Кенже есімді 28 жастағы қазақстандық азамат өзінің құлдықта болғанын айтты. Айтуынша, Айгүл Иманбаеваның әкесінің малын қарап, 4 ай жұмыс істеген. Алайда ол үшін ешқандай ақы алмапты. Бұл туралы "Астарлы ақиқатта" айтылды.
 
Кенже Ешимов жетімдер үйінің түлегі. "Айналайын" балалар үйінен шыққан. Әке-шешесі тірі бола тұра жетімдер үйінде тәрбиеленген. Балалар үйінен шыққан соң оқуға түскен. Алайда оқуын аяқтай алмапты. Әртүрлі жұмыс істеп, күнін көрген. Осы ретте Айгүл Иманбаеваның әкесі Серік Иманбаевтың қоластында жұмыс істеген.
"Балалар үйінен шыққан соң жұмыс істеп, күн көрдік. Серік Иманбаевтың фазендасында жұмыс істедім. Малын бақтым. Ол Айгүл Иманбаеваның әкесі. Қызы мен туралы білмейді. Серік Иманбаев маған ақыңды беремін, ренжітпеймін деген. Бірақ 4 ай мал баққанда ақша алған жоқпын. Сұраған да жоқпын. Кейбір заттарды "сен алдың" деп менен көріп жүрді. Тамағымды берді. Ұрып-соққан жоқ. Өзі де кейде аздап ішімдік ішетін. Сосын мен кетіп қалдым", - деді Кенже. 
Кенженің азаматтық некедегі әйелі мен Медина есімді қызы басқа жақта құлдықта болған. Әйелі Сарбиназ желіде танысқан азаматтан көмек сұрап, жағдайын айтқан. Онымен танысқан Марат есімді азамат студияға келіп, жағдайды баяндады. 
"Мен желіде Сарбиназ есімді қызбен таныстым. Ол менен көмек сұрады. Құлдықта жүрмін. Мені шығарып алыңызшы деді. Мен балаларды жіберіп, оны ата-анасымен сөйлестірдім. Кейін бір рет кездестік. Алматыға келгенде шай-тамағын, бір күнге жатар жерін тауып бердім. Ол өзінің еріксіз жүргенін айтты", - деді ол. 
Сарбиназ 6 жыл бұрын Өзбекстаннан келген. Содан бері ата-анасын көрмеген. Хабарласа алмаған. Анасы көмек сұрап, қызын қайтаруды сұрады. 
"Сарбиназды 6 жылда бері көрмедік. Кіммен, қайда, не істеп жүргенін білмеймін. Үйге қайтуына көмектесіңіздерші", - деді анасы. 
Ал жолдасы Кенженің айтуынша, ол әйелі мен қызын ақшаға сатып кетпеген. Керісінше әйелімен жанжалдасқан соң кетіп қалған екен. 
"Сарбиназдың басқа жігіттермен кездесіп жүргенін білдім. Ішімдік іштім. Екеуміз ұрыстық. Оны шапалақтап ұрдым. Кейін кетіп қалдым. Ол басқа еркектен бала туғанда да кешіргем. Одан кейін бірге тұрғанбыз. Бірақ кейін қайта бармадым", - деді Кенже.