Жарты ғасырлық тарихы бар шежірелі мекен

Жарты ғасырлық тарихы бар шежірелі мекен

Биылғы қыркүйектің соңында М.Әуезовтің мемор­иалдық музей-үйі өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтеді. Әдеби-мемориал­дық музей өткен ғасырдың 1963 жылы өзінің алғашқы келуші­леріне есігін айқара ашқан болатын. Содан бері мәдени-ағарту мекемесі ретінде халыққа қызмет көрсетіп келеді. Ашылған күннен бастап мұнда келуші­лер саны толастап көрген емес.
Музейде, негізінен, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің төл бұйымдары, жұмыс кабинеті, қолжазба қоры, бай кітапханасы сол қал­пында сақталған. Көрерменді қы­зықтыра­тын құнды жәдігер­лер музейде көптеп саналады. Соның ішін­де жазушы­ның жұ­мыс бөлмесіндегі жазу үстеліндегі қолжаз­балар, сурет картина­ла­ры, шетел­дік қызық­ты да құнды экспонат­тар қалам­гердің өмір жолынан сыр шер­теді.
Музейге келушілер арасында әдебиетті сүйер қарапайым оқырманнан бастап мектеп оқушылары, студенттер, мемлекет, партия, мәдениет қайраткерлері, белгілі жазушылар, шетелден келген қонақтар, әртүрлі кәсіп иелері кездеседі. Олар қал­дыр­ған әр тілдегі қолтаңбалар қаламгерге деген ізгі ниетті, халқымыздың өнері мен тарихына үлкен қызығушылықты байқа­тады. 
М.Әуезовтің Алматыға алғаш келуі, онымен тығыз байланысты өмірі 1927-30 жылдардан басталады. 1933-38 жылдары жазушы осында, қазіргі С.Сейфуллин көшесіндегі 136 үйде, 1938-51 жылдары (қазіргі Қабанбай батыр) Калинин көше­сіндегі 33-үйде тұрған. Осы кезеңде ол тұрмысқа жайлы, жұмыс істеуге қолайлы, бақшасы бар жеке үй тұрғызуды ойлаған. Алайда оның сәті тек 1949 жылы түседі. Көп ұзамай жазушы Абай көшесінде (қазіргі М.Төлебаев көшесі) тұрған кішкене үйді сатып алады. Болашақ үйінің жоспа­рын Г.Г. Герасимовке жасатып, белгілі ше­бер­ге өзі де бірнеше сызбасын ұсынады. Сөйтіп, болашақ үйінің жобасын шебермен бірге жасайды. Үйдің құрылысы 1950 жыл­дың мамыр айында басталып, бір жыл­ға жуық жүргізілді. Екі қабатты бұл жаңа үй қалам­гердің өз қаражатына салынды.       
Тұруға жайлы кең де жаңа үйдің құры­лысы 1951 жылы аяқталып, жаз айының аяқ кезінде жазушы өзінің отбасымен осында көшіп келді. Сөйтіп, «Абай жолы» романының соңғы кітаптары, «Өскен өр­кен» романдарымен бірге әдебиет тари­хынан жазған көптеген ғылыми мақала­лары, зерттеулері осында жазылды.
Бір кездері жазушы тұрған осы құтты мекенде қазір елімізге белгілі іргелі мәде­ниет орны «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы қызмет етуде. М.Әуезовтің өмір тарихы мен шығармашылық жолы қанша­лықты қызықты оқиғаларға бай болса, оның мемориалдық үйі де – көрерменге мол азық болатындай сырға толы таусыл­май­тын шежірелі мекен. Сол кездегі Үкімет қаулысымен жазушының тұрған үйінде музей ұйымдастыру туралы шешім шығары­лып, отбасы мүшелері 1961 жылы басқа мекенжайға көшірілді. Үйдің ішкі қалпын бұрынғы жазушы бар кездегі күйге келтіріп, өзгеріп кеткен кейбір тұстар көр­ген адам­дар­дың айтуы бойынша қайтадан қалпына келтірілді.
