Белгілі әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желі арқылы көмек сұрайтын кейбір адамдарға ренішін білдірді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
- Осыдан бірнеше жыл бұрын жағдайын айтып, көмек сұраған адамдардың хатын оқып, жылап, ұйқым қашып, ауырып қалатынмын. Қазір өзімді сақтау үшін мән бермеуге тырысып жүрмін. Хаттарды көреміз. Тоқталып оқымаймыз. Өйткені күнде 40-50 ден аса хаттар,қоңыраулар күннен күнге көбеюде. Біреуі ұрсып сұрайды, біреуі қарғап сұрайды, біреуі жалынып сұрайды, біреуі шын мұқтаж, біреуі алдап сұрайды, біреуі міндеттісің деп мәжбүрлегісі келіп тістелеп сұрайды. Қазақтың тең жартысы қайыршыға айналып жатқандай көрінеді. Неге??? Басқа елдерде де осылай ма екен?! Әлеуметтік желіге кіре алмайтын, кіруге ақшасы да уақыты да жоқ мұқтаж жандар қаншама. Қайырымдылықты кімге, қай кезде жасайтынын әр адам өзі шешеді. Мен инстадағы көмек сұраған хаттарды оқымаймын енді. Арнайы қайырымдылық қорларына жазыңыздар - деп жазды Жазира Байырбекова.
Әншінің жазбасына желі қолданушылары түрліше пікірлерін білдіруде.
- "Жүрегіңіз қалаған нәрседен бас тартпаңыз, себебі көмектің үлкен,кішісі жоқ және есеппен емес ниетпен берілген 1теңгенін өзі қайырлы болуы мүмкін", "Сіздің жаныңыздағылар жағдайы жақсы болған соң байқамайтын шығарсыз. Нұрсұлтанда пәтер жалдап тұратын халық өте көп. Бәрі қазақ десе де болады. Өз елімізде өз үйлері жоқ", "Қанша қиыншылық, аш болғанда да ешкімнен, еш нәрсе сұрамай, тамақ жоқ болса, балық аулап, қолмен айналдыратын ет тартқышпен катлета жасап, басынан сорпа пісіріп, балаларымызды асырап, өткен уақыттар болды. Совет Одағы тарқаған кезде1989-1998 жылдарға дейін жұмыс жоқ, ақша жоқ, дүкенде тамақ жоқ киім сатылмайды, ақша құнсызданып, рубльдер теңгеге ауысып кетті. Сол кезде ешкімнен ештеңе сұрау деген болған жоқ. Өзеннен кемпір-шал да, бала-шаға да бәрі балық аулап жедік. Көшеге шығып, үкіметтен сұрау деген болған жоқ. Ал, қазір магазинде бәрі бар, біреуден көмек сұраған ол әлсіз адамның жасайтыны. Үйіңнен көршілеріңе нан, тамақ пісіріп сатсаң да өтеді. Үкіметтен сұрайды, артистерден сұрайды. Ауылға көш, мал асыра. Есі кеткен ешкі жияр деген. Қой бағу керек, тез көбейеді, сойып жейсің, жүні пайдаға асады. Жазда бақша саласың, оны банкілерге жауып алсаң қыстай жейсің. Былай қарап тұрсаң, екі қолға бір күрек табылады. Ерінбесең бәрін істеуге болады", "Шын мұқтаж адам желіде отырмайды деп ойлаймын", "Телефоны бар, әлеуметтік желіде отыратын адамдар қатты мұқтаж жандар емес. Шын мұқтаждық ететіндерде телефон интернет болмайды", "Барынша адамдарға көмектескім келеді" - деп жазды олар.
1