Жетпісбай қажының қолында сақтағаны Амангелді Имановтың мылтығы ма?

Мансұр ХАМИТ (фото)

«Жетпісбай қажының үйінде Торғай көтерілісі көсемдерінің бірі, сардарбегі Амангелді батырдың мылтығы сақтаулы тұр!». Осы ақпардың ізімен елорданың тұрғыны Жетпісбай қажының үйін тауып, жәдігерді көзбен көрмекке, ұлт-азаттық көтерілісінен жеткен рухты сезбекке барып жолықтық. Пайғамбар жасынан асып, алпыстың асқарына шыққан палуан денелі Жетпісбай ақсақал жылы шыраймен күтіп алды. Сосын бұйымтайды есіктен кіре естіген қажы асықпай жайғасқан соң, әуелгі әңгімені әкесі жайында бастады. Әкесі – Торғайдың тумасы, Ақкөл өңірінде дүниеге келген. Арабшадан сауатын ашқан адам болған екен.
– Әкем Міржүсіп Бірмағамбетұлы 1892 жылы туып, тура Сталин қаза болғаннан бір ай өткен соң дүниеден озған еді. Мен ол кезде жеті жастағы баламын. Сондықтан да, әкем туралы көп нәрсе есімде қалған жоқ. Ол кісі жайында әңгіме мен естеліктің көбісін ер­жет­кенде тек шешем арқылы естіп білдім. Де­ген­мен ше­шеміз де жасынан әкемнің қасында бол­­маған адам ғой. Ол кісі де әкемнің жас ке­зінде ба­сынан өткізген көптеген оқиғаларынан ха­­барсыз. Өйткені 38 жасында бәйбішесі қайт­қан соң, әкей 18-дегі шешемізді алған екен. Бұл – Тор­ғай көтерілісінен біршама уа­қыт өтіп кеткен кез. Олардың отау құрған тұсы «ел басына күн туған» аласапыран уақыт, бай­лар­ды кәмпес­ке­леп, басқасына бәле жауып жат­қан шақ еді. Артық ауыз сөз айтудан қор­қатын тұс. Сол за­ман­нан аман өтіпті. Рас, әкем­нің ел арасында беделі болғаны белгілі. Ұлы Отан соғысы тұсында тылда еңбек еткен екен. Крупская совхозында соғысқа май жи­най­тын бөлімшенің бастығы болыпты. Бұл сол кездегі деңгеймен қарағанда жоғары қызмет саналады. «Майшы шал, бәлелікке қайшы шал, тықылдап, қайта-қайта, келуіңді қойшы шал», – деп кете беретін ұзын сонар өлеңді де әкемізге арнап шығарған екен сол кездегі еңбекшілер. Бұның біразы да жұрт есінде бар.
– Әкеңіздің Амангелді Имановпен ара­ластығы болды ма? Көтеріліске қа­лай қосылған? Бұл жағынан есті­ген­деріңіз болса, айтып өтсеңіз.
– Әкем жасынан барымтамен аты шық­қан ер екен. Амангелдімен де сондай «ірі­лі-ұсақты шаруалар» барысында араласса керек (Расында, бір деректерде 1915 жылы Амангелді батыр байлардың жұм­сауы­мен барымтаға шығып жүріп, ұры­на­ды, тіпті түрмеге түсіп қалатыны айтылады. Сондай бір жағдайда Міржақып Дулатұлы байларды айыптап, Амангелдіні құтқарып қалған екен – авт.). Қаншалықты деңгейде ара­ласқанын да толық білмеймін. Тек Арқадан шыққан барымташылар Арал өңірін аралап қана қоймай, түркімен асып та, жылқы алатын болған ғой. Жарты жыл­ға жуық сондай «жорықта» жүріп, түр­кі­мен­нің баға жетпес бәйге ақалтекесін әке­міз елге әкеліп, ауыл-аймақты бір дүр­кіреткен, «ойпы­рым-ай, бәрекелдісін-ай» дегізгені де бар көрінеді. Сондықтан дәл осындай адамның Амангелді бастаған көтерілістен тыс қалуы да еш ақылға сыймайтыны рас. Оның үстіне Торғай көтерілісі тұсында әке­міздің нағыз күш-қайраты тасып тұрған, 25-ке енді шыққан жігіт шағы. Өткір­дің жүзіндей қылшылдап, еш нәрседен тайынбайтын, нағыз көзсіз ерлікке баратұғын кезі ғой. Патша жарлығына қатысты дүмпу туғанда ең бірінші бас көтергендер де негізінен сондай қарулы азаматтар бол­са керек. Сондықтан әкемді көтерілістің алғашқы тұсынан-ақ белсене араласқандардың бірі десе де болады. Расында, мұндай ұлт­тық деңгейде туындаған ұлы толқынға есі дұрыс, қол-аяғы бүтін, дені-қарны сау аза­мат­тың араласпай, тыс қалуы – еш ақылға сыймайтын дүние, ондайдың мүмкін емес­ті­гі айқын. Біздің әкей де сондай дүбірдің бел ортасында жүріпті. Сосын дәл сол Тор­ғай көтерілісінің куәсі, жауға қарсы аты­лып, жаудың құтын қашырып, оқ жудырған қа­ра мылтық осы шаңырақта сақталып отыр.