Музейдің ашылуы мен оның қызметінің ойдағыдай жолға қойылуына сол кездегі Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев та көңіл бөлді. Музей ашылар алдында ол жұмыс барысымен танысып, өзінің пікірлерін айтып, кеңес берді. Музей қызметіне жетекшілік ету Ләйлә Әуезоваға тапсырылды. Ләйлә Мұхтарқызы бұл қызметті 30 жылға (1963-93) жуық атқар­ды. Алғаш құрылғанда музей қызметкер­лерінің саны мен құрамы да шағын еді. Осы жерде ең алғаш қызметін бастаған адам­дар­дың көбі жылдар өте елімізге таны­мал болып, құрметке бөленді. Олар­дың алғаш­қы­лары әдебиет сыншысы, ғалым Баламер Сахариев, жазушының досы, әйгілі актер Қалибек Қуанышбаевтың баласы Әндібек Қуанышбаев, сыншы-ғалым Мұратбек Бөжеев, Серке Қожамқұ­ловтың қызы Римма Қожамқұлова сияқты тұлғалар еді.
Бұдан кейінгі жылдарда да музей қыз­ме­тінің мәдени-ағарту қызметімен қоса, екінші ғылыми жағына баса көңіл бөлінді. Мұндағы ғылыми қызметкерлер М.Әуе­зовтің шығар­малар жинағын баспаға әзір­леп, ғылыми түсініктемелер берді, қолжаз­баларды жи­нақ­тау мен зерттеу жұ­мыс­та­рына  араласты.
Еліміздің Тәуелсіздік алуымен бірге М.Әуезовтің шығармашылығын зерттеу жаңаша өріс алды. Бұрын белгісіз болып келген көптеген дерек анықталды. Жаңа өзгерістер музей қызметіне де өзінің өзге­рістерін әкелді. 1994-97 жылдары музей ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан көрме залы салынды. Онда М.Әуезов өмірінің балалық кезінен бастап барлық кезеңдерін қамтитын құжаттар мен қызықты экспонаттар, қаламгердің жеке бұйымдары мен алған наградалары, кітаптарының 150-ден астам тіліне ауда­рыл­ған мұқабалары көрсетіліп қойылды. М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде өткізу жөніндегі ЮНЕСКО-ның шешіміне сәйкес даярлық жұмыстары қызу жүргізілді.
Осы оқиғаға сәйкес, мемориалдық музей күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа уақыттың талаптарымен қайта жабдық­та­лып өзгертілді. Жаңа көрме залының ашы­лу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев келіп, жиында қазіргі әдебиетіміз бен мәдение­тіміздің жай-жапсары туралы сөз сөйледі. «Құрметті келушілер» кітабына еліміздің Президенті өзінің пікірін жазып қалдырды.
1997 жылдан бастап М.Әуезовтің 50 томдық толық шығармаларының жинағы әзірленіп баспадан шығарыла бастады. Музей мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қызметкерлерінің атқаруымен 2011 жылы жазушының ака­демиялық толық жинағын басып шығару аяқталып, музейде бұл оқиға еліміздегі болған ірі мәдени шара ретінде аталып өтті. М.Әуезов мұражайы жазушының өмірі мен қызметін зерттеуге арналған іргелі мекеме болып алғашқы кезден-ақ М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлімі ретінде қызмет істеп келеді. Мұнда қазір жазушының шығарма­шылық өмірбаяны жөнінде зерттеу жүргі­зіліп, ескі қолжазбалары бейнетаспа­ларға түсіріліп, жаңа сипатты техникалық жағ­дай­ға көшіріле бастаған.
Таяуда мемориалдық музей тарихын баяндайтын сурет альбомы баспадан шықпақ.
Биылғы мерейтойға сәйкес жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін, қараша айынан бастап М.Әуезовтің мемориалдық музей-үйі өзінің келушілерін қабылдай бастайды.
Келіс РАХЫМЖАНОВ, М.Әуезов музейінің аға ғылыми қызметкері

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста