Балаларын қытайдың арзанқол, жағымсыз иісі мүңкіген ойыншықтарымен алдағанына ата-ана мәз. Енді қайтсін, басқа қылар қайраны жоқ. Сәбиінің шат күлкісін қытайдың резеңке ойыншығымен шақырып, көңіл қуанышын сонымен тауып жүгеніне де шүкір.
Бірақ бесікте жатып-ақ, сол сапасыз ойыншықты қолына ұстап, ауызына тістеген, тәй-тәй басқаннан мектепке дейін әлгі арзанқол ойыншықты алданыш еткен ұрпақтың бойында қандай қасиет болуы мүмкін? Себебі біз елемегенмен ойыншық – баланың ең үлкен тәрбиешілерінің бірі.
Атамыз қазақ «баланың ойнағанына, қазанның қайнағанына қара» деп текке айтпаса керек. Иә, қазақтың базарын қытайдың ойыншығы басып алғаны баршаға аян. Бұл «әләуләй» бұрыннан-ақ айтылып келеді. Оны қайталаудың қажеті шамалы. Алып ел деп әспеттелетін Ресейдің өзі балаларына керек ойыншықтың 88-90 пайызын сырттан жеткізеді екен. Өзіндегі өндіріс орындарының тек 10-12 пайыз өнім шығаруға шамасы жетеді.
Кейбір деректердің дегеніне сенсек, Ресейде әр баланың ойыншық сатып алуына 20 еуро, ал Англияда 240 еуро жұмсалады. Енді ойыншық өндіретін кәсіпорыннан жұрдай қазақ елінің жайын өзіңіз де шамалап отырған боларсыз. Бізде тек қытайдың ғана ойыншығы бар. Баласы үшін барын аямайтын қазақ оның бет-аузына қарамай алып беретіні де шындық. Өйткені олар арзан және базарда бары сол. Оның сертификаты бар ма, жоқ па?
Бала денсаулығына келтірер қаупі қандай? Оны бір құдайдың өзі, сосын, соған жауап беретін арнайы мекемелер ғана біледі. Дұрысы, білуі мүмкін... Бәрінен бұрын, Қытайдың заңды-заңсыз, ірілі-ұсақты өнеркәсіп орындарын қарық қылып жатырмыз. Ал қымбат, фирмалық таза өнім туралы әңгіме басқа. Оның қызығын санаулы ғана қалталылардың балалары көретін болар.
Енді бұрыннан бері құлағы қалқиып жүрген «қазақ баласының ұлттық ойыншығы қайда?» деген сұрақ тағы көлденеңдейді. Рас-ау. Қайда шынымен? «Мынау» деп кәдесыйға (сувенир) лайықтап жасалған киіз үй мен ұлттық киімдегі қуыршақтарды, түйе мен жылқы мүсіндерін көрсететін шығарсыз.
Оның өзі жоқтың аз-ақ алдында. Және бағасы удай. Оны балабақшалар алмайды емес. Бірақ қымбатқа келген затты баланың ойнауына кім қисын. Ұлттық ойыншық деген аты бар қылып, мұражайдың дүниесіндей қол тигіздірмейді. Бала болса, көкшегір көзі көкірегіңді тесіп өтердей сап-сары, (кейбірі қызыл, кейбірі жирен) шашы бар қуыршақпен ойнап кете барады.
Қолда барды ұқсата алмай жүрміз
Негізі, жоқ деп жылай берген де асылық болар. Бар. Бірақ сол бардың басын құрап, оны бала біткеннің қуанышына айналдыра білу де, ары айтсаң тектілікті, бері айтсаң ептілікті қажет ететін тірлік. Сол тірлікті толық дөңгелентіп кетпесе де, тырбанып жүрген азаматтар бар, құдайға шүкір. Солардың бірі, анығырағы, бір өзі – Сәкен Болысов.
