ЖЕҢГЕТАЙДЫ ЖЕЛІДЕН ІЗДЕГЕН ЗАМАН-АЙ
«Әңгімесі ауылдың, жеңешемнің мінезі» деп түскен жерін, ошағын ғана емес, бүкіл ауылды мінезімен тамсандыратын, сол сияқты мейірімділігі сонша «су сұрасаң сүт беріп, айран беретін», ата-анаға сәлем салып, иілгені өз алдына, тіпті өзінен кішкентай қайны, қайын сіңлілерінің өзіне «Еркежан», «Мырза бала» деп ат телитін, қашан барсаң, қазаны қайнап, дастарқаны жайнап тұратын жеңгелер қалды ма қазір? Әлде олардың орнын жаулық та салмай, айына-жылына барғанның өзінде сәлеміңді жөндеп те алмай, "туһ, тағы келді ме" дегендай сілкініп жүріп, баланы санап туып, күйеуді алдына салып құрдай жорғалататын, артылып жатса төркінге дорбалататын жат біреулер басты ма?
Бұлай жазуыма не түрткі болды деңізші?
«Алтын» жеңгемнің маскасы сыпырылып, «мыс» боп шықты...
Бірінші жағдай:
Жақында бір құрбым жылап келді үйге. Әншейінде жадырап, күліп жүретін оның есікті ашқаннан жанары боталап тұрғанын көргенде өз көзіме өзім сенбей, аң-таң күйде қалғаным. «Тыныштық па?» деген сұрақты да солығын баса алмай тұрған қызға қалай қоясың. Жылап алсын, жеңілденсін дедім. Шай үстінде өзі-ақ айтып берді. Бір қалада тұратын аға-жеңгесін, немере іні-сіңлілірін сағына іздеп барған ғой. Сөйтсе, есікті ашқаннан жеңгесі оқтай көзімен атып, сәлемін салқын ғана қабылдаған. Барып тұрып, әлгіндей қабақтан кейін табалдырықтан аттар-аттамасын білмей қалған ол кішкентайлардың бетінен бір-бір сүйіп, апарған базарлығын үлестірген де шығып жүре берген. Жеңгесі «шай іш» деуге де жарамапты. Бауырым деп сағынып барғанында, жауырын тұсынан қанжар қадалғандай болып қайтқан құрбымды не деп жұбатарымды білмей дал болдым...
Екінші жағдай:
«Жақсы көрген жеңешемнің жаман қылығын көргенде "е-е, сіз де «қатын» екенсіз ғой..» дедім еріксіз. Алтын санап жүрген жеңгемнің бір-ақ сәтте «маскасы» сыпырылып түседі деп ойламап едім: ағамның үйіне кіргеніме 15-20 минут болған, кенет тағы домофон дың-дың ете түсті. Сөйтіп еді, жеңешемнің шекесі шарт тырысып, «Туһ, тағы кім келді?.» демесі бар ма? «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демекші, жеңешем ойланбай айта салды, бірақ менің ішім қылп ете қалды... «Тағы кім?» дегеніне, себебі 20 минут бұрын мен ғой кірген». Қатты ойға қалдым. «Ай, ертең мен үйленсем інім үйімнен дәл мен сияқты Қап тауындай өкпесімен кетпес пе екен бір күні... Өйтпеңдерші жеңгейлер...
(Ғайыпбек Тәуекелов, Facebook желісіндегі парақшасынан)
Шіркін, «Гауһартастағы» Салтанатты айтсаңшы!..
Паһ, қандай келін, қандай жеңге?! Кезінде ауыл-аймақтың аузының суы құрыған осындай ару Тастанның шаңырағына түскеніне кейбіреу қуанса, кейбіреудің «қап!» деп сан соғып қалғаны анық байқалады фильм сюжетінен. Шопыр баланың тіпті әлі де «дәмесі бардай», сұлу келіншектің ар жақ-бер жағына шыға жүрмеуші ме еді. Егер жеңгесін жақсы көрмесе, Қайыркендей қайнысы «Жеңеше-ай» деп ән салып, тіпті үріп ауызға салғандай Салтанатты сұғанақ көздерден қорғауды өз мойнына алар ма еді?. Ол тіпті Тастанның Салтанаттай нәзік, сұлу, қала берді сыңғырлаған даусын, жалпы жанын түсіне алмағанына күйініп жүрмеуші ме еді?.. Айтса-айтқандай, сыңғыр күлкі, ән салғанда тау жаңғыртар әсем үні өз алдына, тіпті қойға қасқыр шапқанда ештеңеден қорықпастан қойларды іздеуге күреңге мініп шаба жөнелгені ше? Сондай-ақ түн ортасы шелектеп жауын құйып бергенде, қора үстін жабамын деп жанұшырып жүріп, өзінің үстінен су өтіп кетпейші ме еді? Қазір біздер сондай келін бола алар ма едік деп тіпті әр қыз ойланарлықтай... Фильмде Қайыркеннің «Салтанат келгелі үйге жан біткендей, апамның қолы ұзарып, көкемнің де мінезі жұмсарып, тіпті Тастан да үйге кешікпей келетін болды» деуі расында келінмен бірге үйге бір жылудың, мән-мағынаның енуі керектігін аңғартқандай.
