«Жюриі» жалпақшешей, әншісі қайдан күміс көмей болсын...

«Жюриі» жалпақшешей, әншісі қайдан күміс көмей болсын...

Концертті кіжінбей, шоуды шыж-быж болмай көре алмайтын халге жеттік. Жеткізді. Әсіресе әнші емес-ау, ыңылдай алатын адам cахнаға шықса, «қарағым, киелі орынды сыйла» деп оның дауыстық мүмкіндігінің кем-кетістігін талдаудың орнына, әлі ешкім танымайтын әлгіні жан-жақтан жаппай мақтап, тіпті «сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадалса етті» дегенге сәл-ақ қалатын қаз-қатар отырған қазыларды көрсек, арқамыз қозатын болып жүр осы күні.
«Керемет, сөзім жоқ!», «Дайын әншісің!», «Рахмет саған осы әнді бүгін айтқаның үшін!», «Қазақ эстрадасына жаңа бір есім қосылды» – қай жобада болсын төрде қонақтаған «әділ» қазылардың бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай кезекпе-кезек айтып шығарын тіркестерін жұрт тіпті жаттап алған. Осы уақытқа дейін бірнеше жобалар болса соның ең құрығанда бірінде әділ қазы сойып салмай-ақ қойсын, тым құрыса «сен до немесе си деген нотаны дұрыс алмадың», болмаса «дыбыстық сингармонизді неге сақтамадың», «тональносттен шығып кеттің ғой», «октава биік алуың керек еді» деген сөзді естідіңіз бе? Тіпті дауыс туралы әңгіме жоқ қой шіркіндердің қайсысында болсын. Тектен тек жала жауып тұрған ешкім жоқ, көзбен көргенді айтамыз, бізде сауатты түрде әнді талдап, әншінің үніне баға бере алатын маман жетіспей тұр.  Мойындауға қиын болса да   шындықтан     қаша алмаймыз, қымбатты қазылар қауымы көпшіліктің сіздердің беттеріңізге айта алмай, қолы жетпей, сөзі өтпей жүрген жері осы.
Мәртебелі әділ қазы, сіз өзіңіз ештеңе байқамайсыз ба, өзіңізді өзіңіз бір рет те болса теларнадан көріп, өз сөзіңіздің сапасына көңіл аударып көрдіңіз бе? Ортаға шыққан орындаушының аяғын жерге тигізбей мақтағаныңыз өзіңізге білінбей ме? Расында, ештеңе көрмей, сезбей жүрсіз бе? Иә десеңіз, не сіздің өреңіздің жеткен жері сол, не сіз шектен тыс өзіңізге өзіңіз «ғашықсыз». Қалай болса да, қазіргі қоғамға дәл осындай «жалпақшешей жюрилердің» керегі шамалы-ау, сірә.
АҚШ деп алысқа кетпей-ақ қояйын, Қытай  не Ресейлік үздік дауыс иелерін анықтайтын жобаларды қараңызшы. Шіркіндер, мақтаса да, даттаса да кәсіби терминмен әр нәрсені өз орнына қойып тұрып, әннің де, әншінің де бағасын жілікше шағып береді ғой. Олар өз кәсібінің маманы екенін мойындатады. Себебі олар құр сөзбен қуырдық қуырмайды, әр нәрсені өз атымен атайды.
Жарайды, бәлкім біздің сөзімізді қабыл алмассыз, онда дауысымен, әнімен алашты мойындатқан дәстүрлі әнші, ұстаз, бірнеше халықаралық байқаудың жеңімпазының үн жайлы, ән жайлы пікір айтуға қақысы бар шығар. Әнші не дейді?
Ерлан Рысқали, әнші:   
–  Ресейде «Универсальный артист» деген бағдарлама бар. Онда жас-кәрі, тіпті баяғы «СССР Халық әртісі», қазірі Ресей Федерациясының Халық әртісі демей, барлығы сайысқа түсіп жатыр.  Ол жерде ешкім шен-шепен, атақ-дәрежесімен емес, шын өнерімен ерекшеленіп, кім сол сәтте берілген тапсырма барысында өз мүмкіндігін көрсете алды, сонысына қарай бағаланып жатады. Жанр-жанр бойынша жарыстырады, яғни, бір жолы джаз деді ме, тек сол жанрда, келесі жолы рэп деді, соны нақышына келтіре орындап шығуға тиіссің. Тағы бір кереметі соларды бағалайтын адамның өзі сол жанрдың майталманы, мысалы рэп десек, мықты рэппер тіпті Лариса Долинаның өзіне баға беруі мүмкін. Себебі Лариса ол үшін «Халық әртісі» емес, ол сол сәт рэп жанрында өз бағын сынаушы. Расында, сол баға берушілердің таразылауы тамаша, кәсіби жағынан талдап тұрып, әр деталіне тоқталғанда, көріп отырған көрерменнің өзі сол жанр жайлы көптеген беймәлім ақпарат ала алады. Біздегідей, «ойбай мынау «Халық әртісі» бітті, оған сот жоқ, ол бар жағынан өзін әлдеқашан дәлелдеп қойған» деген көзқарас жоқ, біздің қателігіміз де осында секілді, яғни, әртісті атақ береміз де, сол сәтте оны «өлтіреміз». Одан кейін оны сынауға болмайды, оның өзі де «қой, мен жарыспаймын енді» деп өзінде барды баптауды қояды. Осы – меніңше, халықтық өнерге деген қиянат. Мен бұл жерде «орыс керемет, қазақ жаман» дегелі тұрғаным жоқ, кәсіби тұрғыдан біздің әлі үйренеріміз көп екенін, жетпей мақтауға құмар болмау керектігін, қашанда өзімізге өзіміз көңіліміз толмай, алға ұмтыла түсу керектігін үлгі еткім келеді.
Рас, қазір қай жобада болсын тек өнерпаздарға ғана емес, әділ қазылар мен тәлімгерлерге «жыласаң да, күлсең де, шоу жаса» деген тапсырма берілетінін олар да жоққа шығара алмайды, біз де көріп отырмыз. Себебі ондай тенденция әлемдік барлық жобаларда да байқалады. Айталық, Тасқын «Дударайға» салғанда әннің сөзін түсінбесе де әуенге елтіп,  жылап жіберген кім? «Құрметті қытай қазылары»! Алайда дәл сол қаз-қатар тізілген қазылар осының алдында ғана бір әнді дұрыс орындай алмағаны үшін әншіні қуырып алғанын да естен шығара қоймаған боларсыздар. Яғни, қолдайтын тұста сезімтал болу, кемшін тұста қатал болу нағыз әділ қазының міндеті. Бұл өнер алдындағы жауапкершілік. Бос мақтау мен көңілжықпастық әншіге де, өнерге де қиянат екенін түсінетін уақыт жетті. Ал біздің  тәлімгерлер мен жюрилердің  қай шоуда болмасын жоғарыда айтқан бес ауыз сөзден басқа айтарлары жоқ. Қайтсек, осыны қойдырамыз: үздік дауысты іріктеу жобаларын жабамыз ба,  (жоқ ол мүмкін емес), әділ қазыларды «аттестациядан» өткіземіз бе, әлде ең құрығанда мәскеулік әріптестерінен ән мен әншіге баға беру жөнінен «мастер класс» алуға жібереміз бе? Әйтпесе сыншыларымыз осы қалыпта қалса, мінсіз әнші қайдан шықсын?

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста