Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты Алматыдағы дарынды балаларға арналған №165 мамандандырылған мектеп-лицейінде сегізінші-тоғызыншы сынып оқушылары арасында халықаралық математика олимпиадасы болып өтті. Оған республикамыздың Батысы-Шығысы, Оңтүстігі мен Солтүстігіндегі үздік мектептердің оқушылары мен көрші қырғыз елінің алдыңғы қатарлы оқу ошақтарының жас шәкірттері қатысты.
Халықаралық олимпиаданы өткізудегі негізгі мақсат – математиканы көпшілікке тарату, қатысушылардың танымдық, шығармашылық өрісін дамыту, талантты балаларды табу, сыныптан тыс жұмыстарды қарқындату.
Ербол СЕЙІТҰЛЫ, Алматы қалалық дарынды балаларға арналған №165 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры:
– Бұл халықаралық олимпиада Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналып отыр. Өйткені біздің мектеп-лицейіміз де 1991 жылы ашылған. Яғни бұл оқу ошағы – Тәуелсіздігіміздің құрдасы. Осы екі 20 жылдық мерекенің қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші елдің үздік мектеп оқушылары арасында халықаралық олимпиада өткізіп отырмыз. Оны сегізінші-тоғызыншы сынып оқушылары арасында өткізуіміздегі басты себеп, жалпы республикалық, халықаралық дәрежедегі мұндай жарыстар тек 10-11 сынып оқушылары аралығында ғана өтетін. Ал 8-9 сыныптар онша қамтылмайтын еді. Осыны ескеріп, біз бұл шараны 8-9 сынып оқушылары арасында ұйымдастырдық.
Жалпы үш күнге созылған бұл жарыстың бірінші күні балалар өздеріне тиесілі есепті шығарып болғаннан кейін, олимпиаданы ұйымдастырушылар қатысушы барлық балаларды автобусқа отырғызып, Медеу, Көктөбе секілді Алматының көрікті жерлерін аралатып, суретке түсіріп, қыдыртты.
Екінші күні аталмыш мектептің акт залында жан-жақтан келген мұғалімдер мен олимпиадаға қатысушы оқушылар бірігіп, дөңгелек үстел өткізді. Онда әр мектеп қалай жұмыс істейді, аймақтарда білім беру ісі қалай жүргізіледі, жалпы оқушылардың білімін қайтсек тиімді етеміз деген тақырыпта өзекті мәселелер көтерілді.
Үшінші күні жарыстың қорытындысы шығып, жеңімпаз командалар анықталды. Ол бойынша, командалық есепте бас жүлдені Тараз қаласының Дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушылары жеңіп алды. Оларға Тәуелсіздік монументі мүсінінің алтын жалатылған кішірейтілген нұсқасы сыйға тартылды. Бірінші орынды Алматы қаласының №134 мектеп-лицейі иеленді. Олар да Тәуелсіздік монументінің бронзадан құйылған кішірейтілген көшірмесін алды. Екінші орынды Алматыдағы №165 мектеп лицейі мен О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының оқушылары бөлісті. Оларға қазақ елінің мақтанып көрсететін – Алтын адамының кішірейтілген көшірмесі табыс етілді. Ал үшінші орынды Павлодар қаласының №8 мектеп-лицейі, Талдықорған қаласының Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі және Алматыдағы №173 мектеп-лицейлері өзара бөлісті. Олар бұл шара ірі мегаполисте өткендіктен, Алматының символы – алма бейнеленген мүсінді иеленді.
Жеке сында төрт бірінші орын алған оқушының мойындарына жібек бауға тағылған алтын медаль ілінді. Сондай-ақ цифрлық фотоаппараттар табыс етілді. Екінші орын алған сегіз оқушы күміс медальға қол жеткізіп, «Nokia» ұялы телефондарын иеленді. Үшінші орында қола медальды иеленген 12 оқушыға DVD плеерлер берілді. Оның сыртында олимпиадаға қатысқан алты оқушының әрқайсысына ынталандыру грамотасы тапсырылды.
Саят АҒЫБАЕВ, Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары:
– Мұндай ірі олимпиаданың Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №165 мектеп-лицейінде өтуі – бұл мектептің білім саласындағы деңгейін көрсетіп отыр деуге болады. Бұл оқу ошағы Бостандық ауданына ғана емес, Алматы қаласына, республикаға танымал мектеп. Тіпті республикадағы үздік 100 мектептің бірі. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған халықаралық олимпиадаға жан-жақтан сайдың тасындай жігіттер қатысып, өздерінің бақтарын сынады. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» озып шықты. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, бұл жерде бастысы орын алу емес, осындай халықаралық олимпиадаға қатысудың өзі – үлкен жетістік. Сондықтан осы оқушыларды оқытып, тәрбиелеп, осындай жетістікке жеткізген ұстаздар қауымына алғысым шексіз. Бұл олимпиада балалардың білімін шыңдауға, ақпарат алмасуына мол мүмкіндік берді. Сондықтан бұл жерде жеңіске жеткен ең бірінші – достық пейіл. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылар бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасып, достасып қалды. Ең маңыздысы – осы.
Данияр КАМАЛ, Тараз қалалық Дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушысы, халықаралық олимпиаданың алтын жүлде иегері:
– Мен есеп шығаруды ұнатамын. Өскенде банкир болғым келеді. Мен үшін математика – ғылымдардың негізі. Барлық қаржы институттары тәуекелдерді басқару үшін статистика мен математикалық модельдерге сүйенеді. Мектепті бітірген соң, Назарбаев атындағы университетте білімімді шыңдағым келеді. Алған білімім мен тәжірибемді елімнің дамуына жұмсаймын.
Жарыс соңы мектеп оқушыларының ұйымдастырған мерекелік концертіне ұласты.
Жас математиктер бақ сынады
Последние статьи автора