Оразақ ЫСМАҒҰЛҰЛЫ, антрополог ғалым:
Рудаки, Иван Грозный, Ақсақ Темір, Ұлықбек, адмирал Ушаков сынды көптеген тұлға бейнелерінің Михаил Герасимов әдісімен реконструкцияланғаны жұртшылыққа аян. Аты аңызға айналған ұлы хандарымыздың бірі – Абылайдың мүсіндік портреті де осы қатарды толықтырып тұр. Осыдан 15 жыл бұрын елімізде алғаш жасалған бұл реконструкцияның бастамашысы – антрополог ғалым Оразақ Ысмағұлов. Белгілі ғалыммен әңгімеміз хан бейнесін қалпына келтіру жұмыстары барысында абылайтану ғылымына қандай құнды мәліметтер қосылғандығы жөнінде өрбіді.
– Оразақ аға, осыдан талай жыл бұрын тарихымызда тұңғыш рет Абылай хан бейнесіне реконструкция жасадыңыз. Жалпы, монолит түрінде алынған сүйекте «Бұл – Абылай ханның денесі» деп тұжырым жасауға негіз боларлықтай қандай айрықша белгілер болды?
– Тірі кезінде Абылайдың бейнесіне қандай анықтамалар берілгендігін білу үшін біз ол туралы әдебиеттерді, аңыздарды жинауға мәжбүр болдық. Сондай дереккөздердің бірінен білгеніміз, орыстың Брехов деген капитаны сол кезде Орта Азия және Қазақстан жерінде барлаушы болып істепті және Абылай ханның қайтыс боларынан төрт жыл бұрын оның алдында болған екен. Соның жазбасына қарасақ, «Абылай ханның бойы биік емес, бірақ жасы ұлғайса да, дене қимылы жеңіл» деген жерлері бар екен. Бұл – оны тікелей көрген адамның айтқан сөзі. Біз сараптаған сүйектің ұзындығы да небәрі 164 см, яғни бойшаң адамдікі емес. Сосын Қазаннан 1912 жылы шыққан кітапта Абылай ханның аузында тісі жоқ екені жазылған. Ал кейбір әдебиеттерде оның жілік майын жақсы көргендігі айтылыпты. Тісі жоқ адамның асқазанына, әрине, жілік майы жеңіл әрі жұғымды болады. Біз зерттеген бас сүйегінде де бір тіс кездеспеді. Абылай 50-ден аспай жатып бүкіл тісінен айырылған. Соның нәтижесінде қызыл иегі түгелдей мүжіліп, тіс шұңқырлары тегістеліп кеткен. Сондай-ақ оның жаралы болғаны көптеген деректе көрсетілген. Бірақ нақты қай жерінен жарақат алғанын ешкім айтпайды. Іссапармен Қытайға барып, дерек жинағанымызда Абылай ханның аяғынан жаралы болғанын анықтадық. Сүйекте де сондай белгі болды. Тарихи жазбаларға жүгінсек, 1756 жылы Ертіс өзенінің бойында Син армиясымен соғысып жүріп, Абылайдың санынан жараланғаны айтылады, ол кезде жасы 45-те болған. Бұған сынықтың өзі дәлел болып отыр. Өйткені жасы 50-ден асқан адамдардың ондай сынықтары сүйек сүйелімен бітпейді, жай ғана қабысады. Міне, осындай ерекшеліктеріне қарап, монолиттің ішінде жатқан сүйектің Абылайдікі екендігін жан-жақты дәлелдедік.
– Сіздіңше, Абылайдың тісінен айырылуына не себеп болуы мүмкін? Сондай-ақ хан сүйегінен тағы қандай ерекшеліктер байқалды?
– Кім біледі, мүмкін, пародонтоз ауруына шалдыққан болар. Әйтеуір, не жоғарғы, не төменгі бірде-бір тісі болмапты. Осыған орай құрдастарының қалжыңдап, «қызыл иек», «опырық» деп атағаны да кейбір жазбаларда, ауыз әдебиеті шығармаларында кездесіп қалады. Былайынша, 70-ке келген кезінде де Абылайдан кәріліктің белгісі көп байқалмаған. Тек отырғыш сүйектері аздап деформацияға ұшырап, өзінің табиғи формасынан өзгерген. Өйткені ат үстінде көп отырған ғой. Сонымен бірге Абылайдың оң қолы ерекше қарулы болған. Қалмақтармен соғысқанда шапанынан оң қолын шығарып ыңғайланғаны айтылады. Оңқайлығы сүйектен де жақсы көрінеді. Оң қолының бұлшық еті жақсы жетілгені, күшті болғаны соншалық – білегінің сіңірі айналып, бір тесік арқылы қайта оралып, екінші жағына шыққан, яғни Абылай бір кісі иелік жасай алатындай адам болмаған.
– Антропологиялық тұрғыдан алғанда, Абылай ханның кескін-келбетіне сіз қандай сипаттама берген болар едіңіз?
– Біраз сипаттамасын жоғарыда айтып өттім. Одан бөлек, бойының биіктігін, ми сауыты көлемінің қанша екенін антропология саласындағы бүгінгі әдістемелерге салып, барынша анықтауға ұмтылдық. Жалпы, антропология саласында тарихи шындықты бұрмалау мүмкін емес. Сондықтан сүйек қандай болса, тек соның маңайында ғана зерттеулер жүргізіліп, анықтамалар беріледі.
– Дегенмен сіздер Абылай ханның бейнесін қалпына келтіргенде оны тісі жоқ күйінде емес, протезбен кейіптеген көрінесіздер ғой...
– Мұның себебі – Абылай тумысынан мүгедек емес қой. Сол үшін дені сау кезіндегі бейнесі қандай болды, соны негізге алуға біздің құқымыз бар. Қалпына келтірілген кезде ешбір патология көрсетілмейді.
– Ал Абылай хан сүйегінің реконструкция жүргізіліп болғаннан кейінгі тағдыры қалай болды?
– Зерттеу жұмыстары біткен соң хан сүйегі қайтадан өзінің орнына жерленіп, кейіннен басына М.Құл-Мұхамед Смоленскіден алдырған қара тас қойылды. Басында жазуы, Шота Уәлихановтың жазған генеалогиясы бар.
– Жалпы, сіз кәсіби маман ретінде Абылай ханның бейнесін суреттей аласыз ба?
– Реконструкцияның бір ерекшелігі – адамның қайтқан кезіндегі бейнесі бейтарап күйінде жасалады, оған образ беруге болмайды. Бізде ғана емес, бұл – ғылыми тұрғыдағы әлемдік талап. Өйткені антропологияның міндеті – анықтау. Сол себепті де біз «Абылайдың көзі қандай болған?» «Қарашығының айналасында доғалары болды ма?» дегенді білмейміз. Бірақ көз ұялары мен бет-әлпетінің құрылысына қарағанда тураноидтық типтің негізгі ерекшеліктері Абылай ханның бет-жүзінде толық сақталғандығын айта аламыз.
– Негізі, сіз Абылай ханның кинода сомдалған, театрда кейіптелген, бейнелеу және мүсін өнерлерінде жасалынған әртүрлі бейнелерін көріп жүрсіз ғой. Соларға көңіліңіз тола ма?
– Ол рас. Абылайдың бейнесін бәрі салып жатыр. Тіпті бір кезде жүз теңгелік ақшаға да бедерленді. Бірақ оның бәрі – Абылайдың тірі кезіндегі мүсініне қарап салынған суреттер емес, яғни Абылай ханның тірі кезіндегі ешқандай суреті болмаған. Сондықтан біздің реконструкциямыз тұңғыш рет жасалып отыр.
– Ал енді бүгінгі суретшілер, жалпы, Абылай бейнесін тануға ұмтылған суреткерлер сіздердің осы жұмыстарыңызға қаншалықты сүйеніп жүр?
– Суретшілердің салғандарының бәрі – ойдан шығарылған нәрсе. Жалпы, бір Абылай емес, басқа да көптеген тарихи тұлғаның реконструкциясы мен салынған суретінің арасы жер мен көктей ғой. Мен бір суретшілердің Кенесарыны салған суретін көрдім. 25 жастағы жігіт сияқтандырып, тақия кигізіп, қара торы ғып салған. Ал халық Кенесары деп кездейсоқ айтпаған, яғни ол кішкентай, сары адам болған болуы керек. Негізінде, қазақ атауды көбінесе дұрыс қояды.
– Ал Абылай ханның суретшілер салған бейнесінде қандай ауытқушылық бар?
– Мәселе – олардың образды түрде салатындығында. Ал кез келген образ антропологиялық заңдылықпен қабыспайды. Әуелде айтқанымдай, бізде бүкіл реконструкция бейтарап бағытта жасалады. Оған образ берілмейді. Образ берілетін болса, ол реконструкция болып саналмайды, көркем дүние болып шығады. Ал көркем дүниеге сараптама жүрмейді. Міне, осы айырмашылықты біздің суретшілеріміз білмейді де, өздерінше ойларына келгенді істейді...
– Әңгімеңізге рақмет.