Жетісуда айтыс ақындарының бірлестігі құрылады
Талдықорғанда алғаш рет айтыс ақындарының конференциясы өтті. Жиын барысында белгілі болғанындай, өңірде ұлттық өнердің өрісін кеңейту мақсатында айтыскер ақындардың бірлестігі құрылмақшы. Жаңа одақ жас ақындарға қамқорлық көрсету, оларды тәрбиелеу міндеттерін мойнына алмақ.
Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Қуаныш Сүлейменовтің айтуынша, Алматы облысынан шыққан республикаға танымал ақындар Надежда Лушникова, Айтақын Бұлғақов, Жұматай Әміреев сынды айтыс майталмандарының жас таланттарды тәрбиелеуіне мүмкіндік жасалмақ.
Расында, күні кешегі Сүйінбай, Бақтыбай, Сара, Жамбыл бабаларымыз туын жықпаған алтын өнер – айтыстың бүгінгі күні Жетісудағы жайы көңіл көншітерлік емес. Оған аға буын арқалы ақындар да, өнер жанашырлары да алаңдаушылық білдіріп, бірлестік құру бастамасын қолдайтындарын айтты. Ұйымға халық шығармашылығы орталығы жетекшілік етеді. Оған майталман ақындарды мүшелікке енгізу жоспарланып отыр. Бірлестіктің алғашқы кірісетін ісі – жақын күндерде ақын Қалқа Жапсарбаевтың 100 жылдығына орай өтетін республикалық ақындар айтысына жас дарындарды дайындауды қазірден бастамақ.
Айтақын Бұлғақов, айтыскер ақын:
– Жалпы, Алматы облысында айтыс ақындарының деңгейі төмендеп кетті. Өңірде Балғымбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақовтан басқа айтыс ақындары үлкен дәрежеде өнер көрсете алмай жүр. Бізде үш бірдей өнер мектебі бар. Бірақ сол айтыскерлерге дәріс беріп жатқан мұғалімдердің өзінің білім сапасын көтеруіміз керек.