Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы мен халықаралық «Жанашыр» қайырымдылық қоғамдық қорының қолдауымен қазақ прозасының көрнекті өкілі, жазушы Жақсылық Сәмитұлының 70 жылдығына арналған еске алу кеші болып өтті. Қазақстан Жазушылар одағында өткен еске алу кешіне жазушының қаламдас достары, туыстары жиналды.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Берік Шаханов: «Жақаң шын мәнінде үлкен қаламгер еді. Тағдырының көбісі шетелде өткен, басынан талай тауқымет тартқан азамат. Қазақ әдебиетіне онға тарта повесть, отызға тарта әңгіме, очерк және мақалалар жазған жазушы еді» деп қаламдас досын еске алды. Жақсылық Сәмитұлының жұбайы Мәкила Солтайқызы да аяулысымен өткен 34 жылын бақытты жылдарым деп есептейді. Жақаңның өмірдегі әділеттілігі мен біреудің көңіліне қаяу салмай өткен тұстары, ешкімге жамандық ойлап, ешкімді ренжітпейтін мінезін жұбайы жоғары бағалайды. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов : «Жақсылық Сәмитұлы – қазақ көркем сөзінде өзіндік орны бар үлкен суреткер. Ол әдебиетке өз тақырыбымен келді де, сол әлемді жеріне жеткізе жазып кетті. Шығармаларымен бірге жасайтын жазушының екінші өмірі оның пенделік ғұмырынан әлдеқайда ұзақ» деп қаламдас досын есіне алды. Жазушының 70 жасқа толуына орай, халықаралық «Жанашыр» қайырымдылық қоғамдық қоры «Сөзі жеткен Алашқа» атты Жақсылық Сәмитұлы туралы естеліктер кітабының да тұсаукесерін өткізді. Кітапта Жақаңмен көп жылдар қызметтес, әріптес, сапарлас болған қаламдастар, өмірдегі достары мен ізінен ерген іні, қарындастарының жазушының адамгершілік қасиеттері мен шығармашылық дарынын сөз етеді.
Жаңыл ӘПЕТОВА, Халықаралық «Жанашыр» қайырымдылық қорының төрайымы:
– «Жанашыр» қоры 1997 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы қордың негізін салған Жақсылық Сәмитұлы болады. Қытай елінен келген оралман жазушылар Жақсылық Сәмитұлы және Ғалым Қалибекұлы бір тудың астына жиналып бір-бірімізге көмек көрсетейік деген мақсатпен осы қорды ашқан болатын. 2000 жылдан бастап «Жанашыр» қорына еларалық «Шалқар» газетін тіркеп, осы қордың аясында шығарып келеміз. Жақаң екі жыл бұрын дүниеден өтті. Биылғы 70 жылдығы ескерусіз қалмасын деген мақсатпен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасымен біріге отырып, жазушыны еске алу кешін ұйымдастыруды ұйғардық.