Жасындай жарқылдап өткен...
Талантты адам тумысынан дара болады деген тегі рас. Жасындай жарқылдап, қазақ киносы мен театр сахнасындағы қайталанбас образдарымен ел-жұртты елең еткізген майталман актер Әнуар Молдабековтің өмірі бұған дәлел. Бала кезінен суретті жақсы салған Әнуардың әншілігі де керемет болған. Сонымен бірге актерлік қабілеті де ерте байқалған. Ауылға келген көшпелі кинотеатрдан көрген киноларына қатты әсерленгені соншалық – фильмдегі кейіпкерлердің іс-әрекетін қайталап, көпке дейін біресе Тарзанның, біресе үнді киносындағы қаңғыбастың кейпінен шыға алмай жүретін көрінеді. Әйтсе де актерлік ойына кіріп-шықпаған Әнуар өнер табалдырығын «әнші боламын» деген үмітпен аттайды. Бірақ консерваторияда тапсыруға келгенде онда орын болмайды да, драма бөліміне түседі. Бірақ шындықты бетке айтатын тік мінезінің салдарынан екі жылдан соң оқудан шығып қалады. Сосын Әзербайжан Мәмбетовтің студиясына қабылданып, соны тамамдайды.
Әнуардың талантын бірден таныған білікті режиссер Әзербайжан Мәмбетов студияға келген сәттен бастап оның өнер жолындағы нағыз ұстазына айналады. Орыс мектебінде білім алған Әнуардың қазақ тілінде акцентпен сөйлейтіндігіне қарамастан, оған үлкен сенім артып, көп рөлдерде ойната бастайды. Сол сенім үдесінен шығуға тырысқан Әнуар қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айту арқылы өзін-өзі үзбей жаттықтырып, ақырында мінсіз сөйлеу мәнерін игереді.
Жалпы, өзін-өзі тәрбиелеу, жанын аямау – оның табиғатына тән қасиет. Қожабек шалдың рөліне Әнуар түскен «Өтелмеген парыз» фильмінің режиссері Серік Жармұхамедов те актердің табандылығына тәнті болғанын айтады. «Майда-шүйде шаруалармен айналысып, түнгі сағат 2-ге дейін ұйықтамайтын. Таңғы 6-да тұрып, жаттығу жасайтын. Осы көрініс фильмді түсіріп біткенше өзгермеді. Жанын аямаумен қатар, тәнін де аямауы ерте кетуіне әсер еткен сияқты», – дейді режиссер өткен күндерді оймен шола отырып. Осы фильмде Әнуар Молдабековтің тапқырлық танытып, өзіндік шешімдер қосқан тұстары көп. Мысалы, ұлының өмірге тым жеңіл қарағаны жанына батқан ақсақалдың ішкі күйзелісін Әнуар жүрісімен-ақ шебер жеткізе білген. Және баласының досы рөліндегі Досханға: «Сендерді де жолдас дейді-ау! Неге бір ауыз сөз айтпадыңдар?» – деп налитын тұсын оңашада ішкі монолог ретінде айтуға ұсыныс білдірген. Тап осы сөз тұтас бір ұрпаққа арналғандай ерекше әсер береді. Режиссердің өзі «Фильмдегі ең сәтті шыққан нәрсе» деп бағалаған бір көрініс , ол – әкенің дастарқандағы нанның қиқымын асықпай қолымен сыпырып алып, аузына салатын тұсы. Міне, сол – Әнуардың өз шешімі. Тіпті сол уақытта 46 жастағы Әнуардың 60-тан асқан шалды ойнауының өзі оның актерлік ауқымының кеңдігін көрсетеді.
Әнуар Молдабековтің есте қаларлықтай ерекше образдарының бірі – «Қан мен тердегі» Еламан. Осы рөлді бастапқыда басқа актер ойнайтын болған. Бұл жөнінде актердің жары, актриса Баян Имашева былай деп еске алады: «Мәскеулік режиссер Мастюгин түсірілімге екі күн қалғанда «Молдабековті шақырыңдар» депті. Сақылдаған сары аязда Қапшағай жағасында түні бойы байқаудан өтті де, ертесіне рөлге бекітілді. Бұл жаңалықты өзге актерлер қазақ киносындағы төңкеріске бағалады. Әнуар фильм аяқталғанда құр сүлдері ғана қалып, қатты жүдеді. Денсаулығы да содан кейін сыр бере бастады». Жарының айтуынша, Әнуар аға өмірінің соңғы он жылында сусамырмен ауырыпты. Бірақ өзі мұны айналасындағылардан жасырып келген. Ресейлік бір фильмге түскенде ханның рөлін ойнау үшін 10 келі салмақ қосқан. Түсірілімнен келген бетте келесі рөлге дайындық үшін дереу салмақ тастауға мәжбүр болған. Осының бәрі денсаулығының нашарлауына әкеліп соққан. Сөйтіп, біртуар актер, дара дарын Әнуар Молдабеков небәрі 47 жасында дүние салды. Бірақ ол «Қыз Жібектегі» Шеге, «Қан мен тердегі» Еламан, «Өтелмеген парыздағы» Қожабек ақсақал, «Ән қанатындағы» Жаяу Мұса сияқты басқа да көптеген қайталанбас бейнелері арқылы өнерсүйер қауымның жүрегінде мәңгілікке қалды.
Әріптестер айтқан сыр
Әзербайжан МӘМБЕТОВ, Ә.Молдабековтің ұстазы, режиссер:
Жастарға ұрсып та алатын
– ...Оның рөлге жан-тәнімен берілетіндігін мына оқиғадан аңғарғанмын. Бірде «Қобыландыға» дайындық жүріп жатқан. Кенет Әнуар дәл сахнаның ортасында талып қалды. Бұрыннан ауырып жүретінін білетінмін, бірақ тап осындай күйге түсетінін қайдан білейін?! Жедел жәрдем шақырдық, ол ештеңе істей алмады. Екіншісі, әйтеуір, біраз әуреленіп, зорға есін жиғызды. Бір кезде қарасам, Әнуарым ештеңе болмағандай ыржиып орнынан тұрды да, рөлін қайтадан ойнап кетті. Ол осындай жан еді...
...Әнуардың жанында жас актерлер, актрисалар көп жүретін. Жастарға қажет кезінде ұрсып та алатын. Өзі театрға таңғы 9-да келетін. Жастарға «Неге ерте келмейсіңдер? Ұйықтап жатырсыңдар ма? Сендер осы қашан оянасыңдар? Қазақтар, қашан оянасыңдар?» деп ұрсып жүретін...
Әкім ТАРАЗИ, жазушы-драматург:
Әнуардың темпераменті Шегеге сыймай жүргені байқалады
– ...«Қыз Жібекті» қайта-қайта көрсеңіз, Әнуардың темпераменті Шегеге сыймай жүргені байқалады. Шеге – образ ретінде батырдың қасында жүрген жай ғана жыршысы. Ал кинодағы Шеге Төлегенді, Бекежанды ойнап жүрген артистермен бәсекелес. Әр сөзінің өзінде күйініп кетіп, ыза боп кетіп, оқиғадағы басты кейіпкер сол сияқты алға түсіп кетіп, өзін-өзі ауыздықтай алмай қалып, беріле ойнайды. Көрерменнің есінде болса, Төлеген әкесінің рұқсатын ала алмай, Базарбай бата бермей қойған кездегі Шегені Әнуар соншалықты ғажап сомдайды. Оның артист екенін ұмытып кетесің. Шеге боп халықтың атынан, жыршының, ақынның атынан күйінесің. Себебі бұл жерде Шеге мыңдаған көрерменнің өкіліне айналады.
Тілектес МЕЙРАМОВ, актер:
Құпиясын таба алмадық
– Азаматтығы, адамгершілігі өте жоғары-тұғын. Ағамның тал бойынан бір мін көргім келмейтін, көрмедім де. Қонаққа барғанда өзгелер төрге ұмтылып жатса, ағамыз біздің ортамызға келіп жайғасатын. «Осы қазір менің асқазаным не ойлап отыр екен? Мына қазы-қартаны көріп, «ең құрығанда, райком болды ғой» деп ойлайтын шығар» дейтін қалжыңдап. Әзербайжан ағаның бірде-бір спектаклі Әнуар ағасыз өткен емес. Қандай рөлді өзіне жүктеп алса да, әлгі кейіпкерді сомдауға бар ынта-ықыласымен кірісіп, барынша түрлендіретін. Таңертеңгі тоғыздан кешке дейін театрдан шықпаушы еді. Баян жеңешем тамағын осында әкелетін. Асқар Тоқпанов ағамыздың «Сахнаның құлы да, құдайы да – актер» деген сөзі бар емес пе?!
Меніңше, Әнуар ағам – тап сондай адам. Кейіпкерді сомдағанда соншалықты еркін ойнайтын актердің сахнадан тыс уақыттағы түрінен бір қорғансыздық байқалатын. Өмірде біртүрлі тежегіш болған сияқты. Әлде өз талантынан өзі қысылды ма екен? Әйтеуір, бір құпиясы болды. Оны өзі де айтқан жоқ, біз де таба алмадық. Өмірдегі өз бағасын білмей кетті ме екен?..
Құман ТАСТАНБЕКОВ, актер:
Меруерт екеуміздің үйленуімізге Әнекең себепші болды
– Жақын дос болуымыз «Қыз Жібек» фильмінің түсірілімінен басталды. Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнекең, мен – бәріміз бір бөлмеде жаттық. Ағам жоқ жерден бір нәрсе тауып күлдіріп, көңілдендіріп отыратын. Ол кезде мен бойдақпын. Маған: «Төлеген-ау, сенің үйленуің керек», – деп әзілдейтін. «Кімге?» дегенімше болмай, «Оу, Қыз Жібек ше? Біз сені не үшін Төлеген деп жүрміз?» дейтін. Мен күліп қана қоятынмын, ал 10-сыныпты енді ғана бітірген Меруерт қысылып, қызарақтап қалатын. Әнекең онысымен қоймай, «Ау, Төлеген! Мен Шегемін ғой! Мен өмірде де сендердің қамдарыңды ойлауым керек!» дейтін... Ағаның сөзі шындыққа айналып, Меруерт екеуміз шаңырақ көтергенде үйлену тойымызға «Қыз Жібек» фильміне түскен актерлер қатысты. Бас кейіпкерлердің рөлін орындаушылар: Асанәлі Әшімов – Бекежан, Ыдырыс Ноғайбаев – Қаршыға, Фарида Шәріпова – жеңгесі Кербез, Гүлфайрус Исмайлова – Жібектің анасы, Әнекең – Шеге рөліндегі костюмдерімен келген-ді. Тойымыз керемет думанды өткен...
(Естеліктер «Әнуар Молдабеков» атты кітаптан ықшамдалып алынды)