«Жетінші арна» «Жұлдыздар фабрикасын» ашады
«Жетінші арна» Қазақстанда «Фабрика звёзд» атымен танымал әлемдік Operaciуn Triunfo жобасының қазақстандық нұсқасын жасамақ.
«Жұлдыздар фабрикасы» деген атпен эфирге шығатын жаңа шоу-бағдарлама 2011-2012 телевизиялық маусымның жаңа да басты жобасының бірі атанбақ.
Бағдарлама осыған дейін Испания, Канада, Аргентина, АҚШ, Үндістан, Балқан елдерінде, Ливанда, Ресейде табысты жүзеге асырылған болатын.
Жоба эфирге жаңа телемаусымда шығарылады, ал жобаның көпсатылы кастингі ағымдағы жылдың маусым айының басында басталып та кетті. Қатысушыларды іріктеу кастингі Қазақстанның Астана, Алматы, Өскемен, Орал және Шымкент қалаларында өтуде. Кастингке жас ерекшеліктері талапқа сай келетін (16-23 жас) және сахнада ән айтуға талпынған кез келген қызығушылық танытатындар қатыса алады. Іріктеу турына қатысу үшін қысқаша сұхбат беру, өзіңіз жайлы минуттық презентация дайындау және музыкалық аспаптардың сүйемелдеуінсіз және «минусовкасыз», жанды дауыспен ән орындай білу керек. Бірінші турдың қорытындысы бойынша байқауға қатысушы 500 адам іріктелініп алынады.