– Осы мылтықтың Амангелді Има­нов­қа қандай қатысы бар? Жалпы, ол сіздің әкеңізге қалай тап болып жүр?
– Мылтықтың әкемнің қолына қалай түс­кенін шешем марқұм айтып кетті. Мені де соның айтқаны иландырады. Міржүсіп әкеміздің барымташы болғандығын айт­тым. Оның сыртында Амангелдімен қан­ша­лықты араласқанынан анық хабар­сыз­бын, әйтеуір, алыс-берісі түзу болған адам­дар екендігі белгілі. Содан болуы керек, көтеріліс кезінде әкемізге мылтықты Имановтың өзі беріпті. Яғни бір кездері өзі ұстап жүрген мылтығын сыйға тартқан шығар деп топшылаймын кейде. Шы­нын айту керек, көтерілістен кейін әкей­дің артынан түскендер көп болған. Содан жа­нын сақтау үшін бас сауғалап, бертінге қарай орталыққа көшіп кетіпті. Алмағайып заманда барымтаға қатысқанын бетіне басқандар да болған тәрізді, тағы бір алуан «кінәні» еске салғандар ауылға сый­дыр­маған екен. Сосын аяқастынан ешбір малы мен мүл­кіне, дүниесіне қарамастан, бәрін тәрк еткендей, үдере көшеді. Сөйтсе де, осы қара мылтықтан айырылмай, оны ты­ғып, көзінің қарашығындай сақтап қал­ған. Соған қарағанда, әкем үшін бұл бекер дү­ние емес, аса қадірлі қару болғаны ғой.
– Мұндай құнды жәдігерді үйіңізде қа­лай сақтап жүрсіз? Кеңес Одағының тұ­сында, одан кейінгі кездері мыл­тық­қа қатысты еш «мәселе» туындаған жоқ па?
– Рас, бір-екі мәрте «өздерінше» қызы­ғу­шылар болды. Қорқытып та көрді, «тар­тып аламыз» деп доқ көрсеткендер де болды. Құжатын сұратып, жоқтығын сыл­­тау­ратады. Сосын мылтықтың оң жақ қап­талындағы арабша жазуды көрсетемін де, «айналайын, мынаны оқы, Амангелдінің өзінің «именной» мылтығы, оқи алсаң, «құ­жаты» – осы, оқи алмасаң, онда құжат­ты сұрама» деп ескертсем болды, ешкім жо­ла­­майтын. Шынында, мылтыққа қатыс­ты ол кезде қағаз жүзіндегі құжат жоқ қой. Содан ешкім көп жоламайтын. Ал мыл­тық­тың оң жақ қапталындағы арабша жа­зуы­ның жартысы көнеріп, өшіп кеткен. Ар­қа­дағы бірталай көзі ашықтар келіп көріп, оқығандай болды. Олардың айтуынша, жазу араб қарпінде болғанымен, парсы тілінде жазылған секілді. Бірақ анығын, ма­ғынасын айтқандар болмады. Ескі ша­ғатай тіліне қотаратындар да болды, бірақ мағынасын ашып берген емес. Тағы бі­ле­тіндер мылтықтың ағылшындық үлгі екен­дігін, ХІХ ғасырдың аяғына таман жа­сал­ғандығын айтады. Жазуға қатысты са­рап­тама демекші, кезінде Арқалықтың мұ­ражайынан директоры да келіп, көріп, сұратып та алған. Шынымды айтсам, өзім берерімді беріп алып, кейін әрең қай­тар­дым. «Экспертизаға бермекшіміз» дегенді ал­ға тартып, үш айдай сандалтты. Соңынан қуып жүріп, зорға қайтардым. Сосын ешқандай да сараптамаға көнбедім, қазір де көнгім жоқ.
– Соңғы рет қашан атылған еді? Өзіңіз атып көрдіңіз бе?
– Расында, мылтық туралы да, оның нағыз иесі туралы да әкемнің айтары көп болған шығар, бірақ бала болдық, есіміз бол­мады. Есейгенше бұған соншалықты жәдігер ретінде қарамай келгенім рас. Ке­зінде аңға да шықтым, киік те аттым. Қолға ұстағанда тиюі жақсы, жүз метрден дәл­де­генге қиыс кетпейді. Өте ыңғайлы. Соңғы рет қашан аңға асынып шыққаным есімде жоқ. Дегенмен ескірген мылтық кейінгі кез­дері бір тетіктері ұстамай, бір-екі мәрте өзі атылып, шошытты. Содан бастап абай­лап ұстап жүр едім. Соның өзінде бір күні затворын сала бергенімде оқыстан гүрс ете қалды. Абырой болғанда, жанымдағы адам­дардың ешбірін жарақаттамады. Бірақ зәре-құтым қалмады. Көтеріліске қа­тысқан, талай адамды о дүниеге аттан­дыр­ған, жауға кезелген қанды дүние бол­ған­дықтан, оны қару ретінде қолдануды қойып, аңға шыққанда қолға алуды бірден тыйдым. Тек жәдігер ретінде сақтап ке­ле­мін. Расында, қазірдің өзінде ұсақ-түйек бөлшектерін келтіріп жасаса, атылуы атылады. Әйтсе де қару ретінде ұстауды доғарған соң, жүрек те дауаламайды екен. Тек ілулі тұрады.
– Дегенмен мылтықтың Амангелді ба­тырдікі екендігіне тағы қандай дә­ле­­ліңіз бар? Дәл осыған ұқсас қару ба­тыр­дың мұражайында бар ма?
– Дәл осындай мылтық мұражайда жоқ. Торғай көтерілісіне орала отырып, дә­лел­ге салсақ, ол кезде аяқастынан бұрқ еткен ұлттық толқуға ешкімнің дайын­дық­сыз болғандығы да анық қой. Көпшілік сарбазда мұндай мылтық болған жоқ. Атыс қаруларының өзі бірлі-жарым шиті мылтық, қолдан жасалған аңшы қару­лары, құс мылтық қана болды. Ендеше, олардың ортасында мынадай ағылшын мылтығын тек жоғары дәрежедегі әскер­ба­сылардың ғана ұстауы мүмкін деп ой­лаймын. Он мыңнан астам әскер арасында да неше түрлі батырлар болды. Онбасыдан мың­ба­сыға дейін ерлер шықты. Бірақ солардың бәрінде дәл мұндай мылтық болмағаны тағы айқын. Ал Амангелдінің мылтығы деген дәлелге тағы келсек, мылтықтың жа­зуын­да бір мағына болуы мүмкін. Жазуға қатыс­ты тағы топшы­лай­тыным бар. Аман­гел­дінің Иман деген атасы кезінде батыр, Кене­сары ханның үзеңгілесі болған айбат­ты кісі екен. Осы көтеріліске әр ру, өңір өз туын көтеріп шыққанда әскердің бас сардары Амангелді Иман атасының туын көтеріп, желбіретіпті. Бұл ту әлі күнге мұражайда сақтаулы болуы керек. Мен мылтықтағы жазуды да тура сол Иман атамыздың, кейіннен Амангелді батырдың көтерген туындағы жазуға ұқсатамын. Амангелді көтерген тудағы жазу да арабша ай­шықталған еді. Ту мен мылтықтың жа­зуын нақты айта алмаймын, дегенмен ұқсас. Жал­пы, жазу жайына келсек, қазақ­тар­дың ежелгі салтынан белгілі ғой, бір адамға сыйлық сыйлағанда соған атын жазып беру деген болмаған. Соған қара­ған­да, мылтықта «мынау пәленшенің мыл­­ты­ғы» немесе «мұны пәленшеге бер­дім» деп жа­зылмаған шығар. Тек дұға секілді сөздер жазылуы мүмкін деп тұс­пал­даймын. Бір сөзбен айтқанда, бұл көтерілістің мыл­­ты­ғы екендігі, оның әке­мізге сыйлан­ған­дығы дау­сыз. Оны «Аман­гелді сый­лады» деп шешеміз айтып кетті.
– Әкеңізден қалған тағы басқа жә­ді­герлер бар ма?
– Еміс-еміс есімде, әкем ауырып, төсек тар­тып жатқан уақытында құран оқып, кі­тапқа көз жүгірте үңіліп отыратын. Арабша аз-маз сауатты еді, өзінің ұдайы тастамай оқитын Құран кітабы бар болатын. Біздің жас кезіміз Кеңес Одағының тұсында өтті ғой. Ол кезде мұндай ескілікке, оның ішін­де құ­ран­дай киелі затқа онша мән бермей қарайтынбыз. Кеңес өкіметінің тұсында бұрынғының бәріне бір түрлі көзқарас болғаны рас қой. Біз де соның «дәмін» татқан азаматпыз. Сөйтіп, дінге мойын бұрғызбаған заманда бізге керексіздеу болып тұрған кітапты ауылдас бір ақсақал қатты қызығып, сұратып, аударыстырып оты­рушы еді. Әкемнің көзіндей дүние болған соң, сұрап алған шалдың көп ұзамай артынан барып, қайта үйге әкеліп жүруші едім. Соңғы бір сұрағанында араға бір­ша­ма уақыт салынып, қайтара іздеуге уақыт та болмаған. Кейін ол кісі де марқұм бо­лып кетіпті. Артында қалған ағайын­да­ры ештеңені білмейтін тәрізді. Соның сал­да­рынан ескі Құран кітабы да жоғалды. Сондықтан әкемнен қалған жалғыз жә­ді­гер де – осы, көтеріліске қатысқан, Аман­гел­ді сыйлаған қара мылтық.

Түйін
Жетпісбай қажы әңгімені айта жүріп, көп күттірген қара мылтықты әкеліп, алдымызға тартқанда ары-бері айналдырып, біразға дейін сүйсіне тамашаладық. Тым ұзын да емес, шамамен   1,2 метрдей, жаудың құтын қашыратын сұсты қара мылтық. «Білетіндер ХІХ ғасырда жасалған ағылшын мылтығы деп дөп басып айтып кетті. Қандай модель екені белгісіз. 28-інші калибрге келеді. Бір кездері бесатар болғанға ұқсайды. Оған негіз болатын жайы да бар, астында – магазин қоятын орындары, затвордың асты бос тұр. Құндағы кейін жасалған. Үйде жәдігер ретінде сақтағалы бері біршама деталі жоғалып қалды», – дейді мылтықты таныстыра бастаған ақсақал. Қолдан-қолға жүгірген қара мылтықтың сол жақ қапталының үстіңгі жағында – арабша таңбаланған жазуы, бір жағында арабша сандары тағы бар. Арабша білетін «Нұр Астана» мешітіндегі имамдарға көрсетіп едік, ол сандар 181172 екенін білдік. Арабша жазудың біраз жері ескіріп, өшкен. Дегенмен бірсыпыра әрпі оқуға боларлықтай, анық көрініп тұр. Сол әріптерін қағазға түсіріп (мылтықты алып бара алмағандықтан), көрсеткенімізде, имамдар таңба арабша болғанымен, сөзі басқаша екендігін айтып отыр. Шағатайша жазылуы да ықтимал дейді.

Ойсалар
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы кеңінен аталатын биылғы жазда Торғай даласын жайлаған ұлт-азаттық көтерілісіне де 95 жыл тол­ғалы отыр. Алайда кезінде бұрмалануы кеңінен орын алған кеңестік тарихтануда 1916 жылғы көтеріліске дұрыс баға беріл­ме­гені анық. Ал кеңестік қателікті Тәуелсіздіктің 20 жылдығында қан­шалықты қалпына келтірдік? Осы сұраққа жауап іздесек, тарихи шындықты ашып, оқиғаларға қатысты баяндауларды әлі де терең зерделеу талап етілетіні айқын. Өйткені Қазақстанның шынайы тарихын жазу – Тәуелсіздікке қол жеткізудің жемісі. Осы тұрғыдан алғанда, кез келген көтеріліске тікелей қатысы бар жекелеген мәсе­лелерді әлі де жан-жақты әрі терең зерттей түскен ләзім. Олардың бірі де – осы қара мылтық һәм басқа да жәдігерлер.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста