Адамның қандай азамат болып қалыптасуында ұстаз еңбегінің алар орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Қоғам алдындағы жауапкершілігі мен қиындығы мол мамандықты таңдап, еліміздің болашағы жолында өмірін арнап, ардың ісін арқалап жүрген жандар қаншама! Сондай қадірлі де қадірменді жанның бірі – ақын, ұстаз, еңбек ардагері, ҚР халыққа білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жаркент ауданының құрметті азаматы, «Балдәурен», «Белжайлау», «Орбұлақ», «Елім дарқан, жерім бай» атты кітаптардың авторы Әдепхан ТӨРЕХАНҰЛЫ. Ұстаздық тәжірибесі, білімі мен біліктілігі мол, өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Әдекеңдi бiлетiн жандар ол кісінің оқытушылық жолындағы қабілет-қарымын аңыз қылып айтады. Бүгінде желкенді жетпіске келіп отырған қазыналы қариямен жолығып, оқу-тәрбие саласына байланысты ой-пікірін біліп, әңгіме өрбіткен едік.
Әдепхан Төреханұлы, ардагер ұстаз:
– Әдеке, өмір бойы ұрпақ тәрбиесімен айналысып, оқу-білім саласында елеулі еңбек еттіңіз. Ұстаздық жолында түйгеніңіз де мол. Жалпы, ауыл мектептеріндегі қазіргі оқыту мен тәрбие жүйесіне көзқарасыңыз қандай?
– Құдайға шүкір, қазiр оқу-тәрбие жұмыстарына көптеген реформалар жасалып, жыл сайын жақсысы мен жаманы сұрыпталып, реттеліп келе жатыр деп ойлаймын. Дегенмен қазіргі жағдайда ауыл мектептеріндегі оқу-ағарту саласының кемшін тұстары көп-ақ. Біріншіден, заман талабына сай жасақталмаған мектептер қаншама! Кей мектептерде оқулықтың да жетіспей жатқанын байқап қаламыз. Соңғы технологиялардың өзі ауыл мектептеріне енді-енді ғана жетіп жатыр. Соның бәрі ауыл баласының заман талабына сай білім алуына кедергі келтіріп жатқаны сөзсіз. Соған қарамастан, шәкірттерін замана көшіне ілестіріп тәрбиелеп келе жатқан мұғалімдердің еңбегі шексіз. Әрине, бәрі бірдей емес...
«Ауыл мектептеріндегі білім төмен немесе қазақ мектептеріндегі білім сапасы орыс мектептеріне қарағанда нашар деген жаңсақ пікірлерді естігенде, еріксіз қынжыласың. Өйткені бір мектептің кінәсін барлық мектепке немесе бір мұғалімнің кінәсін барлық ұстазға телуге болмайды ғой. Сол бірен-саран ауызекі айтылған жаңсақ пікірдің өзі қоғамдық пікір қалыптастыруға себеп болуы мүмкін.
– Мұғалім беделінің түсіп кетуі жөнінде мамандар да, көпшілік қауым да әртүрлі пікірлер айтып жүр. Кейбіреулер мұғалімнің өзін кінәласа, енді бірі қазіргі қоғамдағы жағдайды кінәлайды. Сіз қалай ойлайсыз?
– Қазір біз ұстаз беделін түсіріп алдық. Ол қоғам үшін, болашақ үшін өте қауіпті. Өйткені адамды қалыптастыратын – ұстаз, олардың еңбегі сол мезетте көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ адам өмірінде кеткен қателік немесе жеткен жетістіктің барлығы ұстаз еңбегіне тікелей байланысты. Сондықтан қоғамдағы ұстаз беделін көтеру – кезек күттірмейтін мәселе, мұғалімдік мамандықты жай нәрсе деп қарасақ, болашағымыз бүлінуі мүмкін. Мектеп оқушысы үшін оқытушы тұлға болуы керек. Әйтпесе өзі құрмет тұтпайтын ұстаздан бала қандай тәлім-тәрбие алып шығады? Тіпті оның сөзін, берген тәрбиесін елемей, оқығысы келмеуі де мүмкін. Ал өзі құрмет тұтқан адамның оқытқан ілімі, берген тәрбиесі бала көкірегінде мәңгі жатталып қалары сөзсіз.
Біріншіден, ұстаз беделін көтеру үшін мұғалімдер арасын ол мамандыққа кездейсоқ, амалсыз келген, шала сауатты адамдардан тазалап, мұғалімдік жұмысқа қабылдаудың белгілі бір тәртібі мен шарттарын қалыптастыру керек. Жыл сайын тексеру жұмыстары жүргізіліп, сұрыпталудан өтіп отырса да, артық емес. Екінші мәселе, осындай тексерулерден кейін машақаты мен қиындығы көп мамандық иесіне жағдай жасалуы керек. Санасын тұрмыс билеген маман өз мүмкіндігін ашып көрсетіп, алаңсыз жұмыс істей алмайтыны белгілі емес пе?! Сондықтан мұғалімдерге көптеген жеңілдіктер жасалып, жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәселелері дұрыс шешілсе деп ойлаймын. Сонда ғана ұстаз еңбегі өз жемісін берері сөзсіз.
– Осы салада еңбек етіп жүрген жас мамандарға қандай талап қойылып, қандай ерекшеліктері мен қарым-қабілеті ескерілуі керек?
