көрінгенің жақсы болып тұрады. Ал егер олардың айтқанынан кішкене шығып кетсең, сені сызып тастайды. Адамгершілік тұрғысынан Аманғалиға көңілім толмады", - деп ағынан жарылды Жұлдыз.