Жахан Отарғалиев пен Балжан Бидаш үйлену тойын наурыз айына белгіледі. Алайда карантин талаптарына сай келмесе, той күні кейінге шегерілуі мүмкін. Жас жұбайлар отбасылық қызықтары мен жоспары жайлы айтты.
Бұл туралы "Таңғы студио" бағдарламасында айтылды. 
Қазақстандық актер Жахан Отарғалиев пен әнші Балжан Бидаш бір ай бұрын некелесіп, шаңырақ көтерді. Балжан Бидаш оң босағадан ұзатылып шықты. Алайда үлкен әлі өткен жоқ. 
"Бастапқыда Балжанға құда түсіп, сырға салғанда үлкен тойдың наурыз айында өтетінін айттық. Ол кезде той өткізуге тыйым салынды. Наурыз айына деп жоспарлап отырмыз. Алайда карантиндік талаптар сай келмесе, кейінге шегеріледі. Мен тек карантин талаптарын сақтағандықтан тойды жасамай отырмын. Әйтпесе, той жасауға толық дайынмын. Дәл қазір биліктің тыйымын орындап отырмын. Шектеу тек халыққа ғана арналған жоқ. Оның ішінде әртістер де, әнші-жыршыларға да қатысты. Сондықтан тәртіпке ьағынамыз", - деді Жахан. 
Жахан үшін өткен жыл өте сәтті болды. Бұл жылы кинода бағы жанды. Өмірлік жарын тапты. 
"Мен екі бірдей киноға түстім. Түркияда түсірілім алаңында болдым. Ел күткен кинода басты рөлдің  бірін сомдадым. Небір актерлермен таныстым.  Бастысы, өмірлік жарыды таптым. Үй салдым. Сондықтан өткен жылға өкпем жоқ. Бәріне ризамын", - деді актер. 
Жахан Балжанның сұлулығына емес, қылығына ғашық болғанын талай рет айтқан еді. Әлі де болса Балжанның қылықты, ерке қыз екенін айтып әлек. 
"Балжанның сұлулығы емес, қылығын ұнаттым. Бұрын Балжанның дәл осындай ерке екенін білмеппін. Өзім де ерке күйеу баламын", - деді актер.