Жидебай жері жан-жақты насихатталмақ
Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы жанынан «Жер кіндігі – Жидебай» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бірлестік мақсаты – Абай, Шәкәрім мен Мұхтар сынды даналар туған қасиетті өлкенің рухани пәрменін арттырып, тарихы мен әдебиетін, мәдениетін насихаттау, жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру аясында игі бастамалар мен танымдық шаралар өткізу, туристік сапарлар ұйымдастыру.
Туристік сапар дегеннен шығады, қазір Абай еліне арналған жүйелі түрде ұйымдастырылып отырған саяхат жоқтың қасы. Ол, ол ма, тіпті коммерциялық мақсатты көздеген «алаяқтар» белгілі бір қаражат көлеміне жабайы «емшілік-экстрасенстік» сапарларынан түсетін пайдаға дәндеп алған. Прокуратура ресми тыйым салса да, аңқау жұрт «арамзалардың» артынан еріп кетуге дайын тұрады. Не ауруынан айықпай, не рухани әсер алмай, артынан сан соғып, ақшасы далаға кеткенде ғана байбалам салып жататындары бар. Міне, жаңадан құрылып отырған қоғамдық бірлестік осы олқылықтың орнын толтырып, ресми әрі заңды түрде тарихи мекендерге арнайы экскурсовод арқылы, танымдық, салихалы саяхаттар ұйымдастыруды көздеп отыр. Қоғамдық бірлестік төрағасы болып Абай қорық-мұражайының директоры, жас филолог ғалым Жандос Әубәкір тағайындалса, оған тарихи жинақтың авторы, шежіреші, ұстаз Бекен Исабаев, ҚР оқу-ағарту ісінің озаты, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, шежіреші-этнограф Молдабек Жанболатұлы сияқты зиялы қауым өкілдері де мүше болып бекітілді.
Жандос ӘУБӘКІР, «Жер кіндігі – Жидебай» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Күні кеше тілек білдірген қала тұрғындарының алғашқы тобы Жидебай еліне бірлестіктің көмегімен барып та келді. Ұйымдар мен кәсіпорындар үшін ұжымдық сапарлар ұйымдастырмақпыз. Ол үшін автобус паркімен келісімшартқа отырдық. Саяхат әсерлі шығу үшін ол автобустың ішінде микрофон, теледидар, Абай әндерін тыңдауға мүмкіндік беретін қондырғылар болуы шарт. Бүгінде қаламызда тарихи мекендерге туристік сапар ұйымдастырумен айналысатын фирмалар жоқ емес. Алайда ол жай ғана жер көру, табиғат тамашалаумен ғана шектеліп жатады. Былайша айтқанда, «мылқау» туризм, біз енді осы сапарларды шежірелермен, тарихи оқиғалармен толықтырып, кеңірек мағлұмат бермекпіз. Тек қана Абай ауданы емес, Аягөз, Тарбағатай, Үржар аудандарындағы Дулат, Ақтамберді жыраулар, Ақтайлақ би, Әріп, Әсет ақындар өмір сүрген елді мекендерді жас ұрпаққа өнеге болуы үшін дәріптемек ойдамыз. Шаруаны дөңгелету үшін болашақта жергілікті әкімшілік, облыстық мәдениет, туризм басқармаларымен, жоғары оқу орындарымен де қоян-қолтық жұмыс істеу қолға алынбақ. Бұдан бөлек баспаханалық қызметтер көрсету, кітап, газет-журнал, атластар мен буклеттер шығару да жоспарда бар.