– Ұстаздық деген – аса үлкен дарын мен қабілетті талап ететін мамандық. Өйткені әрбір бала – әртүрлі жаратылыс пен болмыс, әртүрлі тағдыр, ал ұстаз сол балалардың жан дүниесін терең түсінетін, баланың ерекшелігін, қарым-қабілетін, қызығушылығын танитын, соған лайықтап жұмыс істейтін маман болуы шарт. Біз қазір ұстаз атаулының қоғамдағы бет-беделін түсіріп алғандықтан, сондай ерекше қабілеті бар дарынды жастарды бұл салаға тарта алмай жүрміз.
Әрбiр мұғалім – шығармашылық адамы, өйткені оның алдында өмір тұр, болашақ тұр, жауапкершілік тұр. «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен, оның мұғалімдігі де жойылады», – деп ғылыми педагогиканың негізін салушы К.Д.Ушинский айтқандай, оқытушы өмір бойы ізденіс үстінде болғаны жөн. Баланың жақсы немесе жаман адам етіп қалыптасуында ұстаздың ықпалы өте зор. Сондықтан педагог-психолог ғалымдар айтып жүрген мына пікірді айтпай өтсек болмас. «Ұстазға қажетті 50-ден астам қабілет-қарым болады екен. Олар: әдептілік, ойлампаздық, талғампаздық, әсерленгіштік, көрегендік, ықпалдастық, төзімділік, өзін-өзі ұстау, мінез-құлық биязылығы, ізденгіштік, еңбекқорлық, азаматтық, адамгершілік, іскерлік, тәртіптілік, мейірімділік, рақымдылық, адалдық, ақниеттілік, тілектестік, идеяға сенімділік, ынталылық, шыншылдық, ұжымшылдық, сыншылдық, қисындылық, балаларға деген сүйіспеншілік, байқағыштық, ілтипаттылық, табандылық, жауапкершілік, жайдарылық, ашықтық, қарапайымдық, әділдік, тапқырлық, батылдық, ұқыптылық, сыпайылық, сезімталдық және тағы басқалар».
Бала мектеп қабырғасында жүріп-ақ, ертең өзінің кім болатынын, қандай мамандық иесі атанатынын жоспарлап, алдына мақсат қойып, сол арманның жетегінде болашаққа қадам басуы керек. Ал бізде қалай? Өзіне лайық мамандық таңдай алмай, әйтеуір, реті келген оқу орнына түсіп, өмір бойы өзінің Құдай берген қарым-қабілетін толық аша алмай, адасып жүргендер қаншама! Ол кімнің кінәсі? Ол – бала тәрбиесімен дұрыс айналыспаған ата-ана мен мұғалімнің кінәсі.
– Қазір мектеп формасы жөнінде де әртүрлі пікір айтылып жүр. Бірі «әр мектептің өз формасы болып, сол формадан оқушының қай мектепте оқитыны білініп тұруы керек» десе, енді бірі «мектеп формасының түр-түсі, сапасы ұнамайды, сондықтан оқушы кигісі келмейді» деп есептейді. Осы мәселеге қалай қарайсыз?
– «Баланы жастан ...» деген дана халқымыз. Дұрыс тәлім-тәрбие көрген баланың өмір жолы дұрыс қалыптасары сөзсіз. Кез келген жақсы нәрсе бірінші тәртіптен басталады. Сондықтан ала-құла емес, бiрыңғай киiм кию – тәртіптің белгісі. Тәрбиенің барлық негізі ұлттық ерекшелікпен жүргізілуі керек. Ұлттық болмыс-бітім жойылып кетпес үшін. Оқушылардың қазіргі формасынан ұлттық нышан байқай алмайсың. Мектеп формасын жасап бекітерде осы жағы ескерілмей қалып жатыр. Біз ұлттық ерекшеліктерімізді ғасырлар қойнауына қалдырып, мүлдем басқа ұлт болып қалыптасып бара жатқандай әсерде қаласың. Қазақтың ою-өрнегін оқушы формасының жеңіне немесе жағасына жарасымды етіп, әшекеймен үйлесімділікпен келтірсе, қандай ғажап болар еді! Әйтпесе киген киімі, ұстаған сөмкесі, қолданатын қағаз-қарындаштарына дейін шетелдікі. Сонда біз оларға қазақтың болмыс- бiтімін қалай сіңірмекпіз? Егер бала тұтынатын заттың барлығынан қазақы иіс аңқып тұрар болса, ұрпақ бойында ұлтына деген сүйіспеншілік мәңгі қалып қояр еді.
Мен кейде кәріс, түрік сериалдарына үңіліп, олардың ұлттық қасиеттеріне ерекше таңданып, сүйсініп отырған ұрпағымызды көргенде жаным ашиды. Өйткені оларға қазір өз салт-дәстүрімізден гөрі, түрік пен кәрістің дәстүрі таныс. Ал, шынтуайтына келгенде, біздің ғасырлар бойы тіршілігіміздің түп қазығына айналған салт-дәстүріміз олардікінен де терең, мағыналы еді ғой. Біз соны ұрпақ бойына сіңіріп кетпесек, болашағымыз үшін қауіпті.
Жастарды ұстаздыққа тарта алмай жүрміз
Последние статьи автора