«Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» демей сөз бастамаған Алаштың бір баласы, Ахаңша айтсақ, «құлағы, көзі һәм тілі» болып ақпарат кеңістігіне келген мына біздің бүгін жасымыз төртке толғанмен, санымыз мыңға жеткенін ескерсек, жас та болса көпті көрген болып шығады екенбіз. Күн сайын көтерген мәселелерді айтсақ, оның ұшы-қиырына жете алмасымыз анық, алайда осы төрт жылда «Алаш айнасы» жүргізген ірі жобаларға тоқталмасқа болмайды.
«Алаш айнасы» алғашқы күндерден бастап-ақ «Көне түркі жазуын үйренейік!» және «Түбі бір түркі жұрты» айдарларымен тұрақты түрде танымдық жобасын жүзеге асыруға кірісті. Аталған айдарлар бойынша газеттің әр санында алдымен көне түркі әліпбиінің бір әрпі таныстырылып, бұдан соң әр нөмірінде оқырманды бір-бір түркі халқымен қысқа-нұсқа таныстырды. Осы айдар арқылы, жалпы, өзінің түп тамырын іздеген, түркінің бүгінгі ұрпағы үлкен олжаға кенеліп, сонау қадым замандағы Орхон-Енисей бойында бабаларымыздың тасқа қашап кеткен таңбаларын оқуға кірісті. Ә дегеннен-ақ бұл жобаның оқырманы, яғни көне түркіні үйренуге құштар жандар табылды. Біз оған газетіміздің әр санында жарияланып отырған сұрақтарға жауап жазып, редакциямызға хат жолдаған оқырмандарға қарап көз жеткіздік. Солайша аз уақыт ішінде сонау Тоныкөк пен Күлтегін заманының қарпін меңгеріп, бабалар жазбасын ұғатын бірқатар Алаш баласы пайда болды. Өзінің туғанына тура бір жыл толуына орай газетіміз түркітанушы ғалымдар мен жалпы қазақтың зиялыларының көзінше осы әліпбиді газетіміздің әр сабағы бойынша меңгеріп, онымен хат жаза білетін, руна жазуларын ежіктеп емес, судыратып оқитын дәрежеге жеткен оқырмандарды редакцияның арнайы сыйлығымен марапаттады. Байқаудың бас жүлдесі Алматы қаласының тұрғыны, тұрақты оқырманымыз, бізді парасатымен таңғалдырған Аманбай Байнимировке бұйырды.
Атап айтарлығы, «Көне түркі жазуын үйренейік!» жобасына қатысқан оқырмандар өте көп болды. Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Иран т.б. елдерден хабарласқан азаматтар бар. Мысалы, Моңғолия қазақтары арасынан шыққан жалғыз альпинист Жанарбек Ақыбиұлы деген азамат Өлгейдің биік жартастарынан жаңа балбалтастар тапқанын айтып, соны бірге зерттеуге, көне Көк түрік әлемін нығайтқан Мөде қаған мекен еткен Мөде тауларын аралауға шақырғандар да болды.
Алты Алаштың айтар ойы мен сөйлер сөзі, естір құлағы мен көрер көзі міндетін мойнына алған «Алаш айнасының» ауыз толтырып айтарлықтай тағы бір үлкен ісі – «Жазбаша айтыс» жобасы. Ақын Жүрсін Ерман бір сөзінде: «Ақындардың жазбаша айтысы ертеден дәстүрде бар, бірақ ұзақ жылдардан бері қағажу қалып, тіпті ұмытыла бастаған, жосығы бөлек жанр еді. Әсіресе баяғының сүлейлері хат арқылы айтысудың неше түрлі үлгілерін жасап, бұл саланы айтулы биікке көтергені мәлім. Екі ақын ғана емес, алты ақын, он алты ақын, жиырма ақын жазып айтысқан қақтығысулар көркем ойды дамытуға көп септігін тигізген. Олардың ортасына төрелік айтуға түскен ақындардың арасөздері де біраз мұра болып жиналған. Кешегі кеңес дәуірінде жазба поэзияның өкілдері де баспасөз бетінде сөз сайысына түсіп, өнер жарыстырған. Осының бәрі өнер қызықтаушы қауымның жадында», – деп ойын ортаға салған болатын. Араға жылдар салып басылым бетінде қайта тірілген бұл жобаға бүгінгі ұрпақ арасынан қазақтың қара домбырасын үкілеп, семсер сөзін өткірлеп жүрген ақындар бел шеше кірісті. Бұл да өз кезегінде «сөз барымтасына» жан бітіріп, азулығымен алысқан асау ақындардың делебесін қоздырып қана қоймай, Алаштың айызын қандыра, айта алмай көптен көкейде жүрген шерін тарқатқан жоба болғандай.
«Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов сөзіне мән берсек, ұлт үшін тілдің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізе түсеміз. Тіл – халықтың тағдыры, дүниетанымы, салт-дәстүрі. Өз тілінен айырылған ұлт сол ұлтқа тән барлық құндылықтарды жоғалтып, жеке өзіндік ойлау жүйесінен айырылады. Ендеше, біз қоғамды мәдениетке жеткізіп, қоғамдық ой-сананы биікке көтеретін қуатты да құдіретті ана тілі – қазақ тілін өз деңгейінде қолданысқа енгізіп келеміз бе? Қазақ тілі – түпкі табиғатында ауқымы кең, оралымды әрі аса бай тіл. Біз осы тілімізді толық игере алдық па? Осы орайда газетіміз ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын «Анығы–осы» атты айдармен жаңа жобаны қолға алғаны өздеріңізге аян, қадірлі оқырман. Ал ондағы мақсат – газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздеу. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөзден көп нәрсе жоқ. Біз соларды қазір қолданып жүрсек те, көбіміз соның түбі қайдан шыққанына мән бермесек, енді біріміз жауап таба алмай жүргеніміз анық. Міне, сол көпшіліктің сұрауымен «Анығы–осы» айдары дүниеге келген болатын. Бұл тілімізге сіңген сөздердің түп-тамырына үңілсе, енді біз тағы бір жобаға бел шеше кіріскен жайымыз бар. «Намысың болса – жарнамаңды түзе!» акциясы бойынша біз республикамыздың түкпір-түкпіріндегі қазақшасы қансырап тұрған жарнамаларға жанашырлық танытып, қазақтілді жарнаманың қатесін көзге шұқып көрсету арқылы, біріншіден, мемлекеттік тілге деген құрмет пен жалпы жарнама мәдениетін дамытуды көздедік. Акция Алаштың даласы мен қалаларын түгел қамтуы үшін оған аймақтағы тілшілер түгел жұмылдырылып отыр.
Қысқасын айтқанда, «Алаш айнасы» барлық жағынан Алаш баласын айнаға қарап, бойын түзеуге шақырудан еш шаршамақ емес, қадірлі оқырман. Сондай-ақ сіздердің таным көкжиектеріңізді кеңейтуге деген талпыныстарыңыз біздің қоғамның әр саласын қамтып, ондағы ұсақ-түйек көрінгенімен, өте маңызды деген мәселелерін қазып зерттейтін «Алаштың идеялар банкі», «Алаштың бизнес әліппесі», «Алаш аймақ», «Алаштың шоу бизнесі», «Алаштың киноиндустриясы» және «Алаштың жас тұлпары» сынды арнайы беттерді ашуымызға түрткі болды.
Сөзіміз әлі түгесілген жоқ, түгесілмек те емес. Ендеше, Алаш баласы, айнаңызға қараудан сіз де жалықпаңыз дегіміз келеді.