Ол басшылық ететін Елордадағы «Атакәсіп-Астана» ЖШС осы игі істің соңына түскелі көп бола қоймаған. Шындығында, кәсіпорынның негізгі жұмысы – ұлттық аспаптар мен бұйымдар шығару. Ал ойыншық жасау мәселесі ұлт мүддесі үнемі толғандыратын Сәкенді ұзақтан ойландырып жүрген. Себебі түсінікті. «Балаларымыздың киімі де, көретін мультфильмі де, ойыны да, ойыншығы да, қысқасы, бәрі – өзгенікі», – дейді Сәкен Болысов.
Мұндай жағдайда ұрпақ бойынан ұлттық болмыс, өр рух, таза тіл мен діл күту күлкілі нәрсе. Сосын осы істі жүзеге асыруға белді бекем буады. Әңгімені ұзартпай қысқа қайырсақ, Сәкеннің інісі мен келіншегі ғана көмектесетін шағын шеберханасы қазір жеті түрлі ойыншық жасап шығарыпты. Көп емес, санаулы ғана данасын. Олар: Бөбек домбыра, Әсем үй, Керемет үй, Саз аспаптары, Ойландырар оюлар, Әуендік бесік, Астана-Бәйтерек.
Бұлардың бәріне тоқталып жатудың реті келмес. Бөбек домбыраға аялдай кетсек, оған: құрастырылмалы ойыншық домбыра – көрнекі құрал деген сипаттама берілген. Бір қызығы, домбыраны құрастырып отырған бала, әр қимылын бір шумақ өлеңмен өрнектеп отырады. Шумақтар – ойыншық авторыныкі. Мәселен,
Ұлтының нағыз ертеңі,
Болар деп бізді санаңыз.
Домбыраның бөлшегін,
Талдап берем қараңыз.
Ары қарай жалғаса береді... Киіз үй де осылай. Құрастырылады. Кәдесый емес, ойыншық ретінде.
Материалдары таза ағаш. Енді бұл үйдің балалар кіріп ойнайтын, ішіне жабдықтарын орналастыратын түрі де шығарылмақшы. «Себебі бала диванның арты, үстелдің асты секілді қуыстарға тығылып, өзінің «жеке мемлекетінде» емін-еркін ойнағанды ұнатады», – дейді Сәкен.
Айта берсең, жүрек елжірететін артықшылықтар көп-ақ. Ұлттық ойыншықтың сан түрі шығарылмақ. «Баланың алды-арты ойыншыққа толып, бірінен кейін бірін ауыстырып ойнайтын күнге жетуіміз керек», – дейді шебер. Ойыншықтар әдемі де тартымды қорапта болады. Ішіне суретті түсіндірме кітапша мен құрастыру сәтін көрсететін бейне көріністер де салынады. Тіпті Еуразия ұлттық университеті мамандары көмегімен, ойыншықтардың әдістемелік оқу құралы да дайындалып жатыр екен.
Ендігі мәселе – ұлттық ойыншықтардың қатарын қазақтың да, өзгенің де баласы батылы жетіп сатып алатындай көп әрі лайықты бағада шығару. Ол үшін... Сәкен Болысов бұл мәселе жөнінде тікелей эфир аясында Елбасына да сауал жолдапты. Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовке де хат жазыпты. Индустрия және сауда министрлігі де хабардар. Құдай қаласа, қолдау болатын секілді. Шамалы уақыт керек. Болмаса, қалталы азаматтардан серіктес табу ойда бар.
Түйін
Ойыншыққа ойыншық ретінде емес, бала болашағының бағдаршамы ретінде қарау – өмір талабы. Тереңдеп айтсақ, табиғат заңы. Қазақтың баласы бұрын немен ойнады, мәселе онда емес. Ұмытылған дәстүрлі балалар ойынын жаңғырту өте қажет. Сонымен бірге заман талабына сай, ұлттық дүниелерімізді заманауи ойыншық етіп ұсына білсек, қанеки?! Ол ойыншықтар ұрпағымызды ойлы етуге, ұлттың мұрагері болуға тәрбиелеп жатса, мерейіміз үстем болмас па еді?! Ол да біздің қолдан келеді, тек «әуп» деп жіберетін демеу болса. Осындайда ұлылардың сөзін айтарымыздың тобықтай түйіні еткеніміз ләзім секілді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе».