«Жидебай-Бөрлі» 70-ке толды
Биыл Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының құрылғанына 70 жыл толды. Аталмыш мерейтой Семейде ауқымды түрде аталып өтті.
Той таңсәріден Абай мен Шәкәрім тақырыбына 30 жылдан астам шығармашылығын арнаған медицина ғылымының докторы, профессор Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мақаш Әлиакпаровтың «Ізгілік» көрмесінің ашылуымен басталды.
Мақаш Әлиакпаров – Семей топырағының тумасы. Абай мен Шәкәрімді насихаттаушылардың бірі. Бүгінде қылқалам шеберінің ұлы Абай мен дана Шәкәрімге арнап салынған 200-ден астам картинасы бар. Осыған дейін суретшінің ақын мұражайында 20 шақты суреті жәдігер ретінде көздің қарашығындай сақталып келген. Бұл жолы Мақаш Тыныштықбайұлы таңдаулы деген 200-ге жуық картинасын киелі қара шаңыраққа тарту етті.
Бұдан кейін мерекелік шара республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. «Абай, Шәкәрім мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері және мұражай» тақырыбындағы конференция барысында біртуар ғұламалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты соңғы жылдары жасалып жүрген тың зерттеулер жайы сөз болды. Басқосуға Абай мен Шәкәрім тақырыбында бірқатар еңбегі жарыққа шыққан ғалымдар мен әдебиетшілер қатысты. Жиынның мақсаты – Абай, Шәкәрім, Мұхтар төңірегінде осы уақытқа дейін жарық көрген еңбектерді саралап, осы бағытта алда атқарылар істі жоспарлау.
Жандос ӘУБӘКІР, Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры:
– Бүгін – Абайдың әдеби-мәдени және қорық-мұражайы үшін ерекше күн. Мұражайға 70 жыл толып отыр. Тойды ұжым болып, ел болып атап өтудеміз. Жаңа ғана қылқалам шебері Мақаш Әлиакпаровтың көрмесі ашылса, енді, міне, мерейтой конференциямен жалғасын табуда. Конференцияның маңызы – қазіргі таңдағы абайтану, шәкәрімтану, мұхтартану ғылымдарының, жалпы мұражайтану саласының өзекті мәселелерін қарастыру. Бұған осы елімізге танымал ғалымдар баяндама жасауда. Конференцияның негізгі бағыты жас ұрпаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар мұраларын ары қарай насихаттау және соны зерттеудің өзекті мәселелерін қамтып, осы ғылым салаларының көкжиегін анықтап, ары қарай не істеу керектігін, болашақта атқарылар жұмыстарды тағы да бір саралап алу деп ойлаймын.
Мұражайдың 70 жылдығына арналған мерекелік шара Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрында салтанатты кешпен жалғасын тапты. Мерекелік жиын барысында тарихқа бай мәдени ошақтың өткені, бүгіні мен ертеңі сөз болды.
Шара барысында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Махмұт Тойкенов мырза мұражай ұжымының жұмысына табыс тілеп, облыс басшысы мен мәдениет басқармасы атынан қара шаңырақта ұзақ жыл еңбек еткен бірқатар қызметкерді дипломдармен, алғысхаттармен марапаттады. Мұражай басшылығына су жаңа компьютер сыйлады. Бұдан соң қала әкімі мекеме қызметкерлерін арнайы дипломдармен, алғысхаттармен марапаттады. Семей қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Құсмілия Жырғалұлы мұражайға Қайым Мұхаметхановтың қоладан құйылған бюсін сыйласа, Семей қалалық суретшілер одағы Шәкәрім бабаның мүсінін мұражай қорына тарту етті.
Керек дерек
Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы 1940 жылы ашылған. Ол Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады.
Мұражай 1940-1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде ашылып, 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударады. Бұл екі үйдің де Абайға қатысы бар. Ақын 1875-1904 жылдары Семей қаласына келгенде осы үйлерге түсіп жүрген. 1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай қаладағы сәулет ескерткіштерінің бірі саналатын, ұлы ақын өмір сүрген дәуір үлгісімен салынған көпес Роман Ершовтің үйіне көшірілді.
Мұражай алғашқы ашылған жылдары «Абайдың мемлекеттік әдеби-мемориалдық музейі» деген атпен Оқу министрлігінің қарауында болса, 1947 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының қарауына ауысты. 1953 жылы Абай мұражайы «мемориалдық музей» дәрежесіне түсіріліп, Ғылым академиясы қарауынан Мәдениет министрлігі қарауына ауыстырылды, одан Семей облысының мәдениет басқармасының қарауына берілді. Тек 1960 жылдары ғана ақын мұражайы Мәдениет министрлігінің қарауына ауыстырылды.
1990 жылы «Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып қайта ұйымдастырылды. Жидебайдағы 6400 гектарлық қорық аймағы 16 ескерткішті қамтиды.
Мұражай өз қызметін ғылыми кеңеске сүйеніп жүргізеді.
Бүгінде мұражай штаты 82 адамнан тұрады. Оның 23-і – ғылыми қызметкер.