Бір кітапты насихаттай отырып, халықтың ықыласын кітап оқу дейтін сүйікті іске ынталандыруға болатын секілді.
Мұны «Бір ел – бір кітап» акциясын ұйымдастырушылардың игі бастамасы да дәлелдеп береді. Мәдениет министрлігі және Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен қолға алынған шара биылғы қыркүйекте басталатын акциямен қатарынан төртінші рет өткізілмекші. Кеше аталған кітапханада биылғы акцияға таңдап алынған кітап жайында баспасөз мәслихаты өтті.
Акцияның бұрынғы жетістіктері – өз алдына бір төбе. Мәселен, өткен жылы ұлтымыздың жарық жұлдыздарының бірі Мағжан Жұмабаевтың махаббат жырлары акцияға арқау болыпты. Ақынның жырларын ел арасында насихаттауда 400-ден 700-ге дейін іс-шаралар ұйымдастырылған. «Бір ел – бір кітап» атты дүбірлі бастаманың биылғы таңдап алынған кітабы – біртуар ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасы. Қызыл үкіметтің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде «Мен – қазақпын» деп көк аспанды тілгілеген найзағайдай отты жыр жазған ақын рухы, ақын ерлігі – бүгінгі ұрпақтың еңсесін көтеруде таптырмайтын тағылым.
«Бір ел – бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитетінің төрайымы, ақын Фариза Оңғарсынова республикалық телеарналар басшыларына өз атынан хат дайындап, керек болса, олармен кезігіп, сөйлесуге баратынын жеткізді. Жиналғандар БАҚ арасында конкурс ұйымдастырып, акцияны насихаттау кезінде көш бастаған журналистерге бәйге жариялауды айтты. Сондай-ақ «Конгресс-холл» секілді жұрт көп жиналатын орындарда акция негізінде ауқымды шаралар ұйымдастыру да сөз болды. Тіпті Жұбан ақынның сөзіне жазылған әндерден байқау өткізу де айтылмай қалған жоқ. Ең бастысы, «Бір ел – бір кітап» бастамасы арқылы халықты жанына рухани азық сыйлайтын кітап оқу ісіне тарта білу басты назарда болмақ.
Өткен жылдарда өткізілген акцияларды қорытындылай келе, «Бір ел – бір кітап» жинағы шығарылды. Оған Т.Жұртбай, Ф.Оңғарсынова, Ә.Кекілбай,
Ғ.Есім, Р.Нұрғали т.б зиялы қауымның сөздері мен баяндамалары енгізілген.
Акцияны өткізудің орталығы – кітапханалар. Оған білім беру мекемелері мен әскери бөлімшелер де түгел тартылмақ.