Жоба күйіндегі жаңа мешіт құрылысы қашан бітеді?
Семейде осыдан үш жыл бұрын қолға алынып, құрылысы тұралап қалған бірегей мешіттің жобасы қайта өзгерді. Қаланың жаңадан тағайындалған әкімі Айбек Кәрімов Алла үйінің құрылысымен таныса келе, жобаны өзгерту жөніндегі ұсынысын айтты. Өйткені мешіт қазақтың нышанына сай емес. Қазақ еліндегі мешіттер белгілі бір тәртіпке сай тұрғызылуы тиіс.
Қаланың бас имамы Тыныштық қажы Яхияұлының айтуынша, жаңа әкімнің осындай жаңа көзқарасынан кейін мешіттің жаңа жобасы дайындалды. Оған сай, Алла үйінің бұрынғы сегіз қанаты алынып, қабырғалары біркелкі етілген. Енді ғимарат биік әрі өте әдемі көрікке ие болды. Бастысы, осыған дейін мұсылманның Құдайға құлшылық ететін ордасын тұрғызуға 850 миллион қаржы қажет делінсе, соңғы жоба бойынша 450 миллион ақша жеткілікті. Бұл дегеніміз қыруар қаржыны үнемдеу деген сөз. Сәтін салса, төрт мұнаралы екі мың адамға шақталған Алла үйі алдағы бір-екі жылда қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Нысанның жұмысын қала басшысы өз бақылауына алды.
Мешіттің бұрынғы жобасы
Айта кетсек, бастапқыда Алла үйі демеушілердің ақшасына тұрғызылады деп шешілген. Сондықтан ұсыныс алдымен қала кәсіпкерлеріне жасалған-ды. Бұны құп көрген қалталылар, көмектесетіндерін айтып, уәде береді. Тіпті Алла разылығы үшін деп басқа қалада жүрген семейлік бизнесмендер де қол ұшын беретіндерін жеткізіпті. Бірақ игі іс басталғанда жомарт жандар «жоғалып» кеткен. Тек әу баста қол алысып, уәде бергендердің азғантай тобы ғана ақша аударған. Осылайша, 2008 жылдың мамырында қолға алынған нысан, осы жылдың желтоқсанында қолданылуға беріледі деген мердігер мекеменің уәдесі орындалмай қалған болатын. Ескі жоба бойынша, құрылысы шамамен 5 миллион АҚШ долларына жоспарланған мұндай мешіт Испания мен Египетте ғана бар. Ал дәл осындай жобамен салынатын Алла үйі Орталық Азияда жоқ. Мешіттің төрт мұнарасының биіктігі бастапқы жоба бойынша 50 метр болса, енді ол 63 метр болып өзгерді. Ал биіктігі бұрынғыдай 30 метр емес, 41 метр болмақ. Алла үйі сегіз қырлы. Бұл сегіз жаннат бар деп ырымдалған. Осыған қоса мешіттің алдында үлкен саябақ, 500 көлікке арналған автотұрақ, көліктер кіріп-шығуға арналған екі аспалы көпір болады.
Бұрынғы жобадағы бірегей мешіттің осындай кереметтерін айтып, жан-жаққа жар салған едік. Ақыры жоспар іске аспады. Үш жыл бойы қаржы тапшылығынан тұралаған мешіт құрылысы жайлы тұрғындар да алаңдаушылығын білдіріп, облыс басшысы мен қала әкімі өткізген кездесулерде осы сауалды көлденеңінен қойды. Ақыры Семейдің жаңа әкімі Айбек Мүтәләпханұлы нысан құрылысын жандандыратын болды.
Тыныштық қажы ЯХИЯҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіл имамы:
– Салынып жатқан жаңа мешітке қаланың әкімі Айбек Кәрімов алаңдаушылығын білдіре келе, құрылысты көзімен көрді. Қасиетті жұма күні Алла үйіне келіп құрылыс басшыларымен, мердігерлермен, жұмыс істеп жатқан компания басшыларымен кездесті. Жиын кезінде қала басшысы бұрынғы жобаны қазақ стиліне қайшы екенін, мұсылманшылықтан ауытқымай, Алла үйі белгілі тәртіпке сай тұрғызылу керек екенін баса айтты. Елдегі мешіт салу тәртібін ескеріп, ешкімнен ерекшеленбеу керектігін жеткізді. Бір апта ішінде сәулетшілер жаңа жоба әзірледі. Ол қала басшысына ұнады. Қаржы да үнемделетін болды. Бұрынғы жобада мешіт сегіз қанатты болатын. Осыларға қаражат тым көп жұмсалады екен. Сол үшін біраз өзгерістер енді жобаға. Ал қажетті қаржы алдағы уақытта шешімін таппақ. Ол үшін қала әкімі кәсіпкерлердің басын біріктіріп, кеңесетін болады. Бұл енді қаламызға ерекше көрік беретін бірегей мешіт болмақ.