Жалпы, қазақ әкеден кейінгі адам жезде деп білсе, шешеден кейінгі қара шаңырақтың тірегі жеңге деп біледі. Сондықтан «қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» деп, текті жермен құда болуға тырысқан. Келіннен ата-ана үйдің отымен кіріп күлімен шығатын күңді деп емес, шаруаны дөңгелетіп әкетіп, шаңырақтың отын сөндірмейтін жанды іздеген. Себебі күні ертең көздері тайса, артында қалар мал-жанды сеніп тапсыру керек емес пе? Ол ізетті, ол жөн-жоралғыны білетін болса, ол шаруаға пысық әрі ағайын арасына от тастамай, керісінше ренжіскенді татуластыратын, әулеттің ұйытқысы болғанын қалары сөзсіз.
«Маңырама мен ұлыманы» ұқпауға да айналдық...
Шіркін, қазақтың ғана келіндері, қазақтың ғана жеңгелерінің қолынан келетін ат тергеу деген қандай керемет жөн-жоралғы бар еді. Үйге келін келеді дегеннен бұрынғының үлкені түгілі тәй-тәй басқан баласына дейін қуанатын. Себебі ол қуаныштың бір қабатында «маған қандай ат қояр екен?» деген де әуестік ой, дәме жататын. «Көзжақсым», «Ботакөзім», «Мырза қайным» деген аттар бүгінде қала түгілі ауылдан да алыстап бара жатқандай... «Сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың бергі жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр» деген керемет мысал әр қазақтың жадында шығар. «Су сұраса, сүт берген, айран берген» жеңешесі егер дәл осындай бір ауылдың ізетті де, ибалы келіні болмаса қайран Мұқағали да оны өзі жырына қосып, «қартайып қалыпсың ау, қайран жеңгем» жүректі сыздатпас еді-ау...
Жайна ҚАНАПИНА, балалар бақшасының әдіскері:
– Өкiнiшке орай, бүгінде ондай жеңгелер жоқтың қасы... Өзі тиген күйеуі, яғни, келген үйінің ұлын үй-iшiне қарсы койып, тiптi ата-енесiмен мүлдем араласпайтындарды да көзiмiз көрiп жүр. Осының барлығы рухани тәрбиенiң аздығынан ғой...
Желінің «жеңгетайлығы» бар болсын!..
Қала берді, бұрынғы жеңгелер қайнысын аяқтандырып, қайны сіңлісін ұзатқанша жаны жай таппай, жүрген жерінен жақсы күйеу бала, жақсы келін іздей жүрмеуші ме еді?!. Қайны сіңлісін ауыл шетіне «свиданиеге» шығарып салып, өзі үйде оның ізін жасырып... Ондағысы бүгінде кейбіреу айтпақшы, үйдегі «артық адамнан құтылу» емес, қыз-жігіт дер шағында жартысын тапса, қу тізесін құшақтап қалмаса деген ізгі ой. Тіпті осы салттың «жеңгетайлық» деп аталуы да біраз жайтты аңғартқандай. Қазақ шығармаларының бәрінде дерлік бұл жөн-жоралғы баса айтылып, тіпті Ақан серінің «Балқадишасының» өзінде «Бір емес, екі жеңгең келіп отыр...» деген жолдардың болуы нені аңғартады? Қала берді «ой, жеңгем «үйлен» дейді, ой жеңгем үйлен дейді маған» деген секілді әзіл-шыны аралас әндер ше... Ендеше, қазіргі жеңгелер сол функциясын қаншалықты орындап жүр? Ұмыт қалдырды-ау сол, себебі оң жақта отырған қыз да, сүрбойдақтар та көбейіп кетті... Әлде жеңгені емге таппай, жеңгетайлықты желіге тапсырған заман болды ма? Екі жас әйтпесе неге әлеуметтік желіде танысады? Біріншіден, бұл қазіргі жастардың иек астындағыны көрмей, қасындағыны бағаламауынан десек, екіншіден, жеңгенің де құлықсыздығынан, тіпті өз күйеуінің бауырларының үй боп кетуін ойламағанынан да секілді.
Халима ТӘЖІҚҰЛ, журналист:
– Жеңгелер институтын жандандырсақ, жақсы болар еді. Негізі бұл үрдіс Оңтүстік өңірде әлі де болса сақталған. Себебі сонда тұратын туыстарымның бірқатары жеңгелер арқылы танысып, отбасылы болып жатыр. Ал «агентпен» танысып, табысқандардың арасынан ажырасқандар көбейіп, ауыз күйе бастағанға ұқсайды.
Түйін: «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», қазақтың осы бір-ау сөзін дұрыс түсінген жан талай мәселенің алдын алар еді-ау. Әсіресе әлеуметтік желіге желіккендерге көрсетсе, «міне, оқы, ойлан» деп. Себебі әйлеуметтік желіде бәрі сұлу, бәрі көркем, «қыз кезінде бәрі жақсы…»-ның кебін кейін барып біледі… Текті ме, тексіз бе міне осыны білу болатын бұрынғы жеңгенің жеңгетай болмас бұрынғы парызы.